Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Бірінші эксперттік дөңгелек үстел

2025 жылғы 18 қыркүйекте Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII cъезі аясында «Қазіргі таңдағы мәдениетаралық және дінаралық диалог» тақырыбында эксперттік дөңгелек үстел өтті. Іс-шара жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы діни дипломатияны ғылыми-сараптамалық тұрғыдан зерделеуге арналды.

Қазіргі әлем қақтығыстар мен көші-қоннан бастап климаттың өзгеруі мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына дейінгі күрделі сын-қатерлердің кең ауқымына тап болуда. Осындай жағдайда өзекті жаһандық мәселелерді шешудің келісілген тәсілдерін іздеу үшін діни лидерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың күш-жігерін біріктіру қажеттілігі айқын сезілуде.

Іс-шараның мақсаты діни диалогқа ғылыми тәсілді ықпалдастыру мүмкіндіктерін талқылау, сондай-ақ діни ұйымдар, академиялық қоғамдастық және сараптамалық құрылымдар арасындағы әріптестікті дамыту болды.

Дөңгелек үстел жұмысына халықаралық қатынастар, цифрлық этика, орнықты даму, діни дипломатия және гуманитарлық ынтымақтастық бағыттарында зерттеу жүргізетін әлемнің жетекші университеттері мен зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты. Талқылау барысында пәнаралық зерттеулерге, талдамалық тәсілдерге және дінаралық әрі мәдениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдарды әзірлеуге ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша ғылыми және діни білімді қоғам игілігіне және жаһандық өзара түсіністікті нығайтуға бағыттайтын ұзақ мерзімді платформа қалыптастыру ұсынылды. Ықтимал бағыттардың бірі Oxford, Harvard, Yale, Georgetown, LSE, Tufts, Groningen, Bar-Ilan университеттері жанындағы дінаралық орталықтармен, сондай-ақ діни дипломатия саласында маманданған жекелеген зерттеушілермен ынтымақтастық орнату болды.

Дөңгелек үстел ғылыми негізделген әрі практикалық тұрғыдан қолданбалы шешімдер арқылы диалогтың аясын кеңейтуге бағытталған Съездің жаңа мазмұндық бағытын дамытудағы маңызды қадам болды.