Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Дінаралық татулықтың алтын көпірі – Астана

Бөлісу

Бүгінгі таңда дәл қазақ жерінде уақытпен сыналған ұлтаралық және дінаралық келісімнің тиімді моделі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшілік аумағы, мәдениеттер мен діндердің диалог алаңы ретінде қабылданатын болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Осы ретте, адамзаттың басты құндылықтары саналатын бейбітшілік пен татулық, тұрақтылық пен ынтымақ жолында Астана қаласы маңызды рухани орталыққа айналып отыр. Бұл – түрлі діндер мен өркениеттерді  өзара түсіністік пен келісімге жетелейтін жолдың «бастау нүктесі». 2003 жылдан бері Қазақстанның бастамасымен жүзеге асып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі – халықтар мен мемлекеттер арасында сенім мен серіктестікке дәнекер болған рухани алаң. Бұл форум – әртүрлі сенім мен ұстанымдағы қауымдастықтарды ортақ мұратқа ұйыстырып, ымыра мен келісімге негізделген болашақтың жарқын үлгісін ұсынып келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі — Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы маңызды бастамаларының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылатын бұл форум дін өкілдері арасында диалогты күшейтіп, әлемдік бейбітшілік пен келісімді нығайтуға септігін тигізуде.

Мемлекетіміздің салмақты саясатының арқасында көпұлтты әрі көпконфессиялы елімізде діни ахуал тұрақтылығы сақталып келеді. Бұл үрдіс Жетісу жерінде де  көрніс тауып, республикадағы заңды тіркелген 18 конфессияның 11-і облысымызда дінаралық татулық принциптерінің негізінде қызметін жүзеге асыруда. Бұл бағытта атқарылған істердің ішінде мақтанышпен тілге тиек етері де көп,  болашаққа жоспарлаған жобалар да аз емес. Оның ішінде негізгісі – өңірде конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған діни бірлестік жетекшілерінің Клубы.

Клуб қызметі аясында түрлі ашық талқылау, проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған дөңгелек үстел, интеллектуалдық және спорттық сайыс, ұлттық құндылықтарды дәріптеу форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Достық пен өзарасыйластыққа негізделген бұндай диалог алаңында талқыланатын кез келген актуалды мәселе оң шешімін табары сөзсіз!

Қазақстанның татулық пен бірлікті қолдау тәжірибесі әлемдік аренада үлкен құрметке ие болып, елдің халықаралық беделін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Қазіргі жаһандану дәуірінде, технологиялар дамып, халықтар арасындағы байланысты нығайтатын шақта, мұндай халықаралық кездесулердің маңызы ерекше.

Осы орайда, 17-18 қыркүйек күндері Астана қаласында өтетін VIII съездің тақырыбы — «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» — әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған. Дін – адамзаттың рухани құндылықтарының қайнар көзі, ғасырлар бойы қоғамның тұрақтылығы мен даму негізі болып келген асыл мұра. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дін өкілдері Астанада өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға үлес қосады. 22 жыл бұрын бастау алған бұл съезде ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм сияқты дәстүрлі діндердің жетекшілері қатысып, өзара сенім мен құрмет орнату жолында маңызды қадамдар жасалды. Бірінші съезге Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінің 17 делегациясы қатысты. Ол кезде діни қауымдастықтардың рухани жақындасуы мен ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланып, діни лидерлер съезінің Хатшылығы құрылды және арнайы Декларация қабылданды. Сол уақыттан бері бұл форум әлемдік дін өкілдерінің бірлескен платформасына айналып, әр үш жыл сайын Қазақстан астанасында өткізіліп келеді. Биылғы съез әлемдік деңгейде өз маңызын одан әрі арттыра түседі. Қазіргі таңда адамзатты ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірудегі діннің орны айрықша. Бұл бағытта атқарылар іс те, қайта жаңғыратын рухани мұра да аз емес. Технология дамудың шырқау шегіне жеткенімен, рухани-адамгершілік құндылықтар өз мәнін жоғалтпай, келер ұрпаққа өсиет болып жетуі — барша адамзатқа ортақ міндет. Осы орайда, Астана төрінде өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде бұл мәселелер тереңінен талқыланып, бүкіл әлем халықтарының бейбітшілік пен өзара түсіністікке ұмтылысы айқын көрініс табады деп күтілуде.

2025 жылғы 17-18 қыркүйек күндері өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі панелдік сессиялар түрінде ұйымдастырылады. Бірінші сессияда «XXI ғасыр: адамзатты ортақ мүддеге ұйыстырудағы діндердің рөлі» тақырыбы талқыланып, діндердің әлемдік қоғамдағы үйлестіруші күш ретіндегі ықпалы қарастырылады. Екінші сессияда «Дін – әлемнің орнықты дамуының факторы» мәселесі көтеріліп, дін мен тұрақты даму мақсаттарының өзара байланысы мен маңыздылығы сөз болады. Съезд барысында өтетін үшінші сессия «Цифрлық даму және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар» деп аталып, жаңа технологиялар мен инновациялардың рухани өмірге әсері және олардың құндылықтарды сақтау мен дамытудағы орны қарастырылады. Төртінші сессия «Дін – экстремизмге қарсы» тақырыбында өтеді, мұнда діндердің радикализм мен терроризмге қарсы күрестегі рөлі мен тәжірибесі талқыланады. Осылайша, съезд қазіргі заманғы күрделі мәселелерді жан-жақты көтеріп, діни қауымдастықтардың ұстанымдарын ортаға салып, бірлескен шешімдер іздейтін халықаралық алаңға айналады.

Қазақ халқы үшін дін – рухани тірек, ұлттық болмыстың өзегі. Сан ғасырлық тарихымызда дін мен дәстүр қатар дамып, халқымыздың дүниетанымы мен өмір сүру салтына терең сіңді. Иманға негізделген ізгілік, еркін ой мен жауапкершілік – бұл халқымыздың жүрегінде ұялаған қасиетті құндылықтар. Осындай асыл мұраны жырлаған ұлы ойшыл Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деп, адамгершілікті ең биік мұрат етіп көрсетті. Бұл — тек қазаққа емес, бүкіл адамзатқа арналған өсиет. Осы рухани іргетасты негізге ала отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі – түрлі дін өкілдерінің басын қосып, өзара түсіністік пен келісімге бастайтын ерекше алаң болып отыр. Бұл форум – тек діни ғана емес, сонымен қатар гуманистік, мәдени және жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды бастама. Онда қабылданған шешімдер адамзаттың тұрақты дамуына серпін беріп, бейбітшілік пен татулыққа жол ашады. Астанада өтетін Съездің кезекті VIII отырысы – Қазақстанның әлем алдындағы беделін арттырып, біздің елдің жаһандық бейбітшілік пен диалогты нығайту жолындағы миссиясын айшықтайды. Бұл халықаралық алаң – еліміздің діндер мен мәдениеттерді тоғыстыратын, татулықты ту еткен ел ретіндегі рөлін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Жетісу облысы дін істері  басқармасының басшысы Сағыныш Асқарұлы Жаңабай    

 Толығырақ: https://www.astana-akshamy.kz/dinaralyq-tatwlyqtyng-altyn-koepiri-astana/