Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:
– «Шын мәнінде, Съезд – баламасы жоқ әлемдік жоба» деген пікірмен келісесіз бе? Себебі?
– Бисмиллаһир рахманир рахим! Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау әлемдердің раббысы Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Шын мәнінде, қазір халықтың ынтымағын арттыру аса маңызды міндеттің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбында Қазақстан халқына жолдауында: «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Жаңа Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек» деп атап өткен болатын.
Расында, біз қашан да қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауға, алауыздыққа қарсы тұруға мән беріп, нақты қадамдар жасап келеміз. Елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің Съезі осыған дәлел.
Қандай жағдай болса да Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары бір-біріне қамқор әрі тілекші бола білуі тиіс. Адамзат баласының ауызбіршілігін арттыруда дәстүрлі дін лидерлерінің рөлі қашан да жоғары маңызға ие болған. Елең-алаң күй кешкен әр адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа, көңілге медеу болары сөзсіз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін қашан да жақсы сөйлеуге шақырған. Айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес, үмітке қанат бітіре білсек кез-келген сынақты сабырмен еңсереміз.
Жер бетінде бейбіт өмірді қамтамасыз ету – адамзаттың қажеттілігі. Бұл – бір ғана тараптан жүзеге аспайтын, керісінше, дін лидерлерінің келісім мен өзара түсіністік аясында орындалатын ортақ іс. Бұл ретте дін өкілдері діни мәселеден туындаған келіспеушілік жағдайларды келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешуі тиіс.
Рақымшылық, мейірімділік, кешірімділік сынды адамгершілік құндылықтар – барша қауымға ортақ қасиет. Қоғамда осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім.
– Былтыр өткен VII Съезге өзіңіз қатыстыңыз. Басқа Съездерден несімен ерекше?
– Әлемді жайлаған пандемиялық ахуал біздің көптеген ортақ игі іс-шараларымыздың өтуіне тосқауыл болды. Алайда бұл сынақ мұсылман әлемін, жалпы адамзат баласын біріктіре түсті. Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл бастама дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа жұмылдырды.
Адамзат баласы сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешіп келеді. Пандемия кезінде қаншама адам ауыр науқастан көз жұмды. Ауыр дертке шалдыққандар әлі күнге дейін емделуде.
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында осымен жетінші рет өткен халықаралық басқосуда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі туралы талқылануы өте орынды қадам деп айтар едім.
Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер...» деп, сабыр етушілер үшін бұл қиыншылықтың уақытша екендігін сүйіншілейді. Осылайша пандемиялық ахуал барша адамзатты қанағатшылдық пен қайырымдылыққа, бірлік пен ізгілікке тәрбиеледі.
VII Съезде«Әйелдің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни ұйымдардың рөлі»тақырыбында қызу талқылау болды. Қазақ халқында: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі мол екенін аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның, тіпті әлемнің дамуы мен оның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің мол үлесі бар екені ақиқат.
Ислам дінінде әйелге айрықша мәртебе берілген. Имандылық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің ерекше үлгісін көрсеткен. Нәзік жанды құрметтеуге келгенде оны тіпті төрге шығарған, ал тәрбиесіне келгенде қызды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды.
Жаратушы Иеміз «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп бұйырған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар.Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін», – деп, сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсеткен.
Өкінішке қарай, бүгінде әлемде әйелді тауар ретінде көру немесе туарды сату үшін пайдалану, оларға зорлық-зомбылық жасау, үйдің қызметшісі ретінде күшпен ұстау, түсік тастауға мәжбүрлеу немесе бала табу бақытынан айыру сынды мәселелер белең алды.
Халықаралық «Отбасы денсаулығы» журналының мәліметінше, осындай қасаң көзқарастардың нәтижесінде әлемде жыл сайын 75 миллионнан астам әйел өз еріктерінен тыс жүкті болып қалады немесе жүкті болған 175 миллион әйелдің 45 миллионы түсік тастайды.
Жыл сайын әлем бойынша 585 мыңнан астам келіншек жүктілікке байланысты түйткілдер кесірінен жан тапсырады. 300 мыңнан астам әйел бала көтермейтін дәрілерді дұрыс қолданбаудың салдарынан ажал құшады. Ал білім алу құқығынан айырылып, сауатсыздық күй кешіп отырған қыздар саны 600 миллионнан асады.
Мұндай жаншошырлық статистика бұл жағдайға халықаралық деңгейде назар аударуымызды талап етеді. Съезде осы мәселелер кеңінен талқыланды. Менің ойымша, өткен жылы өткен халықаралық басқосу осындай нәзік мәселені көтерумен ерекшеленді деп ойлаймын.
– Санаулы күндерден кейін қасиетті Ораза айы басталады. Ораза айының жалпы ереже-талабымен бөліссеңіз?
– Ораза құлшылығы мұсылман баласын ихсан дәрежесіне жетуіне көмектеседі. Ихсан сөзі жақсылық жасау деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, ихсан ілімінің құлшылықтағы мәні: «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады». Демек, ораза – адам мен Алланың арасындағы құпия құлшылық. Мысалы, біздің күнделікті оқып жүрген намазымызды, зекет-садақамызды, қажылық сапарымызды айналамыздағы адамдар көреді. Ал ауыз бекіткенімізді ешкім байқамауы мүмкін. Ораза құлшылығы мұсылманның «бәрін Алла көріп тұр» деген сенімін күшейтеді.
Ораза ұстаған адам әрбір амалын көркем түрде орындауға тырысады. Өйткені, оны «оразам бұзылып кетпесе екен» деген ой мазалайды. Сондықтан ауыз бекіткен кісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттеріне «мен оразамын» деп көркем түрде жауап қайтарады. Себебі, Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі мен отыз күнгі ораза көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады.
Рамазан – кешірім айы. Халқымызда: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деген қанатты сөз бар. Ораза адам баласын кешірімді болуға тәрбиелейді. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыз бекіткен адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр етуде үлкен сауап бар. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы» деген.
Әрине, кешіре салу ауызға оңай болғанмен, жеме-жемге келгенде нәпсіге ауыр амал. Алайда әрбір амалында Алланың разылығын бірінші орынға қоя білген мүмин сынақты сәтте сабыр сақтап, сауабын Жаратушы Жаббар Иесінен күтеді. Алланың өзі өте кешірімді болғанда біз кімбіз деген ой санамызда жаңғырып тұрса игі. Раббымыз Құранда адамдардың қате-кемшіліктерін көркем түрде кешіруді бұйырған. Қасиетті кітабыз Құранда: «Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын)көркем түрде кешір. Шынында Раббың – жаратушы, бәрін білуші» («Хижр» сүресі, 85-86-аяттар) делінген.
Ізгілерден мынадай сөз қалған екен: «Ихсан ілімінің алғашқы сабағы ренжітпеуден басталып, соңы ренжімеумен аяқталады». Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді», – дейді. Сонда жанындағы сахабалар: «Ол қандай мінез?» деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір», – деп жауап берген екен.
Рамазан – тілімізді ғайбаттан сақтауға үйрететін ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында қандай да бір адам Алла Тағаланың разылығына бөлейтін бір ауыз сөз айтқаны үшін қиямет күніне дейін Алла оған разы болады. Сондай-ақ енді бір адам айтқан сөзінің қаншалықты кесірлі екенін аңдамай сөйлегені үшін Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды. Әрі сол бір ауыз сөзі үшін қиямет күніне дейін Алланың оған деген ашуы басылмайды», – деп ескертеді.
Шын мәнінде, адам баласы не тапса да тілінен табады. Ғұлама Мәшһүр Жүсіптің:
«Жамандық қайдан туар, тілден туар,
Әркімде ғақыл болса, тілін буар.
Шығарсаң бір жаман сөз сен аузыңнан,
Артыңнан айдаһар боп сені қуар» деген жырында үлкен мән жатыр.
Расында, Алла Тағала пенденің күн ұзаққа аш құрсақ жүргеніне мұқтаж емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес» деген. Оразаның мұсылман баласына беретін пайдаларының бірі – бос сөз бен ғайбаттан алыс болуға тәрбиелеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ораза – бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында, ораза – бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу!» деген.
– Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! Биылғы Ораза-айы қарсаңында мұсылман қауымға тілегіңіз?
– Рамазан – қанағат айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, қанағатты ту еткендерді Алла Тағала байытады», – дейді. Иә, ораза құлшылығы адам баласын қанағат пен сабырға, өзінде бар игіліктерге шүкір етуге тәрбиелейді. Осындайда халқымыздың «қанағат қарын тойғызар» деген қанатты сөзі еске түседі.
Адам баласы көп жағдайда өзінде бар игіліктер мен нығметтердің қадірін сезінбей, шүкір етуді естен шығарып қояды. Қолымызда бар аз-кем дүниені айтпағанда, деніміздің саулығы баға жетпес үлкен нығмет емес пе? Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұйқыдан оянғанда, не жатқанда көңілі тыныш, он екі мүшесі сау һәм бір күндік азығы бар адам ұшы-қиыры жоқ мына дүниені иеленген адаммен тең», – деген. Хадистің мәніне терең үңілсек, біздің шүкір ететін нәрселеріміздің өте көп екеніне көз жеткіземіз.
Аузы берік адам ауызашарда алдына қойылған бір жұтым судың қадірін сезінеді. Алла Тағала бізге оразаны парыз ету арқылы пенделерін осылай тәрбиелейді. Күні бойы аш құрсақ жүрген жан бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін терең сезініп, тұлабойына қанағат, шүкір, сабыр сынды қасиеттерді қалыптастырады. Халқымыз қанағатшыл болса екен деп тілеймін.
– Қасиетті ай қарсаңында арман-мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?
– Халқымыз дін атын жамылған түрлі діни топтардың арбауына ілініп қалмаса екен деймін. Жастарымыз жат діни идеологиясының құрбаны болмаса екен деп тілеймін. Біздің қазақ халқы енді діни сенім бойынша бөлінбесе екен деп армандаймын.
Бас мүфтимен сұхбат Рамазан айы басталғанға дейін алынған*