Ағымдағы жылдың 7-9 тамыз аралығында Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бойынша Үндістан Республикасына жұмыс сапары өтті.
Мумбай қаласына сапары барысында Сомайя Видявихар университеті мен Назарбаев Орталығы бірлесіп Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің рөлі және оның Декларациясының маңыздылығы туралы халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысына Сомайя Видявихар университетінің ректоры Самир Сомая, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев, ҚР Үндістандағы Елшілігінің Кеңесшісі А. Серікбоссынұлы, Гуджарат штатындағы ҚР құрметті консулы Дилип Чандан, Үндістандағы Бахаи өкілі др. А.К. Мерчант, Казахстандағы Бахаи қоғамдық ақпарат кеңсесінің директоры Л. Янгалиева, Үндістандағы буддизм өкілі Геше Тензин, «Ақшардам» қоғамдық үйлесімділік саласындағы қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Проф. Джайотиндра Мукундрай Даве, Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі проф. Айтен Гахраман, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті Л. Ерекешева және діни бірлестіктер мен ғылыми қауымдастықтардың басқа да өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында дінаралық диалогты одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері, әлемнің тұрақты дамуына қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлінің маңыздылығы, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі идеялары мен оның Декларациясын халықаралық деңгейдегі насихаттау талқыланды.
Орталық Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайтудағы маңызды рөлін, геосаяси белгісіздіктің даму жағдайында VII Съезд Декларациясының тарихи маңыздылығын айқындады. Сонымен қатар, Б. Сәрсенбаев «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі діндер мен ұлттар арасындағы өзара сыйластыққа қол жеткізу бойынша әлемдік қоғамдастықтағы бірегей диалог алаңы болып табылады. Биыл біз оның 20 жылдығын атап өтеміз. Диалог, өзара түсіністік пен құрмет планетадағы барлық мәдени-діни қауымдастықтар мен халықтардың үйлесімділігі мен қауіпсіздігін, әл-ауқаты мен бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін қуатты күш екенін айқын көрсетеді» - деп атап өтті.
Сонымен қатар, Б. Сәрсенбаев ағымдағы жылдың 10-11 қазанында Астана қаласында ҚР Парламенті Сенатының спикері – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы М. Әшімбаевтың төрағалығымен Съездің XXI мерейтойлық Хатшылығы өтетінін хабарлады.
Өз кезегінде, Сомайя Видявихар университетінің ректоры - Самир Сомая «Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысу біз үшін үлкен мәртебе» деп атап өтті. Конференция барысында бүкіл әлемде толеранттылық пен үйлесімділік қағидаттарын ілгерілетуде конфессияаралық диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Самир Сомая «біздің міндетіміз - адамзаттың игілігі үшін әр түрлі дәстүрлеріміздің құндылықтарын сақтау» - деп өз сөзін аяқтады .
Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің кеңесшісі Азат Серікбоссынұлы өз сөзінде «Қазақстанның конфессияаралық келісім мен бірлікті нығайтуға деген ұмтылысы бүкіл әлем үшін жарқын үлгі болып табылады. Қазақстанда 130-дан астам этнос өмір сүріп жатқандықтан, біз тілдерді, мәдениеттерді сақтауға және барлық діндер үшін тең мүмкіндіктерге назар аударамыз. Әлемдік діндерде әмбебап бағдарларды іздеуді қолдауымыз жаһандық диалогқа беретін маңыздылығымызды көрсетеді. Қазақстан әлі де бүкіл әлемдегі өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту идеяларын ілгерілетуде» - деп атап өтті.
Жалпы, іс-шараға қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің әртүрлі діни нанымдар арасында жалпыадамзаттық бағдарларды іздеудегі шешуші рөлін, сондай-ақ рухани көшбасшылардың қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша шешім қабылдауының маңыздылығын талқылады.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Орталық Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев Үндістан діни бірлестіктерінің, атап айтқанда ислам, буддизм, жайнизм және индуизм өкілдерімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларын одан әрі ілгерілету мәселелері бойынша бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.