Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ БІРЛІГІ КҮНІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ӨЗАРА ТҮСІНІСТІКТІ ДӘРІПТЕУДЕГІ МАҢЫЗЫ

Бөлісу

ХХ ғасырға ағылшын тарихшысы және әлеуметтанушысы Эрик Хобсбаум шектен шығушылықтар дәуірі деген баға берді. Бұл дәуірде адамзат баласы түрлі қанды соғыстар мен жантүршігерлік шектен шығушылықтарға куәгер болды. Бірінен соң бірі тұтанған екі дүние соғысында жүз миллионға тарта адам қаза тауып, соғыспен қатар жүрген жантүршігерлік геноцид, еңбекпен түзеу лагерлеріне айдау және депортациялау саясаттары барысында тағы ондаған миллион адам зардап шекті. Қанды ғасырдың ұшқындары қазақ даласын да айналып өтпеді. Бұл жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде жазаға тартылғандарды еңбекпен түзеу және жер аударылғандарды қоныстандыру және қамау үшін ГУЛАГ жүйесіне тиесілі лагерлер жұмыс істеп тұрды. Сонымен қоса, соғыс жылдары көптеген ұлттар мен ұлыстар өз тарихи отандарынан сүргінге ұшырап, қазақ даласына депортацияланды. Қазақ халқы оларды осы бір қиын-қыстау заманда бауырына басты.

ХХ ғасырда Қазақ КСР-де индустрияландыру және тың игеру саясаттары да жүргізілді. Жаңа құрылған моноқалалардағы зауыттар мен фабрикаларға жұмысшы тарту мақсатында қазақ даласына Кеңестер Одағының ішкі өңірлерінен миллиондаған адам көшірілді. 1980-ші жылдарға дейін толастамаған бұл көш барысында индустрия орталықтарында жұмысшылар табы қалыптасты. Қазақ КСР-і осылайша көпұлтты және көпұлысты республикаға айналды.

Кеңес республикаларында сол кездегі биліктің жүргізген саясатының әсерінен қалыптасқан ұлттық ерекшеліктер Одақтың ыдырауы барысында үлкен мәселелердің тууына себеп болды. Жер-жерлерде ұлтшылдық бас көтеріп, ксенофобтық көңіл-күйлер артты. 1988 жылы Бірінші Қарабақ соғысы басталды, 1989 жылы Ферғанада аласаты орын алды, ал 1990 жылы Наманған қырқысы жазықсыз жандардың өмірін жалмады. Бұл оқиғалардың барлығы жаһан жұртшылығының терең алаңдаушылығын тудырды. Сол кездері посткеңестік кеңістікті зерттеген мамандар кезектегі қантөгістің Қазақстанда орын алуы мүмкін екендігін болжады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дәуірді еске ала отырып, «көп этносты, көп конфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылған болатын» деген еді.

Одақтың ыдырауы барысында және еліміздің егемендігін жариялаған алғашқы жылдары Республикамыздан халықтың жаппай көші байқалды. Бұл көште әсіресе Кеңестер Одағының еуропа халықтары басым болды. Бұған негіз болған екі себеп бар еді. Бірінші, көшкен халықтың басым бөлігі өздерінің жеке басының және отбасыларының болашағы мен қауіпсіздігіне алаңдап, жас елдің билігі елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады дегенге күмәнданды. Екінші себеп, бұл азаматтар өздерінің материалдық-экономикалық қауіпсіздігіне алаңдады. Кеңестік дүние-жүйе құлдырап, өңір экономикасының тұралауымен домино тасы секілді кеңестік қамсыздандыру жүйесі де құлады. Бұл миграция көрсеткішін тіпті ушықтырып, ел билігін қысқа уақытта азаматтардың жеке бастары және болашақтары жайлы уайымдарын сейілту үшін әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мәселелерін қолға алуға итермеледі.

Егемендік алған алғашқы он жылда ел билігі саяси ұстанымдардың оң және сол жаққа басымдығын болдырмай, азаматтар мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне деген достастығы мен сенімін арттыру мақсатында сындарлы саясат қолға алды. Қазақстан халқының татулықта қатар өмір сүруі, келісім мен бейбітшілікке деген талпынысы дәріптеліп, насихатталды. Ұлттар мен ұлыстардың мәдениеттеріне, өздерінің ана тілдерін еркін меңгерулеріне және сол тілде білім алуларына құрмет көрсетілді. 1995 жылдың 1 мамырында қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Аталған жылдың 18 қазанында елімізде 1 мамыр – «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жарияланды және Республика көлемінде аталып өте бастады. Президентіміз 2019 жылы сөйлеген сөзінде бұл мерекенің «еліміздегі барлық халық пен ұлт өкілдерін біріктіретінін» атап көрсеткен болатын.

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі іс жүзінде жүзеге асты десек артық айтқандығымыз емес. Қазақстан – азаматтары бейбітшілік пен келісімде қатар өмір сүретін, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Үйлесімде қатар өмір сүруді дәріптейтін бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі жаһан жұртшылығының назарын аударуда. Өйткені, бұл модельдің астарында тек ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тіліне емес, сонымен қоса, олардың діни наным-сенімдеріне деген құрмет жатыр. Бұл құрмет елімізде жиырма жылдан аса уақыт өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінде көрініс тапқан.

Елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі 2003 жылдан бастап 3 жылда бір рет өткізіліп келеді. 2022 жылы өткізілген VII Съезге әлемнің 50-ден аса елінен 100-ден аса делегация қатысты. Ислам өркениетінің алтын дәуіріне иелік еткен Түркістан мәдени кеңістігі солтүстік көршісі Еуропа, шығысында Қытай және оңтүстігінде Үндістан өркениеттерінен шыққан беделді дін лидерлерін бір дөңгелек үстел басына жинауда. Осылайша, Қазақстан өзінің мәдени ерекшелігі болып табылатын қонақжайлық, бейбітсүйгіштік, келісімде қатар өмір сүру және ерекшеліктерге деген төзімділік сезімдерін әлемге паш етуде. Бүгін Еуразияның жүрегінде орналасқан Астанасыз, оның «Бейбітшілік және келісім сарайынсыз» өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты елестету мүмкін емес.

Қоғамдық келісім, өзара құрмет пен татулықтың Қазақстандық үлгісі әлем бойынша ең озық үлгілердің бірі болып қала бермек. Бұл бағытта мәнді де мағыналы іс-шаралар өз жалғасын табатындығына бек сенімді болуға болады.

Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі

Н.Назарбаев орталығының

бас сарапшысы Р.Ибраев