Автор: Гүлсана Қожабай
Астана, 2026 жылғы 5 маусым
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға қол қойды.
Бұл – конституциялық реформаны нақты институттар арқылы жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қазақстан Халық Кеңесін кезекті консультативтік алаң ретінде емес, қоғамдық диалогты ұйымдастырудың жаңа деңгейі ретінде қабылдау қажет. Енді оның конституциялық мәртебесі, өкілдіктің айқын жүйесі және ауқымды өкілеттіктері бар.
Бұл бастаманың Қазақстан үшін тарихи маңызы зор. Ол өткеннің тәжірибесі мен болашақтың сұранысын өзара сабақтастырып отыр.
Қазақтың саяси дәстүрінде кеңесу мәдениеті әрдайым ерекше орын алған. Кеңес құру, құрылтай өткізу, ақсақалдардың бәтуалы сөзіне жүгіну, түрлі мүдделердің арасында тепе-теңдік табу – мемлекеттік басқару тәжірибесінің ажырамас бөлігі болды. Дала дипломатиясының өзегі де күрделі мәселелерді бөліну арқылы емес, ортақ мәмілеге келу арқылы шешуде жатқан еді.
Бүгінде осы тарихи дәстүр заманауи құқықтық сипатқа ие болып отыр.
Халық Кеңесінің жаңа құрылымындағы негізгі ерекшеліктер қандай?
Біріншіден, өкілдік қағидаты. Кеңес құрамы үш тең квота негізінде қалыптастырылады: этномәдени бірлестіктерден – 42 өкіл, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардан – 42 өкіл, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 өкіл.
Бұл кездейсоқ іріктелген құрам емес. Негізгі мақсат – өңірлердің, азаматтық қоғамның және этномәдени қауымдастықтардың үнін бір алаңға тоғыстыру.
Екіншіден, қалыптастыру тәртібі. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы Хатшылық арқылы жасақталып, Мемлекет басшысының бекітуіне ұсынылады. Кеңес Төрағасы Сессия барысында жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам бұл лауазымды қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды.
Үшіншіден, өкілеттіктері. Халық Кеңесі қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылап қана қоймай, Құрылтай қарауына заң жобаларын енгізуге, сондай-ақ республикалық референдум өткізу бастамасын көтеруге мүмкіндік алады. Яғни бұл жай ғана пікір алмасу алаңы емес, қоғамдық ұсыныстардың заң шығару деңгейіне дейін жетуіне жол ашатын нақты тетік.
Төртіншіден, нәтижелілік қағидаты. Халық Кеңесінің мемлекеттік органдарға жолданған ұсынымдары мен ұсыныстары міндетті түрде қаралуға тиіс. Бұл қоғамдық диалогтың тек пікір білдірумен шектелмей, нақты институционалдық жалғасын табуына мүмкіндік беретін маңызды норма.
Қазақстан Халық Кеңесінің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу мәселесі де беріледі.
Съезд – Қазақстанның гуманитарлық дипломатия саласындағы ең танымал халықаралық бастамаларының бірі. Ол еліміздің жұмсақ күш (soft power) әлеуетін арттыратын және орта держава (middle power) ретіндегі орнын нығайтатын маңызды құрал саналады. Бұл алаң арқылы Қазақстан конфессияаралық және дінаралық диалогты, сондай-ақ жауапты дипломатия қағидаттарын халықаралық деңгейде ілгерілетіп келеді.
Съезі жаңа институционалдық құрылым аясында дамыту – жай ғана техникалық шешім емес. Бұл ішкі келісім саясаты мен сыртқы диалог саясатының өзара сабақтас әрі біртұтас жүйе ретінде қарастырылатынын көрсетеді.
Мұның барлығы конституциялық реформаның ішкі логикасымен үндеседі. Мемлекет тек билік институттарын жетілдіріп қана қоймай, қоғамдық қатысуды, қоғамдық келісімді және гуманитарлық дипломатияны нығайтатын тетіктерді де күшейтіп отыр.
Қысқаша айтқанда, Халық Кеңесі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан кеңесу мәдениетін заманауи мемлекеттік институт деңгейіне көтеруге бағытталған бастама болса, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі оның халықаралық деңгейдегі маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Сондықтан бұл заңды кезекті мемлекеттік органның құрылуы ретінде емес, қоғамдық диалогтың нақты мәртебесі, рәсімдері және шешім қабылдау үдерісіне ықпал ету мүмкіндігі бар жаңа саяси архитектураның маңызды элементі ретінде бағалау қажет.