2023 жылғы 26 сәуірде Ыстамбұл қаласында (Түркия) Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығымен (IRCICA) бірлесіп «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Cъезінің маңызы және Декларациясы туралы» тақырыбында гибридті форматтағы халықаралық дөңгелек үстел өтті. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі және Декларациясының маңызы талқыланды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – әлемнің тұрақтылығына қол жеткізуде дін көшбасшыларының рөлін одан әрі дамыту, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің жолдаулары мен оның Декларациясын кеңінен насихаттау.
Іс-шараға IRCICA бас директоры Махмуд Эрол Килич (Түркия), Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Булат Сәрсенбаев, Доха халықаралық дінаралық диалог орталығының төрағасы Ибрагим Салех әл-Наими (Катар), Бразилия планеталық одағының президенті Улиссес Ридель де Ресенде (Бразилия), Стамбұл бас мүфтиі Сафи Арпагус (Түркия), Толеранттылық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің төрағасы Ахмед бен Мұхаммед әл-Жаруан (БАӘ), Дінаралық зерттеулер корольдік Иордания институтының директоры Рени Хаттар (Иордания), Исламабад халықаралық ислам университеті Ислам зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак (Пәкістан), Түркияның Ватикандағы экс-елшісі Кенан Гюрсой (Түркия), «Ақшардам» әлеуметтік үйлесімділік саласындағы қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Джайотиндра Мукундрай Даве (Үндістан), Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Ислам өркениеті орталығының директоры Шоазим Миноваров (Өзбекстан), Орталық Азия католиктік епископтары конференциясының Бас хатшысы, Қарағанды епархиясының көмекші епископы Евгений Зинковский (Қазақстан), Түркияның Мармара университеті теология факультетінің профессоры, Исмаил Ташпинар (Түркия), Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, Әлеуметтік және Гуманитарлық ғылымдар мектебінің тарих, философия және дінтану кафедраларының ассоциированды профессоры Дэниел Скарборо қатысты.
Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Булат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің діни төзімділік пен өркениетаралық диалогты нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ, VII Съезд Декларациясының тарихи маңыздылығын айта отырып, Съезд - діндер, конфессиялар мен этникалық топтар арасындағы өзара құрметке қол жеткізу үшін әлемдік қауымдастықта бірегей диалог алаңы болып табылатынын, оның Декларациясын іргелі мәселелерді қамтитын нұсқаулық ретінде пайдалануға болатынын жеткізді.
Дөңгелек үстел қатысушылары өз сөздерінде өткен VII Съездің негізгі идеялары мен жолдауларының лейтмотиві болып табылатын конфессияаралық және мәдениетаралық бірліктің негізгі мәселелерін белгіледі. Сонымен қатар, шетелдік әріптестер Астанада өткен соңғы Съездің дін, мәдениет пен өркениет арасындағы диалогты ілгерілету үшін тұрақты халықаралық конфессияаралық институт ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның бұл саладағы табысты тәжірибесі зерттеліп, талқыланып, басқа елдерге үлгі болуы керек.
Іс-шараның нәтижесінде қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерделеу, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі мен оның институттары аясындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша тиісті ұсынымдар әзірледі.