Технологиялық инновациялардың дамыған заманында интeрнет реcурстардың, оның ішінде әлеуметтік желілердің алар орны орасан. Себебі, әлемде интернет қолданушылар саны 4,5 миллиардқа жуық болса, әлеуметтік желілерді қолдaнушылар саны шамамен 2,9 миллиардты құрайды [1].
Демек, өткен жылдың статистикасына сүйенсек, ғаламтор қолданушылардың 85% әлеуметтік желінің белсенділері. Соңғы онжылдықта әлеуметтік желілер адамдар өміріне сіңісіп кеткені сонша, үздіксіз дамуды (тұлғалық, топтық) көрсететін ашық алаң, парадигма іспеттес.
Қолданушылар санының аясы артқан сайын, оны түрлі мақсатта қолдану жолдары да кеңеюде.
Бүгінгі таңда жеке тұлғалармен қатар, ірі компаниялар, тәуелсіз ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің де әлеуметтік парақшалары бар. Әлеуметтік желі ұйымдардың халықпен етене байланыса жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызса, екінші жағынан жасалып жатқан еңбек пен жұмыстарды ашық насихаттауға арналған бірегей құрал деуге болады. Сонымен қатар, жаңалық, сілтемелермен бөлісу, қызықтыратын бағыттағы қауымдастыққа қосылу секілді функцияларды қамтитын әлеуметтік желілер халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып үлгерді.
Әлеуметтік желілер ішіндегі қолданушылар саны жағынан көшбасшы және ең ықпалды желі – Facebook. Бұл әсіресе белгілі бір ұйымдардың брендін қалыптастыруда үлкен рөлге ие.
Одан кейін халық арасында кең танымалдылыққа ие «Instagram» әлеуметтік желісі. Бұл әлеуметтік желі қажет ақпараттарды жылдам таратуға, бизнес жүргізуге тиімді.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде конфессияралық, діни, рухани бағыттағы жарияланымдар саны жиілегені жасырын емес. Заман құндылықтары алмасқан тұста рухани бағыттағы контенттің қоғамға берер тәлімі де аз емес. Оның үстіне, пандемияның адамзатқа тигізген салдары жетерлік. Қарапайым отбасылық құндылықтар азайған заманда бірлікке шақырар сапалы жарияланымдар санының артуы да, сұраныстың, қаралымның көптігін аңғартса керек.
Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде 130-дан аса ұлт пен 18 конфессия өкілдерін (Ислам, Православие, Католицизм, Елуіншілер, Баптистер, Меннониттер, Пресвитериандар, Жетінші күн Адвентистері, Лютерандар, Методистер, Жаңа апостолшылдар, Мормондар, Ехоба Куәгерлері, Кришна санасы қоғамы, Бахаилар, Иудаизм, Буддизм, Муниттер) бір шаңырақ астына жинап, бірлікке бастар саясатты жүзеге асырып келеді [2].
Қазақстан өлкесінде, зайырлы қоғамдағы конфессиялардың бірнешеуіне тоқталып, әлеуметтік медиадағы мазмұнына шолу жасадық.
Сонымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Instagram парақшасында (https://instagram.com/muftiyatkz?utm_medium=copy_link) белсенді және 10 мыңнан аса жазылушысы, 3 мыңнан аса жарияланымдары бар, қоғаммен тығыз байланыс орната алған парақша.
«Instagram» әлеуметтік желісінің ұтымды тәсілдерін пайдалану арқылы аудиторияны өзіне қарату механизмдері сәтті жасалған. Себебі, жарияланымдардың 40 % жуығы қоғамның ең өзекті проблемалы сауалдарына ислам дінін байланыстыра отырып жауап жазған.
Мысалы, «Гив ойнатуға бола ма?», «Телефонмен көңіл айту дұрыс па?» деп аталатын посттарына ислам негізінде сауатты жауап беру негізінде 20-дан аса пікір жазылған. Бұл дегеніміз, халықпен белсенді пікір алмасу жұмыстарының жақсы көрсеткіші.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күнделікті жаңалықтарымен ғана шектелмей, танымдық-сараптамалық және мотивациялық бағыттағы жарияланымдары оқырманның ықыласына ерекше бөленген.
Бұдан бөлек, парақшадағы видео-контент мазмұны ерекше. Қозғалыс, тікелей эфирдегі сұхбаттасу тәсілі қашанда аудиторияны жалықтырмайтын нәтижелі қадам.
Ерекше тоқтала өтетін желі механизмдерінің бірі – сториз. Парақшаның белсенді екенін осы тәсілден аңғаруға болады. Бастапқы бетте сақтаулы тұрған әрбір сториз өзіндік терең мазмұнға ие.
Жалпы, әлеуметтік парақшаны әрлеу, бір түстің негізінде жасалған сапалы дизайн жұмыстары, сауатты контент – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы мен еңбегін айшықтап тұр.
Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі діні. «Instagram» парақшасын (https://instagram.com/mitropolia_kz?utm_medium=copy_link) 10 мыңнан аса жазылушы мен 3 мыңнан аса жарияланым құрайды.
Парақша дизайны сәтті жасалған. Қарапайым әлеуметтік желіні ашық ақпарат алаңына айналдыра білген. Қазақстандағы православие жаңалықтарынан бастап, діннің тарихы, ерекшелігі, діни заңдылықтар мен тыйымдар оқырманға сауатты контент арқылы жеткізілген.
Діни бағытта жазылушылардан келетін сұрақтар қатарының көп болатыны бәрімізге мәлім. Себебі, діни бағыттың аясы кең. Осы тұста, бұл парақшаның ең ұтымды тәсілі – «Оқырман хаты» айдары. Мысалы, «Сыйынуды бастадым. Ары қарай не істеуім керек?» («Начал молиться. Что делать дальше?») деген оқырман хатынан сапалы контент жасай білген. Сұраққа мазмұнды, сауатты жауап берумен қатар, сапалы визуал жасалған. Бұл дегеніміз, кез келген желі пайдаланушысын өз аудитория қатарына қосуға үлкен мүмкіндік. Себебі, визуал әлеуметтік әлемнің басты механизмдерінің бірі.
Ерекше мазмұндағы контентімен ерекшеленетін инста-парақшалардың бірі – Қазақстандағы Қарағанды қаласының Рим-католиктік епархиясы парақшасы (https://instagram.com/karaganda.eparhia?utm_medium=copy_link). Жазылушылар саны көп болмаса да, парақша дизайны, ондағы жарияланымдар сапалы. Парақшада аптаның әр күнін зерттеп, діни тарихына қысқаша сараптамалық шолу жасалынады.
Мысалы, қыркүйек айының бірінші күні «Жаратылысты қорғау туралы Дүниежүзілік дұға күні» («Всемирный День Молитвы о защите творения») деген жарияланымнан басталса, қазан айы жақындаған тұста «Әулие Розария айы» («Месяц Святого Розария») деген танымдық посттың куәсі болдық. Өз кезегінде мұндай сараптамалық, рухани мазмұндағы контенттің қоғамға берері мол болмақ.
Жоғарыда тоқталып өткен Қазақстандағы 18 конфессия да бүгінгі күннің ағымына ілесіп, ақпараттық технология заманындағы сануалуан мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Олай дейтініміз, әр конфессияның ресми сайты, әлеуметтік парақшалары бар. Кейбір конфессия өкілдері «Вконтакте» әлеуметтік желісіне басымдық берсе, көпшілігі «Instagram» әлеуметтік желісінде белсенді.
Әрине, әр діни бірлестік өз дінін, атқарылған жұмыстарын насихаттайтыны, халық алдына шығаратыны анық. Дегенмен, «адамшершілік» деген аяулы қағида барлық дінге ортақ.
Сондықтан болар, діни бағыттағы әлеуметтік желілер мазмұнының ортақ тұстары көп. Осы тұстағы парақшалардың үні де бір, мақсаты да бір. Ол – бірлік, адамгершілік, татулық қасиеттерін дәріптеу, жақсылыққа үндеу.
Жалпы алғанда, осындай мазмұндағы контенттер ел алауыздығының алдын алып, қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етеді десе артық айтқандық емес. Себебі, бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілердің күші орасан.
Қолданылған ақпарат көздері:
- Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің ресми сайты (https://beta.egov.kz/memleket/entities/din/documents/details/220846?lang=kk)
- «Егемен Қазақстан» газеті (https://egemen.kz/article/219769-aleumettik-dgeli-%E2%80%93-aqparat-alanhy-qam-tabys-kozi).
Н.Өрғара
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты
дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы,
Ақпараттық-имидждік іс-шаралар
департаментінің бас кеңесшісі