Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығы БҰҰ Өркениеттер Альянсының IX Жаһандық форумына қатысты

Бөлісу

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі                   Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев пен Басқарма Төрағасының орынбасары М.Қарабаева ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ.Омаров бастаған Қазақстан делегациясы құрамында Марокко Корольдігінің Фес қаласында БҰҰ Өркениеттер Альянсының IX жаһандық форумына қатысты.

Форум БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің төрағалығымен өтті, оған Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары да қатысты.

Ауқымды іс-шараға әлемнің 95 елінен 1000-нан астам делегат қатысты, оның ішінде 44 делегация министрлер деңгейінде ұсынылды.

Өркениеттер Альянсының Достар тобының министрлік кездесуінде сөйлеген сөзінде Қ. Омаров Қазақстанның толерантты қоғам құрудағы бай тәжірибесін, сондай-ақ еліміздегі конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін атап өтті.

Қазақстанның бастамасына - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне, сондай-ақ биыл қыркүйекте Астана қаласында өткен VII Съездің қорытындыларына ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, қазақстандық дипломат халықаралық қоғамдастықтың дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.

Б. Сәрсенбаев бейбіт қатар өмір сүруге және әлеуметтік үйлесімділікке жәрдемдесудегі діни көшбасшылардың рөліне арналған пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Өркениеттер Альянсының жаһандық форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті. «Морокко Корольдігінің ежелгі дәуірден бастап мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы диалог болған жерді таңдауы кездейсоқ емес. Марокко мен Қазақстан марокколық ғалым және саяхатшы Ибн-Батуттың Алтын Ордаға жасаған сапарынан бастау алатын ұзақ тарихи байланыстарға ие. Қазіргі Қазақстан аумағынан өтіп, Ибн-Батута Ұлы Дала, Африка және Шығыс мемлекеттері арасындағы дипломатиялық байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Мароккодан Қытайға дейінгі өркениеттердің Ибн Батута тұлғасына қосылуы бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін тұрақты негізде өткізетін Қазақстан үшін шабыт болып табылады.

Қазақстанда өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі рухани көшбасшылар ынтымақтастығының түбегейлі жаңа жүйесі ретінде халықаралық және діни өзара іс-қимыл тәжірибесін инновациялық идеялармен және жаңа ұсыныстармен байытты деп үміттенемін», - деді Б.Сәрсенбаев.

Форум жұмысы аясында Б. Сәрсенбаев Қазақстан делегациясының құрамында БҰҰ-ның өркениеттер альянсы бойынша Бас хатшысының Жоғары өкілі Мигель Моратиноспен, Мұсылман Ақсақалдар Кеңесінің Бас хатшысы Мохамед Абделсаламмен екіжақты кездесулерге қатысты.

Кездесулер барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы мәселелердің кең ауқымын талқылады.