Бүгінде Әлемдік жіне дәстүрлі діндер лидерлері Съезі таныстыруды қажет етпейтін Қазақстанның халықаралық сахнадағы ұлттық бренді саналады. 20 жылдық өткені бар Дінаралық саммиттің Қазақстан жерінде өткізілуіне әлемдегі бірқатар оқиғалар түрткі болды. Ғасырлар тоғысында әлемде дінаралық қатынастарға әсер ететін алаңдатарлық жағдай қалыптасты. ХХІ ғасыр 2001 жылы 11 қыркүйекте 3000 жуық адамның өмірін қиған Егіз Мұнараларға жасалған терактпен басталған болатын. Лаңкестік оқиға құрбандардың саны бойынша әлемдегі ең үлкен оқиға саналды. Бұл әлемді өзгерткен үлкен оқиға болды. Осылай, діни лидерлер ұдайы бас қосатын алаң қажеттілігі туды. 2001 жылғы қыркүйекте Астанаға Рим Папасы II Иоанн Павел мемлекеттік пасторлық сапармен келген болса 2002 жылы Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, 2003 жылғы ақпанда Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы өтті. Бұл оқиғалар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін шақыру туралы ауқымды бастаманың пайда болуына ықпал етті. Осылай, Әлемдік жіне дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ең алғашқы отырысы 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астана қаласында өткізілді.
Қазақстанның дінаралық саммит өткізу жайлы бастамасын католик шіркеуінің өкілдері қолдағанын атап өткен абзал.
Дінаралық Бірінші Съезге Еуропаның, Азияның, Африканың және Таяу Шығыстың 13 елінен рухани иерархтар мен құрметті қонақтар қатысқан болса VІІ Съезге әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысты. Съез отырыстарындағы өсу динамикасын мына сандардан байқауға болады: ІІ Съез 20 елден 29 делегация, ІІІ Съез 35 елден 77 делегация, ІV Съез 40 елден 85 делегация, V Съез 42 елден 80 делегация, VI Съез 43 елден 82 делегация қатысты. Әр Съезде делегация санының артуымен, қатысушы мемлекеттер, демек географиялық кеңеюімен қатар дін және конфессия өкілдері тұрғысынан да ұлғайды деп пайымдауға болады.
Сонымен қатар, Съез институционалды тұрғыдан да нығайды деп баға беруге болады. Әлемдік жіне дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Хатшылығы – І Съез шешімі бойынша құрылған Съездің жұмыс органы. Съез Хатшылығының басшысы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы саналады. Хатшылық құрамына ислам, христиан (православие, католицизм, лютерандық), буддизм, иудаизм, индуизм, зороастризм, даосизм, синтоизм сынды әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің өкілетті өкілдері кіреді. 2003-2023 жылдар аралығында Съез Хатшылығының 21 отырысы өткізілді. Хатшылық Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кеңесі мен Әлемдік жіне дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің жұмыстарын қамтамасыз етеді; Съездің ұсыныстары мен күн тәртібін әзірлейді; декларация, мәлімдеме мәтіндерінің және кеңес қабылдайтын өзге де қорытынды құжаттардың жобаларын дайындайды.
Съез отырыстарының басты тақырыптары да діни лидерлердің қызметі мен рөліне негізделген мазмұнды, өзекті мәселелерді қамтыды. Мәселен, әр жылдардағы Съездің тақырыптық бағыттарына зер салсақ «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік», «Бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы ретінде» сыны ауқымды тақырыптардан: «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі», «Бейбітшілік пен даму мақсатындағы діни лидерлер мен саясаткерлер арасындағы диалог», «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін», сондай ақ «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» сынды дінбасылардың маңызды рөліне арналған арнайы тақырыптар аясында маңызды тақырыптар талқыланып отырды.
Аталған тақырыптар аясында Рим Папасы Франциск, Әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмед әл-Тайеб, Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл, Бүкіләлемдік Ислам Лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель Мухсин ат-Турки сынды биік деңгейдегі діни лидерлер қатысып пікір білдіріп отырды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездері негізгі діни-конфессиялық құрамымен қатар құрметті қонақтарымен де ерекшеленді: әр жылдары Съез отырыстарына Иордания Хашимиттік Корольдігінің Королі Абдалла II, Біріккен Ұлттар Ұйымының сол жылдардағы Бас хатшысы Пан Ги Мун, сол кездегі Финляндия Президенті Саули Ниинистё және Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перес, Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич, Малайзияның экс-Премьер-Министрі Мохаммад Махатхир, Норвегияның экс-премьер-министрі Кьелл Бондевик, Канаданың экс-Премьер-Министрі Жан Луи Кретьен сынды ықпалды саяси тұғалар да қатысып отырды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі әр отырысында игі бастамаларға мұрындық болды. Қазақстан Елордасының көрікті жерлерінің бірі саналатын Бейбітшілік және келісім сарайы I Съез қатысушылары мақұлдаған бастаманың нәтижесі. Алғашқы Съез отырысы сәтті өткізілгеннен кейін, Астана қаласында ұдайы Съез және оның институттарының жиналыстарын өткізуге арналған жеке ғимарат қажет болды. Осылай, атақты британдық сәулетші Норман Роберт Фостердің жобасымен арнайы соғылған пирамидалық пішіндегі ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы бой көтерді. Пирамиданың құрылысы ІІ Съездің отырысы қарсаңында 2006 жылы аяқталып, қолдануға берілді. Осы уақыттан бері Сарай өзінің негізгі нысаналы мақсаты бойынша қызмет етуде.
Екінші Съезде 9 тармақтан тұратын «Дінаралық диалог принциптері» құжаты қабылданды. Съез бастамасы ретінде қабылданған бұл құжатта дінаралық диалог адалдыққа, төзімділікке, кішіпейілдікке жөне өзара құрметтеушілікке негізделетін және диалог барлық әріптестердің тең кұқықтылығын көздеуге және әрбір мәдениеттің, тілдің жөне дәстүрдің тұтастығын ескере отырып пікірді, көзқарас пен сенімді еркін білдіру аясын жасауға тиіс деген принциптер көрсетілген. Осы сынды Съездің жүзеге асқан, мәнді бастамаларына Діни лидерлер кеңесін құру, Бейбітшілік пен келісім мұражайын ашу, Съездің марапаттарын тағайындау, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталық» құру сияқты идеяларды атауға болады.
Әлемдік жіне дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қазіргі әлемдегі орнын айқындайтын бастама ретінде 2022 жылы күзде өткен соңғы VIІ Съез қатысушылары қолдаған құжатты айрықша атап өтуге болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Съез Хатшылығына «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» ауқымды құжатын дайындауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Тұжырымдамада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бүкіл адамзаттың игілігі үшін қазіргі әлемнің қайшылықтарын еңсерудегі ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдерін көрсетуді табыстады. Осылай, «Тұжырымдама» 2023 жылы өткен ХХІІ Хатшылықта талқыланып, бекітілді. Құжат бойынша Съездің 2023-2033 жылдардағы қызметі үш негізгі бағытта жүзеге асырылатын болады:
Бірінші. Өзекті жаһандық трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып, дінаралық форумдарды дайындау және өткізу.
Екінші. Съездердің декларацияларын жүйелі іске асыру негізінде қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу.
Үшінші. Рухани дипломатияны дамыту, Съездің халықаралық институттармен және алаңдармен, халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерімен серіктестік қатынастарын нығайту.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың онжылдық тұжырымдамасының негізі бағыттары бойынша көптеген іс-шаралар қарастырылған. Мәселен, Съез серіктестерімен бірлесіп Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де Съезд Декларациясын ілгерілету және практикалық іске асыру жөніндегі Жол картасын қабылдау көзделген. Съездер бағдарламасында Жас діни лидерлер форумын, сондай-ақ жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуымен басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланған. Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын және Съездің Құрмет медалін тапсыру бұдан кейін де жалғасын табатын болады.
Екінші бағыт бойынша, Съезд құрылымдары халықаралық ұйымдармен және ұлттық үкіметтермен серіктестікте съездаралық кезеңде өңірлік дінаралық конференциялар, консультациялар өткізуге ниетті. Құжатта діни лидерлер мен олардың өкілдерінің әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі даулар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мақсатында медиация рәсімдеріне қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Съезге қатысушылар Жас діни лидерлер форумы аясында еріктілер қозғалысын қолдап, дамытатын болады. Съезд материалдарының, баяндамаларының және еңбектерінің электрондық кітапханасын қамтитын халықаралық рухани білім онлайн-орталығы құрылатын болады. Съезд құрылымдары ғылым және білім беру құрылымдарымен серіктестікте діни диалог тақырыбын зерттеушілерге арналған Дінаралық ынтымақтастық жөніндегі стипендиялар бағдарламасын бастауға, сондай-ақ осы саладағы басқа жобалар мен зерттеулерге қолдау көрсетуге ниетті.
Үшінші бағыт бойынша, Тұжырымдамада Съезд құрылымдары «Бейбітшілікке арналған діндер», Дүниежүзілік ислам лигасы, әл-Азхар ал-Шариф, Мұсылман ақсақалдарының кеңесі, Хамада Королінің Жаһандық бейбіт қатар өмір сүру орталығы, Дохадағы Халықаралық дінаралық диалог орталығы, Діни және дәстүрлі бітімгерлер желісінің Хатшылығы, Король Абдалла ибн Әбдел Әзиз атындағы Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығы және басқа ұйымдар мен серіктестер сияқты мақсаттары мен міндеттері бойынша ұқсас көпжақты алаңдармен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға ниетті екендігі жазылған.
Сонымен қатар, қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын жеңілдету мақсатында әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері рухани дипломатия мүмкіндіктерін дамытуға жәрдемдесетін болады. Осы мақсатта Съезге қатысушылардың шешімімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Ізгі ниет елшілері тағайындалатын болады.
Аталған іс-шаралардың бірқатары онжылдық жоспардың алғашқы жылдарында жүзеге асады деп күтілуде. Тұжырымдамада Съез дамуының бірінші кезеңінде (2003-2023 жж.) Съез дінаралық диалогтың қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды.
Келесі кезеңде (2023-2033 жж.) Съезді дамыту парадигмасының негізгі элементі адамзаттың ең өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру болып табылады деп көрсетілген. Демек, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі тарихының алғашқы 20 жылы Съездің қалыптасу мен даму жылдары болса, алдағы он жылдығы Съездің әлемдік деңгейдегі рөлінің нығаюы мен дамуына серпін болмақ.
Әбішева Мадина Мағазқызы, т.ғ.к.
Съездің бастамаларын іске асыру департаментінің бас кеңесшісі