Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мысыр Араб Республикасына жұмыс сапарымен барып, бірқатар саяси және дін қайраткерлерімен кездесті.
Әл-Азхардың Бас имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев дін өкіліне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне шақыру хатын табыс етті. Аталған Форумның биыл қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетіні белгілі. Сұхбат барысында тараптар Съездің түрлі діндер мен конфессиялар арасындағы диалогты кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу бастамасына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқаныңыз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Дін қайраткерлерінің Съезд аясында болатын жоғары деңгейдегі кездесулерінің маңызы ерекше. Әсіресе, геосаяси және экономикалық қарама-қайшылықтар мен мәселелер ушыққан қазіргі таңда оның рөлі зор. Бұл алаң бейбітшілік пен келісімді және конфессияаралық диалогты дәріптеу тұрғысынан маңызды. Әлемдік рухани және саяси лидерлер пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың дамуы жолында күш біріктіруі үшін де осындай басқосулар керек. Сондықтан сіздің алдағы Съезге қатысуыңыз әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы диалогты кеңейтуге және қазіргі кездегі жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің жолын іздеуге қосымша серпін беретіні сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ислам әлеміндегі тарихы бай, ағарту, ғылыми, рухани орталықтардың бірі әл-Азхардың Бас имамы өз сөзінде біздің елдің бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанды жаһандық дінаралық диалогты дамытудағы маңызы зор ел деп атады.
Ахмед ат-Тайеб қаңтар айында Қазақстанда болған қайғылы оқиғалар үшін Мысыр еліндегі мұсылмандар қауымы да алаңдағанын жеткізді. Қазақстан халқына қолдау сөзін білдірген ол бүгінде жағдайдың тұрақталғанына қуанышты екенін айтты.
Кездесуде әл-Азхар университетінің Ислам әлеміндегі орны, осы салада білікті мамандар даярлаудағы жоғары рөлі туралы да сөз болды. Бұл білім ордасы бүкіл әлем үшін де және Қазақстан үшін де маңызды. Шейх ат-Тайеб әл-Азхар университетінің дін саласымен қатар инженерия, медицина және тағы басқа бағыттар бойынша мамандар даярлау үшін елімізге көмектесуге дайын екенін атап өтті. Мысыр тарапы қазақстандық имамдар мен дін қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыруға қолдау көрсетуге ниетті екенін де жеткізді.
Сапар барысында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы мен әл-Азхардың дінаралық диалог жөніндегі орталығы арасында Ынтымақтастық жөіндегі меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мысыр Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разекпен кездесті. Бұл ретте сұхбаттасушылар екі елдің парламентаралық байланысын нығайту, мәдени-гуманитарлық және басқа да бағыттар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
«Мысыр Қазақстан үшін араб және мұсылман әлеміндегі маңызды серіктес елдердің бірі. Сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдени-гуманитарлық салалары бойынша өзара қарым-қатынасты нығайтуға екі ел де мүдделі. Қазақстан Парламентінің Сенаты Мысыр Парламентіндегі әріптестерімен осы және басқа бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.
Қазақстан Сенатының Төрағасы екі елдің мәдени және тарихи тамыры тереңнен бастау алатынын тілге тиек етіп, бұл жолда екі халыққа да ортақ тұлға, XIII ғасырдағы көрнекті қолбасшы және мемлекет қайраткері, Мысыр Сұлтаны аз-Захир Бейбарыстың рөлі ерекше екенін айтты.
Мәулен Әшімбаев Мысырдың Уақыфтар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұмамен кездесуінде де екі елдің тарихындағы ортақ құндылықтарға назар аударды. Ол бұған дейін Қазақстан Бейбарыс Сұлтанның Каирдегі мешітін қалпына келтіру үшін қаржы бөлгенін атап өтті. Кездесу нәтижесінде Мысыр елі аталған мешітті қалпына келтіру жұмыстарына қосымша 2 млн доллар бөлетіні белгілі болды. Сондай-ақ сұхбат барысында келесі жылы Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығы екені, қалпына келтіру жұмыстары осы мерейтой аясында аяқталып жатса, үлкен символикалық мәнге ие болатыны айтылды.
Сапар кезінде Қазақстан Сенатының Спикері Мысырдың Бас мүфтиі Шауки Ибрагим Әбдел Кәрім Алламмен де кездесіп, келісімге мен конфессияаралық диалогқа шақыратын идеяларды халықаралық деңгейде дәріптеу мәселелерін талқылады.
Сенаттың Баспасөз қызметі,
http://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5966