2025 жылдың 30 шілдесінде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйымдастыруымен «Орталық Азия елдерінің XXI ғасырдағы мәдениеттерінің тату көршілігі» атты халықаралық онлайн-конференциясы өтті.
Қазіргі жаһандық цифрландыру, көші-қон және әлеуметтік өзгерістер жағдайында Орталық Азия аймағындағы елдердің рухани және мәдени байланыстарын тереңдету, сондай-ақ өзара түсіністік пен құрметке негізделген мәдениетаралық диалогты жандандыру қажеттілігі артып отыр. Бұл бағыттағы бастамалар Орталық Азияның көне мәдени мұрасы мен дінаралық тәжірибесін негізге ала отырып, аймақты әлемдік конфессияаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналуына мүмкіндік береді.
Конференцияның мақсаты – Орта Азия аумағындағы мәдениет пен ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орта өкілдерін өзара тәжірибе алмасуға, тың идеялар мен ортақ бастамаларды талқылауға мүмкіндік беретін ашық әрі мазмұнды диалог алаңын қалыптастыру болды.
Жиынды Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма Төрағасының м.а. Марат Қалижанов бастады. Ол өз сөзінде қонақтармен аталмыш конференцияда жүздескеніне қуанышты екенін білдіріп, жаңа дәуірде тату көршіліктің ерекше маңызға ие екенін айта кетті.
Алғашқы сөз кезегі ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатайға берілді. Е. Мұқатай қатысушыларға алдымен ислам дініндегі көршіге деген ықыластың мән-мағынасын түсіндіріп, көршімен көркем түрде араласудың ең асыл істердің бірі екенін жеткізді. Ол осы ретте өз сөзіне ислам мәдениетінің өркениет ретінде дамып, белең алуына Орта Азия аумағының ықпалы зор екенін айтты. Дегенмен, «Бүгінгі таңда рухани байланыстың баяу, бояуы селдірт басып жатыр» –, дей отырып, назарды рухани, мәдени бауырластықты нығайтуға бағыттау керектігін айтты.
Ал Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур (Түркия) мәдениетаралық байланыстың маңызын ерекше атап өтті. Өз баяндамасында Суат мырза Еуразия аумағы, әсіресе Түркістан мәдениетінің жаһандық өркендеу үрдісіне елеулі үлес қосқанын айтты. Ол ежелгі Жібек жолынан бастау алатын елімізді мәдениеттер мен өркениеттерді тоғыстыратын «алтын көпірге» балап, көршілес елдер арасындағы татулықтың мызғымас боларына сенім білдірді.
Орталық Азия халықаралық зерттеу институтының халықаралық мәселелер жөніндегі директоры Икрам Алишер (Өзбекстан) ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қалдырған рухани қазынасы – ортақ тіл, өнер, дін мен тарихи мұралар арқылы бізге дарығанын айтты. Ол ЮНЕСКО ұйымының ғалымдары Орта Азия өңірінде жүргізген зерттеулер нәтижесінде мәдени мұраны материалдық, материалдық емес (рухани) және жазба түрлеріне бөлінетінін баяндады. Материалдық мұраға Қарақұм мен Ферғана-Сырдария дәліздерін жатқызса, рухани мұраға түркі халықтарын біріктіретін ұлы Наурыз мерекесін мысалға келтірді.
Орталық Азия бойынша Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) кеңесшісі Әшірбек Муминов өз сөзінде заманауи технологиялардың ортақ мәдени мұраны дәріптеу мақсатында көмекші болатынын тілге тиек етті. Ғасырлар бойы сақталған бауырластықтың ғылыми, мәдени мұраларын жалғастыру үшін арнайы сарапшы мамандардың, рестовраторлардың жетіспейтінін сөзіне қосты. Соған орай, ғалым бауырлас елдер арасында мамандардың тәжірибе алмасып, арнайы семинар, форумдарды өткізуін ауадай қажет деп білетінін пайымдады.
Өзбекстан мұсылмандары басқармасы төрағасының орынбасары Мухаммадолим Мухаммадсиддиков өз сөзінде мәдениетаралық диалогты дамыту – өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілік кепілі екенін атап өтті. Ол жастарды мәдени мұрамен таныстыру және цифрлық технологиялар арқылы олардың қызығушылығын арттыру – ұрпақтар сабақтастығын жалғасытырудың тиімді жолы екенін айтты
Митрополиттік округтің иеромонахы Дмитрий (Байдек) қыркүйек айында Астанада өтетін VIII Дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін асыға күтетінін айтты. Байдек әкей Сьезді – жаһандық бейбітшілікті нығайту жолында түрлі діндер мен конфессиялар өкілдерін бейбітшілікке жетелейтін таптырмас алаң деп бағалады. Осы аумалы-төкпелі заманда рухани лидерлердің өзара келісімі мен татулығының айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және елімізден қосылған қатысушылардың жалпы саны – 31 кісі.
Конференция соңында қатысушылар Орталық Азия елдері арасында мәдениетаралық және дінаралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған нақты ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, конференцияда гуманитарлық саладағы кәсіби және академиялық алмасу мәселесін қолдау мақсатында сарапшылар желісін қалыптастыру мәселесі көтерілді.
Іс-шара онлайн форматта ZOOM платформасында өтті.