2025 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласындағы Достық үйінде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел барысында Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқыды. Үндеуде жасанды интеллектінің тіл мен нарративті қалыптастырудағы ықпалын дұрыс бағамдау, әлеуметтік желілердегі агрессияға қарсы тұратын бейбіт коммуникация тетіктерін ілгерілету аса маңызды екені атап өтілді. Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы бейбітшілік журналистикасы тек кәсіби бағыт қана емес, елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. Оның пікірінше, медианың жауапкершілігі мен этикалық ұстанымдары жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан қазіргі кезеңде бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.
Іс-шара модераторы, Назарбаев университетінің ассоц. профессоры Молдияр Ергебеков қазіргі медиа кеңістікте соғыс пен қақтығыстар туралы ақпараттың басым екенін, ал бейбітшілік туралы мазмұнның жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында диалог пен келісімді ұстанатын бейбітшілік мекені екенін айта келе, бейбітшілік журналистикасы бейбіт тілді қалыптастыратын нақты методиканы ұсынуы қажет деген пікір білдірді.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай қатысушыларға ҚР Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін оқыған болатын.
Министр өз құттықтау сөзінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа және бейбітшілік журналистикасы» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің ақпараттық кеңістікте жауапкершілік, адамгершілік және этикалық құндылықтарды нығайтуға, жастар тәрбиесі мен қоғам тұрақтылығына үлес қосатын маңызды алаң екенін атап өтіп, оның жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Орталық Төрайымы өз кезегінде келесі жылы аталған тақырыпқа арналған Астанада халықаралық конференция өтетінін хабарлады.
Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азия кеңсесінің директоры Мұхаммед Еламин журналистиканың бейбітшілікті нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып, жасанды интеллект өшпенділікке емес, диалог пен өзара түсіністікті дамытуға қызмет етуі тиіс екенін баса айтты. Ол саясаткерлер, журналистер, технологтар мен діни көшбасшылардың ортақ жауапкершілігін атап өтіп, кездесудің нақты ұсыныстарға ұласатынына сенім білдірді.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай бейбітшілік тілі тек заңмен ғана орнықпайтынын, оның қоғамдық санада, күнделікті қарым-қатынаста қалыптасуы қажет екенін айтты.
Талқылау барысында «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа өкілдерінің шамамен 90 пайызында нақты редакциялық саясаттың жоқтығына назар аударды. Оның айтуынша, бұл жағдай өнегелік және этикалық мәселелерге алып келеді, сондықтан әрбір медиада айқын редакциялық саясат қалыптастыру аса маңызды.
Қазақстан Республикасы Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова «Біздер медиадан қысым көріп жатқан жоқпыз, керісінше, медиа бізден қысым көріп жатыр» деп, жасанды интеллект дәуіріндегі медиаға түсіп отырған жүктеме мен жауапкершілікке тоқталды. Ол қазіргі жағдайда журналистиканың кәсіби тұрақтылығы мен этикалық иммунитетін күшейту қажеттігін атап өтті.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар жасанды интеллекттің медиа кеңістіктегі рөлі, ақпараттық қауіпсіздік, жалған ақпаратпен күрес, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы журналистиканың миссиясы туралы пікір алмасты. Сарапшылар алгоритмдер мен цифрлық платформалардың қоғамдық санаға әсерін талқылап, бейбітшілік журналистикасының қағидаттарын жаңа технологиялармен ұштастырудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, бейбітшілік журналистикасының ең қажетті әрі ең ықпалды формаларының бірі ретінде кино өнеріне ерекше назар аударылды. Қазақ киносында бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру үшін сценарийлік сараптамаға бейбітшілік журналистикасының критерийлерін енгізу, кейіпкерлерді стереотиптер жиынтығы ретінде емес, көпқырлы тұлға ретінде көрсету, қақтығыстарды тек күш арқылы емес, диалог пен трансформация арқылы шешетін троптарды насихаттау, кино білімінде медиа этиканы күшейту және жасанды интеллектке қатысты нақты этикалық кодекстер қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Іс-шара барысында спикерлер медиасауаттылықты арттыру, журналистерді жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен қолдануға үйрету, сондай-ақ қоғамда диалог пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірлескен жобаларды дамыту жөнінде нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Дөңгелек үстел жұмысына медиа саласының сарапшылары мен журналистер қатысып, технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы медиакеңістіктің құрылымын өзгертіп, цифрлық платформалардың қоғамдық пікірге ықпалын күшейтіп отырғанын, бұл өз кезегінде жаңа этикалық стандарттарды, жауапкершілікті және кәсіби тұрақтылықты талап ететінін атап өтті.
Аталған іс-шарада көтерілген мәселелер мен ұсыныстар қоғамдық келісімді нығайту және заманауи медиамәдениетті дамытуға бағытталған алдағы жұмыстарға берік негіз болмақ.