2025 жылғы 25–26 маусым күндері Алматы қаласында «Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті мұрасын сақтау» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы (Қазақстан), Мұсылман ақсақалдар кеңесі (БАӘ) Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – рухани дипломатияны жаһандық сын-қатерлер жағдайында бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудың пәрменді құралы ретінде дамыту болды. Осы тұрғыда конфессияаралық ынтымақтастықты тереңдету, сенім мен өзара құрметке негізделген халықаралық әріптестікті ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында рухани дипломатияның маңызды құрамдас бөлігі ретінде қасиетті кітаптарды қорғау мәселесі де қаралды. Бұл бағыт Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында айтқан: «Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс» деген мәлімдемесіне сәйкес көтерілді. Қатысушылар діни мәтіндер мен көне жазбаларды сақтау, оларды ұрпаққа жеткізу және өркениетаралық диалогтағы маңызын арттыру жолдарын талқылады. Атап айтқанда, XII ғасырдағы Құран қолжазбасын қалпына келтіру бастамасы шеңберінде киелі мұраны қорғауға бағытталған нақты ұсыныстар берілді.
Дөңгелек үстелге Мұсылман ақсақалдар кеңесі, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA), Франциядағы Шығыс тілдері және өркениеттері ұлттық институты (INALCO), Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғам (WOSCU), Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы және өзге де халықаралық және отандық діни, ғылыми, мәдени ұйымдардың өкілдері қатысты. Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы атынан Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров құттықтау сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел бірнеше секциядан тұрды. Бірінші күні Нұр-Мүбарак университетінде өткен отырыстарда «Рухани дипломатия және өзара сенімді қалыптастырудағы діндердің рөлі» және «Қасиетті мұраны сақтау: заманауи көзқарас пен сын-қатерлер» тақырыптары қарастырылды. Екінші күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткен секцияда діни қолжазбаларды реставрациялау тәсілдері мен олармен жұмыс істеу этикасы сөз болды. Қатысушылар XII ғасырдағы Құран қолжазбасымен танысып, оның тарихи және мәдени құндылығы жөнінде пікір алмасты. Франция, Түркия, Иран және Қазақстаннан келген сарапшылар жәдігердің маңызын саралап, ғылыми ойларымен бөлісті.
Іс-шараның соңғы күні ҚМДБ Исламды зерттеу институтында жалғасты. Қонақтар институттың ғылыми-зерттеу қызметімен және ислам мұрасын зерделеуге бағытталған жобаларымен танысты. Сонымен қатар, Алматы қаласының киелі орындары бойынша экскурсия ұйымдастырылып, қатысушыларға қаланың мәдени-тарихи келбетін тануға мүмкіндік берілді.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар қасиетті жазбаларды сақтау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде ортақ ұстанымға келді. Сонымен қатар, діни және ғылыми ұйымдар арасында тұрақты серіктестік байланыс орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Іс-шара офлайн форматта өтіп, қазақ, орыс және араб тілдерінде синхронды аудармамен қамтамасыз етілді.