Әбішева Мадина Мағазқызы,
Конфессияаралық және өркениетаралық
диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев
орталығы, Ақпараттық-имидждік
іс-шаралар департаментінің
бас кеңесшісі
2021 жыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығының мерекесі, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылдығы деп атасақ та болады. Аталған заман аралығында Қазақстан этносаралық және конфессияаралық қатынастың бірегей өзіндік моделін қалыптастырды және Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер сұхбаттаса алатын, әлем елдері мойындаған өркениетаралық үнқатысу алаңына айналды.
Бүгінгі біртұтас Қазақстан халқы 130дан аса ұлт пен ұлысты құрайтын 18 конфессия өкілдерінен тұрады. Елдегі дінге сенушілердің ішінде сүнниттік ислам бағытын ұстанатындар жалпы халықтың 70% құрайды. Олардың құрамына қазақ, өзбек, татар, түрік, ұйғыр, күрд, тәжік, башқұрт, қырғыз, чешен, ингуш, дүнген өкілдері кіреді. Исламнан кейін Қазақстанда христиан діні кең тараған. Негізінен, орыс, украин, белорус, болгар, молдаван, игрек, шуваш, мордва, удмурт пен марийліктер православие дінін ұстанады. Неміс христиандары арасында протестанттар мен католиктер басым. Кәрістер негізінен протестанттар, ал поляктар – католиктер. Армяндар христиан дінінің ежелгі, ерекше тармағын ұстанады. Христиандар Қазақстанның барлық облыстарда, негізінен — солтүстікте, шығыста және орталықта таралған. Қазақстанның діни ұйымдары қоғамның маңызды бөлшегі ретінде елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өздерінің сүбелі үлестерін қосып келе жатқандары даусыз.
Қазақстан халқының айтарлықтай бөлігін құрайтын христиан дінін ұстанушылар қазақ даласында Ұлы Жібек жолының ықпалымен және тарихтың қилы толқындары нәтижесінде пайда болып, таралған екен. Ғалымдар христиандықтың Орта Азияда Мерв қаласында пайда болуы туралы мәліметтер ортағасырлық тарихшы Бируни еңбектерінде б.з. ІІІ ғ. Деп көрсетілгендігін және тарихи деректерде III–IV ғғ. христиандық культ жоралғыларын өткізу үшін ғимараттар салынғандығы жайлы айтады. IV ғ. басында Соғды, Самарқанд қалаларында христиандықтың несториандық бағытының митрополиясы құрыла бастағандығы туралы деректер бар. Византия мен Сирияда қуғын көрген несториандықтар Орта Азия территорияларына көше бастады. Дінтану негіздерінде, несториандықтармен қатар, Орта Азия жеріне, яковиттер – сириялық монофизиттер ене бастағандығы және осы аймақтарда Антиохтық патриархқа бағынатын көне сириялық православиелікті ұстанатын – мелькиттердің де болғандығы айтылады. Дегенмен, түркілердің исламды қабылдауы себепті христиандықтың ықпалы әлсіреп, XII-XIII ғғ. шамасында Орталық Азияда христиан қауымдастығы қалмаған делінеді. Елде кең тараған Орыс православие шіркеуі Қазақстан территориясында ХІХ-ғасырдың ортасында пайда болып, дала өңірін әкімшілік және шаруашылық-экономикалық меңгеруіне қарай христиандық біртіндеп тараған. Дала өңірінде әскери форпостпен қатар біртіндеп казак станицалары мен крестьяндық қоныстар пайда бола бастады. Бастапқыда Батыс Сібір мен Орынбор өңірінде пайда болды деп көрсетіледі.
Зайырлы Қазақстандағы христиан дінінің мәртебесіне тоқталар болсақ, 2005 жылғы 28 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт Құрбан айтпен қатар, Рождество мерекесінің бірінші күні де елімізде демалыс күндері болып ресми түрде жарияланған болатын. Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында діни мейрамдар 2006 жылдан мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. Тарихқа жүгінсек, 2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.
Заңның преамбуласында халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының және Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болып табылатын исламның, сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы Қазақстанмен ортақ христиан дініндегі бірқатар этностардың сенімдік бағыты – православиенің ел халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды делінген.
Қазақстан бейбіт мекен бесігі ретінде 2003 жылдан бастан, Әлемдік және дәстүрі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келе жатқаны аян.
2020 жылы таралған індеттің қаупі салдарынан әр үш жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрі діндер лидерлерінің съезінің кезекті отырысы бір жылға шегеріліп 2022 жылы болады деп күтілуде. Алтыншы мәрте өткізілуі тиіс бұл жиынға ислам діни лидерлерімен қатар, қатысу белсенділігі тарапынан жыл сайын саны және сапасы жағынан артып келе жатқан Христиан дінінің өкілдері де қатысатын болады.
Елбасының бастамасымен Қазақстан астанасында өткізіліп келе жатқан дінаралық саммиттерге Ибрахимдік ілім саналатын христиан дінінің өкілдері қандай құрамда қатысқаны жайында қарастырып көрер болсақ, 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығыныда өткен І Съезге Астаналық және Алматылық Митрополит Мефодий (Немцов Н.Ф.) бастауымен – Мәскеу Патриархаты Орыс Православиелік Шіркеуі (Ресей Федерациясы), Евангелиені уағыздау Конгрегация Президенті, кардинал Иозеф Томко бастауымен – Рим-Католиктік Шіркеуі (Ватикан), Томас Геремек (Иоаким әкей) –басшылығымен Францискандықтар делегациясы (Италия), Кройдон епископы Николас Бэйнс бастауымен – Англикан Шіркеуі (Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі), Бүкіләлемдік лютеран федерациясы бас хатшысы Ишмаэл Ноко басшылығымен Бүкіләлемдік Лютеран Федерациясы (Швейцария Конфедерациясы), Еуропалық кеңес Православие шіркеуі байланыстар бөлімі директоры, Франция митрополиті Эммануэль бастауымен – Константинопольдық Православие Шіркеуі (Франция) өкілдері қатысқан екен.
2006 жылғы 12-13 қыркүйек арасында Астана қаласында өткізілген Екінші съезге алғашқы съезге қатысқан тұлғалармен қатар Жоғарғы Патриарх және барлық армяндардың католикосы. Гарегин II бастаған Армян Апостолдық Шіркеуі (Армения) қатысқан болатын.
Астана қаласында 2009 жылғы 1-2 шілдеде өткізілген Үшінші съезге Орыс Православие Шіркеуі, Англикан шіркеуі, Бүкіләлемдік лютеран федерациясы, Армян Апостол шіркеулерімен қатар, Дінаралық диалог бойынша Папа Кеңесінің Президенті Кардинал Жан-Луи Торан бастаған Ватикан өкілдері, Митрополит Эммануил бастаған Константинополь Православие шіркеуі, Румын православие шіркеуінің патриархы –Митрополит Нифон, Поляк Автокефаль Православие шіркеуінің өкілі – архиепископ Мирон, Швейцария Конфедерациясынан Бүкіләлемдік Шіркеу Кеңесінің Бас директоры – Самуэль Кобиа, Қасиетті Эджидио (Италия) Общинасының президенті – Марко Импальяццо, Америка Құрама Штаттарынан: Діндердің бейбітшілік жолындағы Бүкіләлемдік конференциясының Бас хатшысы – Уильям Вендли, Американың христиандық шіркеулер одағының президенті – Отец Леонид Кишковский, Мормондық Иисус Христос шіркеуінің өкілі – Паул Б.Пайпер сынды діни тұлғалар қатысты.
2012 жылғы 30-31 мамыр аралығында өткен Төртінші съезінің ерекшелігі Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл, үлкен делегацияны өзі келіп бастап келіп, съез жұмысына қатысты. Сонымен қатар, Ватикан мемлекет-қаласының істері бойынша Папа Комиссиясының Құрметті Төрағасы, Ватикан мемлекет-қаласының губернаторы – Джованни Лайоло, Бүкіләлемдік лютеран федерациясының Бас хатшысы – Мартин Юнге, Иерусалим Патриархы (Израиль) – Теофил III, Константинополь Православие Шіркеуі, Франция Митрополиті – Эммануил Адамакис, Американың христиандық шіркеулер одағының Президенті, Грузия Православие Шіркеуі, Словакия және Чехия Православие Шіркеуінің Қасиетті Синоды, Армян Апостол Шіркеуі Гегаркуник епархиясы, Румыния Православие Шіркеуі, Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие шіркеуінің өкілдері қатысты.
Қазақстан астанасында 2015 жылғы 10-11 маусым күндері ұйымдастырылған Бесінші съездегі христиандық келбетке тоқталар болсақ, съез жұмысына дәстүрлі түрде қатысатын қонақтардан өзге, алғаш рет Минск пен Заславскийдің митрополиті, бүкіл Беларусьтің Патриархаты – Павел, Румын православие шіркеуінің архиепископы және Батыс және Оңтүстік Еуропаның митрополиті – Иосиф, Грузиядан Хорнабуджск және Геретск епископы – Димитрий (Рамаз Капанадзе), Литваның Католик Епископтарының Конференциясынан Каунаскелік архиепископ-митрополиті – Сигитас Тамкявичюс, Украин Епархиясының Армян Апостолдық шіркеуінің басшысы – Маркос Оганесян қатысты.
Соңғы рет 2018 жылғы 10-11 қазан аралығында өткізілген Алтыншы съезге өткен съезге қатысқан құрметті қонақтармен қатар, Съез жұмысына бірінші рет Православие парламентаралық ассамблеясының президенті, Ресей Федерациясы Федералды жиналысы Мемлекеттік Думасының мүшесі – Сергей Анатольевич Гаврилов, Египет Араб Республикасынан Копт православие шіркеуінің Қасиетті синодының хатшысы, епископ Даниел әл-Асарани, Коптық Лос-Анджелес Православие Шіркеуінің өкілдері, Италиядан Әулие Эджидио қоғамының Ресей Федерациясы және ТМД мемлекеттері бойынша үйлестірушісі – Питер Канисиус фон Канисиус, Грузия Патриархатының сыртқы шіркеулермен байланыс бөлімінің төрағасы, Зугдиди және Цайг митрополиті – Герасим, делегация басшысы, Заң мәтіндерін түсіндіру жөніндегі Папа Кеңесінің құрметті төрағасы, кардинал Франческо Коккопальмерио және Қазақстан Республикасындағы Мальта орденінің елшісі Алессандро Салаконе қатысқан болатын.
Дінаралық саммиттің христиандық келбеті осындай сипатқа ие. Айта кететін маңызды шарт, 2018 жылдың қазан айында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысушылар Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығын құру идеясын ұсынған болатын. Отсылай, 2019 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы құрылды. Орталық қызметінің негізгі нысаны – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының халықаралық деңгейде дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды сақтау және қамтамасыз ету, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін насихаттау жөніндегі бастамаларын көтермелеу саналады. Сол тұрғыдан, бүгінгі күні Н.Назарбаев орталығы көптеген халықаралық іргелі ұйымдармен, исламдық құрылымдармен қатар, Дін - бейбітшілік үшін (АҚШ), Дүниежүзілік Лютеран Федерациясы (Швейцария), Конфессияаралық диалог бойынша папалық кеңес (Ватикан) сынды христиандық бағыттағы ірі ұйымдармен серіктестік орнатып бейбітшілік пен келісім жолында ынтымақтаса қарқынды жұмыс істеп келеді.
Татулықты ту еткен бейбіт еліміздің тәуелсіздігін баянды етсін.
Індеттің беті қайтып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақтың шаңырағы астында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері қайта бас қосып, конфессияаралық келісім жайлы пікір алмасатын күндер жақын болсын.