Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының жаһандық бастамалары мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлі

Бөлісу

Халықаралық ынтымақтастық Департаментінің бас кеңесшісі С. Булаткызы

Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толып отыр. Бүгінде Қазақстан Республикасы әлемдік сахнада өзіндік орны бар, халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған, Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде танылды. Бұған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропа Одағы (ЕО), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Кеден Одағы (КО), Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық (ЕурАзЭҚ) секілді алып халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі және 2010 жылдың желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында осы беделді халықаралық ұйымның Саммиті өткізілуі дәлел. ЕҚЫҰ-ның азиялық аналогы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) жобасын іске қосу және оны нығайту елдің маңызды бастамасы болды. Ислам әлемінің жетекші ұйымы - Ислам Ынтымақтастық Ұйымының тізгінін қолға алып, (ИЫҰ) төрағалық етуі, еліміздің белсенді іс-әрекеті мен салмақты ұстанымы әріптестер тарапынан жоғары бағалануда.

Әрине, еліміз бұл нәтижеге оңай жеткен жоқ. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанды экономикасы құрдымға кету қауіпі бар, қазынасы бос, саяси жүйесі дамымаған, Кеңес Одағы кезіндегі Конституция бойынша өмір сүретін ел ретінде бағалады, елдің алға басып, дамуына сенімсіздік басым болды.

Әлем бізді қызықтырмады, өйткені ғасырлар бойы аңсаған егемендікке қол жеткізген жас мемлекет үшін нағыз сын сағаттар енді басталғандай. Бір сәтте ойсырап қалған алып империяның, кішкентай ғана сынығы бола тұрып, одан жаңа мемлекет құру үшін орасан зор күш-қуат пен рух жанкештілігі қажет еді. Жоғарыда келтірілген сырт көздің берген бағасын жоққа шығарып, қалайда жетістікке жету мақсат еді. Бірақ әлемдік қауымдастықты алаңдатқан тағы бір маңызды мәселе - біздің ядролық әлеуетіміз болатын.

КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналға ие болды. Алайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының, батыл шешімінің негізінде, Қазақстанның жаһандық қарусыздану процесіне, әлемдегі бейбітшілікті орнату үрдісіне қосқан ерекше үлесі ретінде ядролық бомбадан бас тартты. Тарихқа үнілетін болсақ, 1949 жылдың 29 тамызында полигонда алғашқы сынақ өткізілді. Осы уақыт аралығында 500 жарылыс жасалып, мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне зиян келтірілді. Нәтижесінде Қазақстан 2015 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Ядролық қарудан аз әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясының бастамашысы және авторларының бірі болды. Сөйтіп, БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарар қабылдап, Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингіндегі ең қауіпсіз елдердің қатарына енді.

Міне, осы айтулы шешімнен кейін, әлем назарын елімізге қарай бұра бастады.

Сәйкесінше, әлемдік қауымдастықтың таңқалып, кейде қызғанышпен тілге тиек ететін тағы бір біздің ерекшелігіміз – ел ішіндегі, ұлттар арасындағы ауызбіршілік, бейбіт қатар өмір сүруіміз еді.

Бұл жерде де Елбасы, «жол бастау оңай, артыңда еретін халқың болса» деген халық даналығын ескере отырып, халықты біріктіру мақсатында тарихи теңдесі жоқ жаңа бір жобаны ұсынды. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болатын.

Ол туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – Елбасы: «...Ассамблеяны құра отырып, біз әлемдегі барлық мәлім болған модельдерден де озық шыға білдік. Біз халықты патриоттық тұғырнамада топтастырудың бірден-бір сенімді тетігін таптық. Оның мәні әркімге де түсінікті және қарапайым адами сұраныстарды – жұмысты, отбасындағы әл-ауқатты, балалар үшін білім беруді, денсаулықты, тұрғын үйді, қауіпсіздік пен демалысты қамтамасыз етуге көмектеседі» - деген болатын [1].

Жаһандану заманындағы этникалық қақтығыстар, түрлі діндер, оларды ұстанушылар арасындағы келіспеушіліктер, өңірлік-аймақтық шиеленістер, қандай да болмасын қатерлердің алдын алу мақсатында бейбітшілік пен келісімді сақтап қалу кез келген мемлекеттің саясаты үшін ерекше мәнге ие екенін мойындау керек. Елбасы өзінің көрегендігінің арқасында, тұрақсыздық кеңінен жайылған әлемде, ең бастысы тұрақтылыққа, мемлекеттегі ұлттың бірлігін сақтау үшін қоғамдық келісім мен саяси-идеологиялық құндылыққа аса мән беру керектігін түсінді.

Әлемдік қауымдастық тарапынан да бірауыздан қолдау тапқанын, 2010 жылғы сәуірдегі БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның елімізге жасаған ресми сапары барысында ол, «Қазақстан халқы Ассамблеясының ұстанымдары мен қағидаттары Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарымен түгелдей сәйкес келеді, яғни достық пен бейбітшіліктің, гүлдену мен қауіпсіздіктің іргетасын қалауды өзінің басты мақсаты санап, толеранттылық құндылықтарына негізделеді. Міне, бұл – БҰҰ қағидаттары болса, дәл осылар Қазақстан халқы Ассамблеясына да тән», – деген болатын [2].

Қазақстан халқы Ассамблеясы елмен қатар дамып, өз қызметін тек қана мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де атқаруда. Оған дәлел ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің басты идеялары мен қағидаттарын жүзеге асыруға белсене араласуы. Елбасының сөзімен айтқанда, «1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы көпшілік білмейтін құрылымнан ауқымды өкілеттігі бар конституциялық органға айналды» [3].

Міне, осы бейбітшілік пен келісім идеясының негізінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасын ұсынды.

Өйткені, жаңа мыңжылдықтың тарихи беттері дүйім жұртты дүр сілкіндірген лаңкестік әрекеттермен, ислам дінін айыптауға, ислам мен терроризмді тең қою үрдісінің белең алуымен басталды.

Осы кезде Елбасы, дін мен лаңкестік, озбырлық секілді ұғымдардың бір-біріне кереғар, жалпы әлемнің барлық діндері адамзатты тек қана сүйіспеншілікке, жақынына көмектесуге, ізгілікке, мейірімділікке шақыратынын ашық айтып және әлемнің барлық дін өкілдері осы ойдың аясында бас қосу керектігін, оның кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып бара жатқанын түсініп, келісім орнату алаңын ұйымдастыруды ұйғарды.

Алайда, аталған бастама халықаралық қауымдастық тарапынан бірден қолдауға ие болды деп айту қиынға соғады. Тіпті, оның орындалуына күмән келтіріп, үреймен қарағандар да болды. Өйткені, бастары түзде бірікпейтін кейбір дін өкілдерін, бір үстелдің басына жинау қиынның қиыны болып көрінді.

Дегенмен, он жеті жыл бойына әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – жаһандану кезеңінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өзара ынтымақтастық пен келісімін жетілдіру, зорлық-зомбылық пен діни фанатизмді, лаңкестік пен экстремизмді ауыздықтау секілді мүдделерді бір арнаға бұра білді.

Осы ретте, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің өміршеңдігі мен нәтижелілігі байқалып, форум тамыры тереңге жайылған дінаралық қатынастар туралы «тайға таңба басқандай» қалыптасқан түсініктерді еңсеріп, заманауи толеранттылықтың, өзара түсіністіктің тиімді формуласын ашу мүмкіндігіне ие болды. Яғни, кейбір кезде «қалыптасқан жағдайлардың» ушығуына дін ұстанушылары арасындағы түсініспеушілік емес, мемлекетаралық, саяси тұрғыдағы шиеленістердің кесірі екені анықталып жатты.

Алты Съездің нәтижесінде, форумға жиналған әлемнің ең беделді дін өкілдері саяси шиеленістер мен басқа да жанжалдарда қандайда бір діннің атын жамылуға болмайтындығы туралы ортақ тұжырымға келді. Оны Съез қатысушыларының қабылдаған декларациялары мен Съез туралы білдірген пікірлерінен көруге болады.

Ең алғашқы Съездің ашылуында Елбасы, «...кез келген көзқарастар мен пікірлердің қайшылығына қарамастан, жалпыға бірдей мәмілеге келудің маңызын түсіне отырып, оған қол жеткізудің жолдарын іздеу тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы болып саналады. Диалогтың арқасында бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастыру мүмкіндігі туады» деп нақты айтқан болатын. Сөйтіп, қазақстандық тараптың алдында әлемдік және дәстүрлі діндердің ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу, кері пікірталасты болдырмау, керісінше қиысу нүктелері мен ортақ құндылықтарын айқындау, ынмақтастық орнатудың ұтымды жолдарын ұсыну қажет болды.

Осы Съездің мақсаттары мен міндеттерінің жоғары дәрежеде жүзеге асқанын дін көшбасшыларының тек сұхбат орнатуға бағытталған әрекеттерінен ғана емес, адамзатқа төнген күрделі мәселелерді шешуге күш-жігерін салып, форум құжаттарын бірауыздан қолдап, оларды іске асыруда аянбай, бар мүмкіндіктерін пайдалануды жеке моральдық міндеті ретінде қабылдауларынан көруге болады. Съез алаңдарында қабылданған құжаттар БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, сонымен қатар басқа да беделді халықаралық және танымал аймақтық форумдар шеңберінде аса қызығушылықпен талқыланып жатады.

Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі тек дінаралық кездесуден, діни және саяси лидерлердің арасындағы бейбітшілік пен келісімді орнатуға бағытталған, әлемдегі қалыптасқан ахуалға оң әсерін тигізуді көздейтін ұсыныстарды әзірлейтін, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты орнатудағы «қазақстандық үлгіні» танытқан аса маңызды алаңға айналды.

Елбасы Н.Назарбаев «...халықаралық қоғамдастық «бейбітшілікті құрудың оң тұжырымдамасына мұқтаж»» деген болатын, сондықтан аталған форумның тарихи рөлінің маңыздылығын жоғалтпай, әлеуетінің мол екенін ұмытпауымыз керек. Келешекте де дінаралық үнқатысуды, діндер және саяси көшбасшылар арасында жасалған уағдаластықтар мен міндеттемелердің іс жүзінде орындалуына атсалысып, нығайта беру қажет деп есептейміз.

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы Президенті – ҚХА Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан–2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзі. Астана қ., Бейбітшілік және келісім сарайы. 2014 жылдың 4 сәуірі.
  2. Нурсултан Назарбаев. Идея мира и общественного согласия. –

Астана: «Жасыл Орда», 2014 ж.

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XIV сессиясында сөйлеген сөзі // http://www.akorda.kz.