Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің Съезі – әлемде баламасы жоқ диалог алаңы

Бөлісу

Биыл 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Дәстүрге айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің басты тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» болмақ.

Бұл іс-шараның әлемде баламасы жоқ. Съезд алғашқы жиыннан бастап әлемдік діндер диалогы үшін ең ірі диалогтық алаңға айналуды мақсат етті. Дін әрқашан адамзат өмірінде маңызды рөл атқарушы құбылыс. Егер біз діндер арасындағы диалогты айтатын болсақ, онда Съездің мәні әлдеқайда кең екенін байқаймыз. Себебі, нақ осы діндермен байланысты өркениеттердің, мәдениеттердің, халықтардың диалогы маңызды. Ал өз кезегінде конструктивті диалог қана, заманауи әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің бірден-бір қайнар көзі мен алғышарты екеніне күнделікті куә болып жүрміз.

Діни және рухани құндылықтардың қайта өлшеуші сағатына айналған, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен шақырылды.

Кезінде Нұр-Сұлтан қаласында 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты Съезі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдерінің басын қосты.

Бұл басқосулар халықаралық деңгейде өз бағасын алып, сан алуан конфессиялар мен әлемдік діндер өкілдерінің альтернативті келісім мен диалог алаңына айналды. Керек десеңіз өз уақытында бір келісім үстелі түгілі, бір-бірімен сәлемдесе алмайтын көшбасшы тұлғалардың өзара бейбіт келісулер жүргізуіне себепкер бола алды десек, артық айтпаймыз.

Дінді саяси құрал ретінде пайдалану - халықаралық зорлық-зомбылыққа негізделген діни экстремизм мен терроризмнің өршуіне себеп болып отырғанын және дәстүрлі локалды этникалық, діни құндылықтарға өз залалы мен зиянын тигізіп жатқанын білеміз. 

Діни негіздегі қақтығыстар әлемнің саяси картасында әлі де жойылған жоқ. Кейде басқа динамикаға ие болып, ескі қақтығыстар жаңа географиялық алаңдарға көшіп, жаңа кейіп пен формаларға ие болып жатыр.

Сондықтан, қазір діни фактор тартылған, діни фактор триггер болып табылатын жанжалдар мен қақтығыстарды келісім мен диалог арқылы реттеу аса маңызды болып отыр.

Ал бұл ретте Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін, халықаралық саясаттағы Астана процесі деген атауға ие болған Сирия мәселесі бойынша келіссөздердің ұйымдастырушысы ретіндегі әлеуеті мен тәжірибесі үлкен. Сондай-ақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерінің бастауында тұрғанын, осы диалог алаңының пайда болып, сапалы қызмет етуіне Сенат Төрағасы ретінде де еңбегі сіңгенін ескерер болсақ, дәл қазір әлемдік дипломатия кеңістігіндегі тәжірибесі мен беделі зор Мемлекет Басшысы ретінде де жаһандық бейбітшілік архитектурасына қатысты қосар үлесі мен айтар сөзі болатынына сенімдімін.

Бұл құбылыстың алғашқы қадамы Рим-Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францисктің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру және Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум аясындағы бастамашылық еткен саяси және экономикалық реформаларына жоғары баға беріп, алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысатындығын мәлімдеуі деп білемін.

VII Съездің секциялық отырыстарының тақырыптары ретінде «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі»,  «Діни лидерлер мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге, әсіресе діни негізде қарсы тұруға қосқан үлесі», «Әйелдің әл-ауқатқа және қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі» секілді секциялық кездесу тақырыптары ұсынылып отыр.

Дипломатия мен сыртқы саясатта «саяси астаналар» деген түсінік бар. Мәселен, әлемде қаншама мемлекеттер мен олардың астаналары болғанымен, санаулысы ғана осындай халықаралық кездесулер өтетін орын ретінде танымал.

Сондықтан мұндай жиындардың еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтуі Қазақстанның халықаралық саясаттағы өзіндік рөлін одан сайын айқындай түседі. Екіншіден, бұл еліміздің саяси беделінің көрсеткіші. Үшіншіден, сіз бен біз «Жаңа Қазақстанды» құрып қана емес, мұны Жаңа Әлемді құруға деген құлшынысымыз деп білуіміз керек. Себебі - ескі рудиментке айналған адамзат дамуы мен өміріне кедергі деструктивті қақтығыстар мен жанжалдардың келелі түйінді шешімдерін тапсақ дейміз.

Айта кетер болсақ, замануи геосаясат пен гибридті саяси құбылыстар өршіп тұрған сәтте диалог алаңдарының көптігі мен беделі біз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды.

 

Б.Сәрсенбаев,

Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев

орталығының Басқарма төрағасы