І Съезде дінаралық форумды үш жылда бір ұдайы өткізу туралы маңызды шешім қабылданды.
Әбішева Мәдина Мағазқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі департаментінің бас кеңесші
Биыл Қазақстанның маңызды бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің алғашқы рет өткізілгеніне 20 жыл толды. Астаналық дінаралық саммиттің қалыптасу жолындағы жиырма жылдық қызметі тарихи оқиғалар мен игі ұсыныстарға толы болды. ХХІ ғасырдың басында қоғамдағы өсіп келе жатқан діннің рөлін және дін атын жамылған террористік ұйымдар тарапынан туындайтын қатерлерді ұғына отырып, Қазақстан 2003 жылы Астана қаласында діни лидерлердің дінаралық форумын өткізу жөнінде ерекше ұсыныс білдірген болатын. Бұл бағытта Қазақстан әртүрлі әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар арасында диалогты ілгерілетуге қатысты өзіне үлкен жауапкершілік артқанын жеке атап өткен абзал. Қазақстан бастамасы Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысы Шейх Ат-Турки, Орыс Православ Шіркеуінің Патриархы Алексии ІІ, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ, Израильдің Бас ашкеназий раввині Иона Мецгер және басқа есімі әлемге танымал діни лидерлер, ірі діни беделді тұлғалар тарапынан оң пікір тудырған қолдауға ие болды. Мемлекет басшылары мен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қолдауының арқасында қазақ жерінде 2003 жылдың 23-24 қыркүйегі аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бірінші Съезі болып өтті. Оның жұмысына қатысу үшін Астанаға әлемнің 14 елінен 17 делегация қатысқан болатын. Съез адресіне ірі державалар мен әлемдік ұйымдар, сонымен қатар әртүрлі шіркеулердің жоғарғы тұлғаларынан, атап айтқанда, Орыс Православ Шіркеуінің Патриархы ІІ Алексии, Рим Папасы ІІ Иоанн Павел, Кентерберийлік архиепископ Роуэн Уильямс, Константинополь Патриархы Варфоломейден құттықтау хаттары келіп түсті. Бірінші Съездің жұмысы діннің барлық адамзаттың амандығы үшін маңыздығын растайтын, діни лидерлер жаңа мыңжылдықта бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында рухани құндылықтар мен келіссөздер мәдениетін алға жылжыту ісінде ынтымақтастықты күшейтуге әрекет ететіні айтылған Декларацияны қабылдаумен аяқталды. Сонымен қатар, І Съезде дінаралық форумды үш жылда бір ұдайы өткізу туралы маңызды шешім қабылданды. Съезге қатысушылар дінаралық саммитті тұрақты өткізіп тұру жөнінде ұйғарымға келуімен қатар, форумның жұмыс органы – яғни, құрамына діннің жетекшілері мен көрнекті қайраткерлерінің өкілдері енетін Съезд Хатшылығы мен Жұмыс Тобын құру туралы шешім қабылдады. Аталған органдарға тұрақты түрде форумның мазмұнды және концептуалы құжаттары мен материалдарын, сонымен қатар Съездердің қорытынды құжаттарын дайындау жұмыстарын жүргізуі жүктелді. Съездің алғашқы бастамалары жайлы айтар болсақ, Бірінші Съездің қорытындысы бойынша, дін лидерлерінің форумы өткізіп тұруы үшін арнайы сарай салу шешімі қабылданды. Осылай, атақты британдық архитектор Норман Фостердің жобасы негізінде, Астана қаласында арнайы Бейбітшілік пен келісім сарайы бой көтерді. Осы сәулетті де бірегей ғимаратта 2006 жылда өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінен бастап, Съез Хатшылықтары мен бірқатар Съез отырыстары ұдайы өткізіліп келелі. Аталғандай, 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанада «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II Съезі өтті. Форум жұмысына Еуропа, Азия, Африка және Американың 20 елінен келген 43 делегация қатысты. Форумда II Съезге қатысушылардың қорытынды құжатымен қатар, «Дінаралық диалогтың принциптері» атты маңызды құжат қабылдады. Съез өз жұмысын қорытындылай келе «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын» ашу туралы бастама көтерді. Кейінірек Бейбітшілік пен келісім сарайында аталған Орталық ашылып, жұмыс істей бастады. 2009 жылғы 1-2 шілдеде Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III Съезі «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі» тақырыбындағы мәселелерді талқылаған болатын. III Съездің жұмысына 35 елден келген 77 делегация атсалысты. Израиль Мемлекетінің Президенті – Шимон Перес ІІІ Съездің құрметті қонағы болды. БҰҰ Бас Ассамблеясның 2008 жылғы 13 қарашада қабылдаған қарарына сай, ІІІ Съез БҰҰ жүйесінің қатысуымен әрі техникалық жәрдемін пайдалана отырып өтті. Қазақстан тарапы Съез жұмысын үйлестіру үшін, мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты ілгерілетуді мақсат ететін басқа да форумдар және халықаралық ұйымдармен әрекеттестік пен ынтымақты кеңейту ниетімен Діни лидерлер кеңесін құруды ұсынды. 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезі «Бейбітшілік пен келісім-адамзат таңдауы» тақырыбы аясында өтті. Форумға 40 елден әлемдік және дәстүрлі діндер, діни және халықаралық ұйым өкілдерінен 87 делегация қатысты. IV Съезд аясында Форум институттарының қалыптасуы жалғасты. Атап айтқанда, үйлестіруші орган – Діни лидерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Діни лидерлер кеңесінің мүшелері дөңгелек үстел басында өзекті діни мәселелерді талқылаумен қатар, Елордадағы «Мәңгілік ел» даңқ қақпасының маңында «Рухани жарасым» аллеясын ашып, оған көшеттер отырғызды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезінің бастамасы ретінде – жаһандық толеранттылық пен сенімнің қалыптасып, нығаюына арналған, G-Global порталының құрамдас бөлігі болатын интернет ресурсының ашылуын атап өтуге болады. 2015 жылғы 10-11 маусымда Астана қаласында «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік пен даму жолындағы диалогы» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезі өтті. V Съезге ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм, зороастризм діндерінің беделді өкілдерімен қатар, атақты саясаткерлер, сондай-ақ діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қосқанда әлемнің 42 елінен 80 делегация қатысты. Иордания Хашимиттік Корольдігінің Королі – Абдалла II Съездің құрметті қонағы болды. V Съездің ерекше бастамалары ретінде: Бейбітшілік пен келісім мұражайын құру және Съез марапаттарын тағайындау шешімдерін атап өткен абзал. Аталған шешімдер де жүзеге асты. Осылай, бірқатар әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері мен діни ұйымдар «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы» мен «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Құрмет медалі» иегерлері атанды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі 2018 жылдың 10-11 қазанында өткізілді. Съез жұмысына әлемнің 43 елінен әлемдік және дәстүрлі діндердің, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдардың өкілдерінен құралған 82-ден астам делегация қатысты. VI Съездің жұмысына Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич қатысты. Форумға қатысушылар «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» басты тақырыбы аясында пікір бөлісті. VI Съезге қатысушылар бастамасының нәтижесі ретінде 2019 жылы «Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталығы» құрылып, Съез идеяларын ілгерілету жолында қызмет етіп келеді. 2020 жылдың 30 қаңтарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 індетін халықаралық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай деп танып, 11 наурызда әлемде коронавирустық пандемия деп жариялауына орай, уақыты шегерілген көптеген халықаралық іс-шаралар сияқты 2021 жылға жоспарланған кезекті Съез отырысы өткізілмеді. Дәстүрлі түрде әр үш жыл сайын өткізіліп отыратын дінаралық саммит араға төт жыл салып, 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі» тақырыбындағы мәселелерді талқылаған болатын. Аталған Съез жұмысына 50 елден 100-ден астам делегация қатысты. Жетінші дінаралық саммит Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск, Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайеб, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф сынды әлемдік дәрежедегі тұлғалардың Съез отырысына қатысуымен ерекшеленді. Съез жұмыстарының соңында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің Декларациясы қабылданды. VII Съезде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», – деп Съез жұмысына баға берген болатын. 2023 жылдың 10-11 қазанында Ұлы дала төрінде – Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі ХХІ Хатшылығының отырысы өтеді. Мерейтойлық іс-шараға әлемнің 20-дан аса мемлекетінен 70-ке тарта дін мен конфессия өкілдері, халықаралық ұйым мүшелері қатысуы күтілуде. Дінаралық сұхбаттың Қазақстандық моделі – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға әлі де қосары мол болсын, жиырма жылдық мазмұнды ғұмыры жалғасын тауып елу жылдық, жүз жылдық тарихы бар ықпалды форумға айналуына тілектестік білдіреміз.
https://ernur.kz/kazakstan/orkenietaralyk-dialog-ornatatyn-alkaly-zhiyn