Баяндамалары

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінің ашылуында сөйлеген сөзі

Бөлісу

30 мамыр 2012 ж.

Ардақты дінбасылар!

Құрметті делегация басшылары!

Қадірлі меймандар!

Ханымдар мен мырзалар!

Бүгін Қазақстан жері жоғары руханилық пен алғыс-батаның сәулесімен нұрлана түсуде.

Біз үлкен мақтанышпен Астанада төртінші рет әлемнің діни және рухани көшбасшыларын қабылдап отырмыз!

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне дүние жүзінің 40 елінен келген барлық 85 делегация басшылары мен қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын.

Тоғыз жыл бұрын бірінші Съезд жұмысына әлемнің 17 елінен 17 делегация қатысқан еді.

Біздің форумның жаһандық маңызының сандық және сапалық өскені бірден көрінеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі халықаралық үнқатысудың теңдессіз құрамдасына айналды.

Біз БҰҰ, ЮНЕСКО және ИСЕСКО, сондай-ақ басқа да бірқатар халықаралық бірлестіктер жетекшілеріне, белгілі саясаткерлер мен сарапшыларға съезге назар аударып отырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы пирамидасының төрінде әркез діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың көкейкесті мәселелері талқыланып келеді.

Үшінші мыңжылдықтың басындағы күрделі кезеңдебұрынғы съездердің игілікті бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапты.

Олар көп жағдайда әлемнің «өркениеттер қақтығысының» шыңырауына құламауына ықпал етті.

Жаһандық дамудың барлық күрделіліктеріне қарамастан, үнқатысуға деген жан-жақты ұмтылыс қазіргі заманғы жалпыәлемдік үдерістер талап етіп отырған үрдістер болып қалып отыр.

Мен төртінші Съезд де тарихқа ХХІ ғасырда адамзат әділетті әлемдік тәртіп негіздеріне бастайтын жаһандық үнқатысудың маңызды бөлшегі ретінде кіретініне сенімдімін.

Құрметті съезге қатысушылар!

Жаңа ғана Дін көшбасшылары кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті.

Осындай орган құру туралы менің ұсынысым осыдан үш жыл бұрын өткен Съезде қолдау тапқанын еске сала кетейін.

Кеңес құрамына әлемнің жетекші конфессиялары – Исламның, Христиандықтың, Иудаизмнің, Буддизмнің, Индуизмнің, Синтоизмнің, Зороастризмнің өкілдері енді.

Іс жүзінде бұл діндер арасындағы өзара іс-қимылдың көп жақты пішініндегі алғашқы жұмыс тетігі болып табылады. Кеңес құру бүкіл конфессияаралық үнқатысуды жаңа деңгейге алып шығуға қабілетті.

Біріншіден, оның аясында басқа халықаралық үнқатысу құрылымдарымен өзара іс-қимыл қалыптастырылатын болады.

Екіншіден, үлкен әлеуетке ие, уақыт өте келе жаһандық бітімгершіліктің маңызды құралына айналатын жаңа тұрақты орган құрылады.

Оның беделі мен әлеуеті тіпті ықтимал жанжалдар жағдайында да үндеулер мен үндеу-хаттар қабылдауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Кеңес шеңберінде дінге сенетіндердің құқықтары мен бостандықтары сақталуына жаһандық мониторинг орнықтыру маңызды.

Төртіншіден, жаңа Кеңес аясына топтастырылған діннің рухани күші әлемдік даму үдерістерінде тепе-теңдік қалыптастырудың маңызды элементі рөлін атқаруға қабілетті екеніне сенімдімін.

Бесіншіден, бұдан кейінгі барлық съездерді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыстар қазіргіден сапалы деңгейге көшірілетін болады.

Мен біздің бастамамызды оң қабылдап, құрылған Кеңестің алғашқы қатысушылары болуға келісімдерін берген барлық әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларына ризашылығымды білдіремін.

Құрметті делегация басшылары мен съезд қонақтары!

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өз тарихының 9 жылында да күрделі жаһандық үдерістер ушығып тұрған тұста өткізіліп келді.

Алғашқы съездер діндер «қақтығысы» қатеріне жауап ретінде және дінді халықаралық терроризм мен экстремизмнің қатерлі мақсатына қарсы қолдану үшін ұйымдастырылды.

Үшінші Съезд ең күшті әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс қызып тұрған шақта өтті.

Біз биылғы форумды да бүкіл әлем үшін бетбұрысты кезеңде өткізіп отырмыз.

Әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталды.

Адамзат іс жүзінде жүйелі дағдарыстың кезеңінен өтуде.

Әлем табалдырығына тап болған жаһандық рецессия көптеген қоғамдастықтарға ауқымды әлеуметтік жарылыстар қатерін төндіріп тұр.

Қазіргі дүниеде миллиардтан астам жұмыссыздар бар деп есептелсе, олардың жартысы – жастар. Олардың ішінде жақсы білім алған жастар да бар.

Лайықты еңбектену мүмкіндігінің жоқтығына, әлеуметтік кепілдіктердің төмендеуіне байланысты жастар арасында радикализация мен криминализация өсіп келеді.

Осы аралықта моральдық-адамгершілік құндылықтардың жаһандық дағдарысы да үдей түсіп отыр.

Көптеген қоғамдарда «жалған-бостандық» насихатталып және орнықтырылып отырғанын көрмеу мүмкін емес.

Адами қарым-қатынастар табиғатына жат көзқарастарды қазіргі қоғамның қалыбы ретінде көрсетуге тырысушылық байқалады.

Таза еңбекке талпыныс қандай тәсілдермен болса да тез баюға ұмтылыспен алмастырылуда.Және мұндай «анти-мораль» көп жағдайда абсолют ретінде мадақталады.

Әлемде моральдық-адамгершілік дағдарыстың өрістеуіне тән белгі дінге сенетіндерді баса-көктеп қаралау оқиғалары, дінді әлеуметтік үдерістердің жағалауына ығыстырып шығару әрекеттері болып табылып отыр.

Діни құндылықтарды қорлау фактілері көптеген елдерде, іс жүзінде, барлық діндерге қатысты байқалып отыр.

Бұлардың қатарында қасиетті кітаптарды көпшілік алдында өртеу, мешіттерді, храмдарды, синагогаларды және басқа да ғибадат орындарын қорлау мен өртеу, дін қызметкерлерінің беделін түсіру, діншілдерді соққыға жығу мен өлтірулер бар.

Неге мұндай жағдайлар орын алып отыр?

Дін – руханисыздық пен ашкөздіктің алдындағы аса берік қорғаушы бөгеттердің бірі.

Көптеген кезеңдерде дәл осы дін халықтық даналықтың, мәдениеттер мен дәстүрлердің кей жағдайда тіпті бірден-бір сақтаушысы болып келді.

Қазақстан қоғамы мұны құдайсыз кеңестік режимдегі өзінің өмір тәжірибесінен, әсіресе, сталиндікқуғын-сүргін кезеңінен біледі.

Съезге қатысушылар ертең бұрынғы зұлымдық шашқан «ГУЛАГ» архипелагы «аралдары» бірінің орнына салынған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған тарихи-архитектуралық мемориалға барады.

Ол «АЛЖИР» – «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталады.

Сол жылдары бұрынғы КСРО аумағында миллиондаған жазықсыз адамдар өлтірілді.Олардың ішінде ондаған мың Исламға, Христиандыққа және басқа да конфессияларға діни қызмет етушілер болды.

Бұл Жаратушыға сенім ізбасарлары мен уағызшыларының төзімділігі мен мұқалмастығы үшін діндер төлеген қасіретті құн болатын.

Бүгін дінге қарсы жасалып жатқан өнегесіз іс-әрекеттер, бұл храмдарды «аластауға» әрекеттенген 20-30-шы жылдар барысындағы оқиғалар сияқты құбылыс болып табылады.

Біз мұндай қылықтарды шешімді түрде жазғырамыз және барлық дін көшбасшыларына, барлық діндерге жауыққан құдайсыздарға қарсы тұруда қолдау білдіреміз.

Қымбатты достар!

Қазіргі дүние жол айырығында тұр.

Сондықтан съезде талқылауын күткен түйінді мәселе жүз есе көкейкестірек бола түседі.

Адамзаттың жаһандық тарихында Бейбітшілік пен Келісімнен өткен құндылықтар болған емес.

Қазіргі дүниеде әлемдік құрылыстың оң тұжырымдамасының тапшы екенін мойындауға тура келеді.

Адамзат, бұрындары талай мәрте болғанындай, оған Жоғары Сана берген жаңалықтардың барлығын әркез әлем игілігі жолына жұмсамауда.

Мәселен, халықтарды біріктіруге тиісті аса жоғары ақпараттық технологиялар мен аса жаңа коммуникациялар көп жағдайда адамдарды бөлу үшін, қоғам іші мен елдер арасына жаңа тосқауылдар қою үшін қолданылуда.

Желілік ресурстар білім таратудың орнына көп жағдайда кесірлі істерді насихаттауға қызмет етіп, жалғандықтың, адамдардың арсыз түйсіктерінің, ағайынаралық өшпенділікке үндеулер мен жеккөрушіліктің ұрығын шашады.

Кез келген қоғамның моральдық және өнегелілік беріктігі – отбасы, балаларды тәрбиелеу дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы және басқалар бұзылады.

Осының бәрі қазіргі заманның ащы шындықтары.

Өз кезегінде мен өзімнің саяси тәжірибемнің нәтижесі болып табылатын өзімнің көзқарасымды білдіргім келеді.

Жаһандану жағдайында әлемдік экономиканы рецессиялық тығырықтан бүкіл ұлттар қоғамдастығының бірлескен күш-жігерімен ғана алып шығуға болады.

Мұны барша жұрт мойындайды.

Сондықтан осыдан бір апта бұрын Астана экономикалық форумында мен ХХІ ғасырда әлемдік қарым-қатынастардың тиімді моделін қалыптастырып, жүзеге асыруды ұсындым.

Мен оны «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» деп атадым.

Бұл – дағдарыстардан сенімді қорғалған, тиімді әлемдік валютасы, сауда мен ықпалдастықтың әділетті жүйесі бар өркендеген жаһандық экономика.

Бұл – жоғары технологиялар адамдардың бақыты мен әл-ауқаты үшін қызмет ететін әлем.

Бұл – халықтар мен мемлекеттер арасындағы өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің берік негіздері бар әділеттілік пен сенім әлемі.

Бұл – барлық проблемалар келісім мен құрмет негізінде шешілетін ұлттардың толерантты қауымдастығы.

Бұл – ядролық қырып-жоюдан біржола азат етілген, жаппай қырып-жою құралынан тыс біздің планетамыз.

Мен адамзат бес іргелі қағидаттарға негізделген осындай модельді құруға қажетті білімдер мен тәрбиелерге ие деп сенемін.

Біріншіден, бұл әлеуметтік-саяси жүйе дамуының эволюциялылығы, саяси дамудың түрі ретіндегі революциядан бас тарту.

ХХІ ғасырда дін емес, дәл осы революция халық үшін апиынға айналды.

Екіншіден, бұл бүкіл мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардағы әділеттілік, теңдік және консенсус.

Үшіншіден, халықаралық қарым-қатынастарда кез келген «қосарлы стандарттарды» және «күбір-сыбыр әңгімені» жоққа шығаратын жаһандық транспаренттілік.

Төртіншіден, өткен жүзжылдықтың блоктық психологиясынан арылған, геосаяси тепе-теңдік жүйесі ретіндегі сындарлы көп полярлылық.

Және ең соңында, бесіншіден, ХХІ ғасырдағы мәдениетаралық, дінаралық және мемлекетаралық қарым-қатынастардың бастапқы негізі ретіндегі жаһандық толеранттылық пен сенім.

Мен полимәдениеттілік, этностық және діни саналуандық – ол қоғам үшін қатер емес, орасан артықшылық деп есептеймін.

ХХІ ғасырда толеранттылық инновациялық экономиканы дамыту мен өркендетудің шешуші факторына айналып отыр.

Соңғы 30 жылда этномәдени сан алуандылығымен ерекшеленген елдердің неғұрлым зор табыстарға жету фактісін көрмеуге болмайды.

Бүгінгі әлем осындай тәжірибені кеңінен таратуға және дамытуға мұқтаж.

Бұл тұрғыда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ХХІ ғасырда әділетті әлем құрудың негізін идеялық-рухани құрылымдауға нақты бағытталған жетекші үнқатысу тұғырнамасы бола алар еді.

Бүгінде жаһандық үнқатысу – ол тек халықаралық форумдар мен кездесулер ғана емес.Интерактивті қарым-қатынастар жасау арқылы оған барған сайын бүкіл әлем бойынша көптеген адамдар атсалысуда.

Қазақстан ұсынған G-GLOBAL идеясы мен пішіні бұл тұрғыда жаһандық өзара түсіністік пен толеранттылық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сондықтан мен Төртінші Съезге қатысушылардың ақ тілеуімен жаһандық толеранттылық пен сенімді қалыптастыру мен нығайту проблемаларына арналған Интернет-ресурс құруды ұсынамын.

Бәлкім, ол G-GLOBAL жалпы электронды порталының бір бөлігі де бола алар еді.

Оның шеңберінде Дін көшбасшылары кеңесі мен біздің Съезіміз Хатшылығының интерактивті отырыстарын өткізуді, интернет пайдаланушылардың кең ауқымы үшін тұрақты түрде онлайн-форум жүргізуді қарастырудың маңызы зор.

Мен бұл ұсынысқа сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін.

Құрметті Съезге қатысушылар мен меймандар!

Бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделі – ол біздің еліміздің табысты дамуының арқаулық факторы.

Тәуелсіз Қазақстан – бұл 140 этнос бейбітшілікте және келісіммен өмір сүріп жатқан ел.

Біз ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында экономикасы неғұрлым ырғақты дамыған елдердің үштігіне ендік.

Біз этносаралық келісімнің өзіндік моделін құрдық.

Кез келген этносқа және дінге жататын қазақстандық – ол тең құқылы азамат, біртұтас азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі.

Біз әрбір адамның өз дінін еркін ұстануы, туған тілін оқып және пайдалануы, өз этносының мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуы үшін барлық жағдайларды жасаудамыз.

Әрбір дін – ислам, православие, католицизм, протестанттық діни ілім, иудаизм, буддизм және басқалар уағыздайтын жоғары құндылықтар – әркезде де Қазақстан мемлекетінен қолдау тауып келеді.

Сондықтан біздің қоғамымызда 20 жылдан астам уақыттан бері рухани қайта өрлеу үрдісі жүруде.

Жаңа мешіттер мен храмдар бой көтеруде.

Біз конфессияаралық келісімді нығайтудың 2016 жылға дейінгі бағдарламасының жобасымен жұмыс істеудеміз.

Қазақстанның бастамасымен 2010 жыл Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы ретінде өтті, ал 2013-2022 жылдарды ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялады.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында 2010 жылы біз оған толеранттылықты нығайту мәселесін қоса отырып, әріптестерімізге еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік өлшемдерінің санын кеңейте түсуді ұсындық.

ЕҚЫҰ Астана саммитінің Декларациясында конфессияаралық үнқатысуды дамыту, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту туралы біздің бірқатар идеяларымыз көрініс тапты.

Қазақстан бір жыл бойы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымын басқарды, оның өзі Умма үшін күрделі уақытпен тұспа-тұс келді.

Біз әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық саладағы өткір проблемаларды шешуде мұсылман мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар ұсындық.

Бүгінде мұсылман әлемінде күрделі үдерістер жүруде.

Мұнда экономикасы ырғақты және елеулі әлеуметтік-саяси проблемалары жетерлік елдер бар.

Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары.

Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты Ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес.

Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегенділік емес, тіпті қатерлі де.

Үлкен де көп бейнелі әлемнің осынау бөлігінде болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарау қажет.

Қазақстан – мұсылман тұрғындары басымдыққа ие ел.

Ислам діні – біздің халқымыздың рухани тіректерінің бірі.

Біз олардың қандай дінге және этномәдениетке жататынына қарамастан барлық қазақстандықтардың жалпы ұлттық бірлігі мен келісімінің ерекше формуласын қалыптастырдық.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – бұл Қазақстанның бүкіл әлемге парасатты сыйы.

Алдағы жылы Бірінші Съездің шақырылғанына 10 жыл толады.

Осыған орай алдағы жылы онда үнқатысудың маңыздылығы мен көкейкестілігін, діни рухани көшбасшылардың бітімгершілік рөлін арттыруды атап көрсете отырып, Дін көшбасшылары кеңесінің арнайы үндеуін дайындап, қабылдау жөнінде ұсыныс білдіргім келеді.

Қымбатты достар!

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу діндер арасындағы бітіспес әртүрлілік пен алауыздық туралы тезистің бар болғаны елес қана екенін білдіреді.

Бір-бірімен жауласатын діндер емес, адамдар мен мемлекеттер.

Әлемнің ұлы ойшылдары дінді өнегелілік формуласы деп атайды.

Ұлы Абайда «Дінге сенушінің борышы – жақсылық жасау. Бірақ сенімсіз жасалған жақсылық не тұрады?» деген сөз бар.

Кез келген діннің жоғары мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетілу жолына қайтару болып табылады.

Біздің жоғары мәртебелі форумның басты мақсаты да осыған келіп тіреледі.

Барлық Съезге қатысушыларға жемісті және сындарлы пікірталастар тілеймін.

Біздің ізгілікті ниеттерімізде бізге Жаратушының жәрдемі тие берсін!