Жаңалықтар

Жаһандық дінаралық диалог – заманауи әлемдік тәртіп тепе-теңдігін іздеу жолы

Бөлісу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады» деген болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі империялардың отарлық саясаты тоқырап, олардың үстемдігімен құрылған әлем жүйесі ыдырады. Әлем елдерінің көбі егемендікке қол жеткізіп, өз алдарына жеке саясат жүргізе бастады. Отарлық империялар үстем болған жүйенің орнына бір тараптан капиталистік АҚШ бастаған НАТО, екінші тараптан социалистік КСРО бастаған Варшава келісім ұйымы үстемдік қылған екі блок арасында бөлінген әлем пайда болды. Бірақ жаңа орнаған тәртіп жаһанда ұзақ уақытқа созылған бейбітшілік пен келісім орната алмады. Өміршеңдігі ширек ғасырға созылған бұл жүйе 1980-жылдардан бастап іргетасы сөгіліп, жаңа туындаған қақтығыстарды шешуге шамасы жетпей қалды. ХХ ғасырдың соңында социалистік блоктың ыдырауымен бұл жүйе тарих тереңдеріне кетті. Кейінгі жылдары аталған жүйені алмастыратын жаңа жүйеге деген сұраныс туындады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында басталған тағы бір өзгеріс – әлемде ұйықтап жатқан ірі өркениет орталықтарының қайта оянып, жаһандық үлкен саясат сахнасына оралуы болды. Бұл екі өркениет Шығыс Азияда – Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азияда – Үндістан елдері еді. Үндістан да, Қытай да 1960-1970 жылдардан бастап қарқынды жаңадан қалыптасу және қайта құру кезеңіне кірді. Қытай дамуы барысында экономика мен халықтың әл-ауқатын жақсартуды басты назарға алса, Үндістан демократияның құралдарын қолдана отырып ішкі саяси келіспеушіліктерді шешу және көптүрлілікті бір арада ұстау арқылы ұлттық мемлекет құруға кірісті. Екі елдегі саясат та жетістікке жетті десек болады. Өйткені, 1980-1990 жылдарға келгенде Қытай экономикасы қарқынды дамыған, ал Үндістан баяу қарқынмен болса да өңірдегі беделді ойыншы және ірі державаға айналды.

Еуропаның бұрынғы ірі державаларының саяси-экономикалық ықпалы төмендеп, күш орталықтары Шығысқа ауа бастағанда өркениеттер тарихында өз орны бар Ислам мәдениеті ішкі әскери және саяси жанжалдардың әсерінен күйзеліс аймағына айналды. Араб елдерінің Израильмен қақтығысы, Иран, Ирак, Кувейттегі соғыстар, Ауғанстанда еш тоқтамаған қақтығыс бұл өркениеттің ішкі мәселелерінің ушығып тұрғандығын көрсетті.

ХХ ғасырдың екінші жартысында орын алған бұл қақтығыстар тек өңірдің ішінде қалмай, ХХІ ғасырдың басында жаһанға ақтарылды. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде ультрарадикалды лаңкестік «Әл-Қағида» ұйымының содырлары Нью-Йорк қаласындағы Дүниежүзілік сауда үйіне мыңдаған адамның өмірін қиған террорлық акт ұйымдастырды. Бұл шабуыл әлем жұртшылығының қауіпсіздік тақырыбындағы терең алаңдатушылығын тудырды.

Нью-Йоркте орын алған террорлық акт ХХ ғасырдың соңында айтыла бастаған өркениеттер қақтығысының бір тұжырым деңгейінде қалмағандығын, оның шынайылыққа айналғандығын және ғаламның жаңа қақтығыстар дәуіріне кіргендігін көрсетті. Нью-Йорктегі жағдайлардан бір апта өткен соң елімізге Рим Папасы Иоанн Павел II-нің ресми іссапары жүзеге асты. Бұл іссапар барысында Папа орын алған шабуылды айыптап, ғалам жұртшылығын бейбітшілікке шақырды. Папаның іссапары барысында сол кездегі еліміздің басшылығы дінаралық және конфессияаралық тепе-теңдікті іздеу мақсатында баламасы жоқ жаңа диалог алаңын құру идеясын көтерді. Бұл бастама өркениеттер қақтығысы дәуіріне кірген әлемде жаңа туындаған мәселелерді шешудің тың жолдарын ұсынатын диалог алаңы ретінде ойластырылды.

Әлемдік тәртіптің жаңа тепе-теңдігін іздеуде жаһандық дінаралық және конфессияаралық диалог алаңын қалыптастыру идеясының қазақ даласында көтерілуі кездейсоқтық емес еді. Тарих тереңіне көз жүгіртсек, маңызды сауда дәліздерінің үстінде орналасқан қазақ даласы түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің тоғысатын кеңістік болғандығын көреміз. Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан осы бір кең байтақ жер (әсіресе, оның Түркістан өңірі) орта ғасырларда Ислам өркениетінің ғылымы мен білімі, экономикасы мен технологиясы қарыштап дамыған, оның алтын ғасырына куәгер болған кеңістік еді. Дәл сол секілді, қазақ даласы мыңдаған жылдық тарихында солтүстігінде – Жерорта теңізі және Еуропа, шығысында – Қытай, оңтүстігінде – Үндістан өркениет кеңістігімен аралас-құралас жатты. Бұл қазақ мәдени кеңістігінің өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Біріншіден, бұл мәдени кеңістік өркениеттер мен мәдениеттердің алмасуы кезеңдерінде олардың озық мәдени өнімдерін өзінің болмысына сіңіріп отырды. Екіншіден, қандай мәдениет пен дін келсе де, олар бұл далада бейбіт қатар өмір сүрді. Осы себепті, қазақ даласының геосаяси және логистикалық маңыздылығына қарамастан бұл кеңістікте тарих жазыла бастаған кезеңнен ірі қанды соғыстардың орын алмағандығын байқаймыз. Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары бұл ерекшелік әлемнің ірі державаларының күштерін тепе-теңдікте ұстау мақсатында туған көпвекторлы саясатта, кейінірек, аталған Нью-Йоркте орын алған террорлық актіден кейін Астанада діндер мен конфессияларды бір араға жинап, диалогқа шақыратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алаңының құрылуында көрініс тапты.

ХХІ ғасырдың басында еліміздің басшылығы ұсынған жаһандық диалогта дін лидерлерінің мүмкіндіктерін қолдану бірегей идея еді. Өйткені, ірі өркениеттер мен мәдениеттердің іргетасында оның рухани мәйегі және өзегі болып табылатын әлемдік және дәстүрлі діндердің ілімдері жатқандығы белгілі. Өз кезегінде, дін сол қауымның мәдени болмысына да әсер етеді. Әлемдік және дәстүрлі діндерддің ілімдерінде өркениеттер мен мәдениеттердің қиын-қыстау кезеңдерінде сол кеңістікті біріктіре алатын ерекшелік, терең күйзеліс ғасырларында өміршеңдік үшін рухани тірек болатын қауқар, сондай-ақ, бірлікке талпыныс, бейбітшілікті насихаттау арқылы келісімге келу, әділеттілікке сену мен мазлұмды қорғау және осының барлығының жиынтығы ретінде терең адамсүйгіштік құндылықтар жатыр. Тиісінше, бір диалог алаңында осы ерекшеліктерді насихаттау, оны тілге тиек ету және жүзеге асырудың тетіктерін іздеу – бұл бір-бірін танудың және келісімге келудің ең жақсы стратегиясы екендігі сөзсіз. Халықтың 85 пайызы өзін қандай да бір діннің ерушісі деп танитын бүгінгі әлемде бұл жағдай шынайы маңызға ие.

Бүгін Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің елімізге іссапары барысында көтерілген және еліміздің бастамасымен шынайылыққа айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі әлемде орнаған хаос пен өзара сенімсіздікті сейілту және бейбітшілік пен келісімді орнатуда тың идеялар айтылатын алаңға айналды. 2003 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан Съезге әлемнің ең ірі дін лидерлері мен беделді саяси көшбасшылары қатысуда. Съездің беделі жыл сайын артып келеді және 2022 жылы өткізілген  VII Съез жұмысына әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация қатысқан болатын.

Сөзсіз, еліміз ұсынып отырған Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің Съезі әлемнің 4 құбыласы саналатын 4 өркениеттің, яғни – кәрі құрлық Еуропа, қарқынды дамып келе жатқан – Қытай, тарихы тереңде жатқан Үндістан, әлі де толқып жатқан Ислам өркениетін, басқа ондаған мәдениеттен және осы өркениеттер мен мәдениеттерге тән әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерін бір алаңға жинап, тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тың идеялар айтылатын заманауи диалог алаңына айналды. Еліміздің бұл бастамасы әлемнің ірі діндері мен конфессиялары үшін де үлгі болды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың жыл өткен сайын маңызы арта бермек.  

Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі

Н.Назарбаев орталығы

Жиынтық-аналитикалық департаментінің

бас сарапшысы Р.Ибраев


https://kazislam.kz/zhahandyq-dinaralyq-dialog-zamanaui-alemdik-tartip-tepe-tengdigin-izdeu-zholy/