Жаңалықтар

ДІНИ АХУАЛ МОНИТОРИНГІ АЯСЫНДАҒЫ ВИЗУАЛДЫ ТАЛДАУ ӘДІСІ

Бөлісу

Кенжеев Асқар Абдуллаұлы,

Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің бас сарапшысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Қазіргі кезде дін саласындағы мониторинг аясында ақпарат жинаудың көптеген әдістері қолданылады. Солардың қатарында визуалды талдау әдісі өзінің тиімділігіне байланысты ерекше маңызға ие.

Мақалада визуалды талдау әдісінің ұғымына, ерекшеліктеріне, қалыптасу   және даму тарихына шолу жасалып, теориялық және практикалық маңыздылығы ашылады. 

Визуалды талдау (лат. «visualis» - «көру») – бұл көзге көрінетін визуалды материалдарды сараптау арқылы талдау жасау әдісі. Визуалды материалдар қатарына фотосуреттер, бейнефильмдер, суреттер, сызбалар мен графиктер кіреді.

Аталған әдіс әлеуметтанудың сапалы әдістерінің бірі ретінде әлеуметтанудың жеке бағыты – визуалды әлеуметтану аясында қарастырылады.

Визуалды әлеуметтану – бұл әлеуметтік және мәдени құбылыстарды визуалды образдар мен презентациялар (фотосуреттер, фильмдер, жарнамалар және т.б.) призмасы арқылы зерттейтін әлеуметтанудың саласы.

Қазіргі жағдайда әлеуметтануда визуалды талдаудың мынадай негізгі бағыттарын ажыратуға болады: кинотану; жарнамалық зерттеулер; өнердегі түрлі бағыттар мен тенденцияларды зерттеу; бұқаралық ақпарат құралдарындағы көрнекі материалдарды талдау; жыныстық қатынас, эротика, еркектік және әйелдік бейнелерді зерттеу; әуесқойлық фотографияны талдау, күнделікті өмір мәдениетін зерттеу; т.б.

Алғаш рет визуалды материалдарды XX ғасырдың 40-жылдары антропологтар қолданған болатын. Аталған әдіс түрлі тайпалар мен халықтардың мәдениетін зерделеудегі маңызды әрі тиімді тәсілдің бірі болып саналды. Зерттеу объектісіне айналған халықтардың мәдениетін зерттеуде ешқандай мәтіндік құжаттар болмағандықтан, бірқатар қиындықтар туындап, зерттеушілер бейнетүсірілімдер мен фотосуреттерді ақпарат көзі ретінде қолданды. Материалдық мәдениетті зерттеуде бұл әдісті Грегори Бейтсон мен Маргарет Мид тиімді пайдаланған [1].

Көптеген антропологтар фотосуреттердің далалық зерттеулердегі негізгі ақпарат көзі болғандығын және жадыда сақтау бойынша қызметті тиімді атқаратындығын айтады. Шынымен де, фотосуреттер мен бейнематериалдар зерттеушіге далалық зерттеу барысында маңызды оқиғалар мен ақпараттарды «тап осы жерде және қазір» форматында тіркеуге көмектеседі.

Визуалды зерттеу әдісінің дамуына американдық фотограф, әлеуметтік фотоқұжаттама саласының классигі Доротея Ланждың да қосқан үлесі ерекше. Оның пікірінше, фотосуреттің басты нысаны – адам. Фотосуретте адамның күнделікті өмірі және адамдардың отбасы, шіркеу, үкімет, саяси ұйымдар, клубтар, кәсіподақтар сияқты институттары бейнеленген.

Кейіннен визуалды зерттеу әдісіне деген қызығушылық постструктурализм мен семиотика шеңберінде Пьер Бурдье, Пол Мишель Фуко, Ролан Барт сияқты әлеуметтанушылардың еңбектерінде көрініс тапты.

Әлеуметтанушылар, ең алдымен, әртүрлі тарихи оқиғалардың фотосуреттерін қарастырып, фотосуреттер контекстіндегі биліктің сипатына, түрлі идеологиялар мен бақылау стратегияларының бейнесіне назар аударды. Пьер Бурдьенің пікірінше, фотосурет, ең алдымен, әлеуметтік рөл мен стратификациялық айырмашылықтарды көрсетеді, ал басқа ерекшеліктер маңыздылыққа ие емес. Ролан Барт семиотикалық қырынан қарастырып, фотосуреттерде көрініс тапқан айырмашылықтарға талдау жасады [2].

  Кейіннен визуалды әдісті методологиялық тұрғыдан жүйелеп, дамытқан ғалымдардың бірі Петр Штомпка болды. Ол визуалды әдіске терең талдау жасап, зерттеу пəнін нақты анықтады [3].

Визуалды түсініктер мен визуалды көріністер қоғамның визуалды жиынтығын құрайды және осы жиынтық визуалды әлеуметтанудың пəні болып табылады. Зерттеу пəні ретінде тек фотосуретке түсірілген бейнелер ғана емес, фотоаппараттың объективіне түсіріп алуға болатын қоғамның визуалды көріністері де анықталуы мүмкін.

1970 жылдардың ортасынан бастап әлеуметтанушылар арасында визуалды образдарға қызығушылық басталды. Визуалды әлеуметтану жайлы бірнеше кітаптар мен брошюралар жазылды. 1972 жылы Бостон университетінде Александр Блюменстайл және Кларисса Стац Штольдің басшылығымен «Видеоәлеуметтану» атты журнал жарық көріп, ай сайын шығарыла бастады.

Бұл бағыт Еуропада да дамыды. Францияда «sociologie de l’image» деген атаумен, ал Германияда «Medienwirkungsforschung» атты арнайы журналдар басылды [4].  

  Визуалды әдістердің дамуына XIX ғасырда фотосуреттер ықпал етсе, XX ғасырдың 80-жылдарында сандық бейнекамералардың пайда болуы ықпал етті. Ал бүгінгі таңда визуалды бейнелерді қалыптастыруда мобильді телефондар үлкен рөл атқаруда.

Антропологиялық және әлеуметтанулық зерттеулерде кеңінен қолданыс тауып келе жатқан аталған әдісті қазіргі уақытта дінтанушылар да жиі қолданады. Оған, бір жағынан, әртүрлі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың тоғысында қалыптасқан дінтанудың өзіндік зерттеу әдістерінің болмауы себеп болса, екінші жағынан, визуалды талдаудың тиімділігі негіз болып отыр деуге болады.

Далалық дінтанулық зерттеулермен қатар аталған әдіс діни ахуал мониторингі аясында да кеңінен қолданылады. Мониторинг аясында сарапшы мамандар әртүрлі процестер мен құбылыстар, діни субъектілердің әрекеттері бейнеленген визуалды материалдарды, атап айтқанда, фотосуреттерді, бейнематериалдарды, суреттерді, постерлерді жинақтап, оларды талдау арқылы бірқатар маңызды мәселелерді анықтай алады.

Бұл жердегі талдаудың мақсаты визуалды материал контекстіндегі бейнеленген оқиғаны, оқиға акторларын, әлеуметтік қарым-қатынасты, түрлі заттар мен құбылыстарды, т.б. жағдайларды анықтау, сипаттау және талдау болып табылады.

Визуалды талдаудың кезеңдеріне қатысты ғалымдардың пікірі әртүрлі. Дегенмен, зерделенген тұжырымдарды және мониторинг жүргізу тәжірибесі негізінде қалыптасқан білім-біліктілікті ескере отырып, мынадай кезеңдерді атауға болады: сипаттау (немесе бақылау) кезеңі; талдау кезеңі; қорытынды кезең.

Аталған кезеңдердің ерекшеліктерін ашып көрсету үшін мониторинг аясында жинақталған фотосуреттердің біріне талдау жасап көрейік.

  1. Сипаттама (немесе бақылау) кезеңі

Міндет: бұл кезеңде зерттеуші визуалды материалдан (фотосуреттен) бір қарағаннан-ақ көзге көрінетін негізгі элементтерді, субъектілерді анықтап, нақты сипаттауы керек.

Сипаттама:

1) фотосуретте биік ғимарат қабырғасындағы үлкен LED экранда бейнеленген «Charlıe Hebdo» деген жазуды, оның төменгі жағындағы қызыл жолақтың ішінде француз тіліндегі «journal irrospansable» (ұтымды газет) деген жазбаны, және одан сәл төменірек орналасқан француз тіліндегі «tout est pardonne» (бәрі кешірілді) деген жазбаны көреміз;

2) LED экранда қолына кітап ұстаған, сәлде киген, сақал-мұрты бар адамның карикатурасын да көреміз;

3) фотосуреттің алғашқы фонында қару-жарақ ұстаған тәртіп сақшылары бейнеленген;

4) ғимараттың айналасы арнайы полицейлік қоршаулармен қоршалғандығы және аулада жедел жәрдем көлігіне ұқсас көліктің тұрғандығы байқалады;

5) ғимарат алдында Францияның туына ұқсас тудың ілінгені байқалады;

6) ғимарат маңында санаулы адамдардың ғана жүргендігі байқалады.

  1. Талдау кезеңі

Міндет: бұл кезеңде зерттеуші фотосуреттен анықталған элементтерді саралап, олардың ерекшеліктерін және арасындағы байланыстарды зерделейді. Талдауды ашу үшін қосымша ақпараттарды қолдануға болады.

Талдау: Фотосуреттен анықталған ақпарат бойынша мынадай талдау жасауға болады:

1) Оқиға Францияда орын алған. Оны француз туы мен француз тіліндегі жазбалар айқындайды. LED экрандағы алғашқы жазба оқиғаның франциялық «Charlıe Hebdo» газеті редакциясына қатыстылығын көрсетеді.

2) Қосымша деректерге сүйенсек, 2015 жылдың 7 қаңтарында франциялық мұсылмандық радикалды топ «Charlıe Hebdo» газетінің редакциясына террорлық шабуыл жасады. Оқиға нәтижесінде 12 адам көз жұмды. Бұл терракт аталған газетте Мұхаммед пайғамбардың карикатурасының жариялануына наразылық ретінде жасалған [5].

Қарастырылып отырған фотосурет 2020 жылдың 16 қазанындағы Париж маңындағы колледжде болған оқиғамен байланысты. Аталған күні 18 жасар Абдуллах Анзоров колледж ауласында тарих пәнінің оқытушысы Самюэль Патиді өлтіріп, басын кесіп тастаған. Белгілі болғандай, қылмыскер мұндай әрекетті оқытушының сабақ кезінде мұсылман отбасының балаларына психологиялық қысым жасағаны және Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын қолданғаны үшін жасаған.

Француз билігі бұл оқиғаны «Charlıe Hebdo» оқиғасымен байланыста қарастырып, терракт ретінде бағалады. Ел аумағында қаралы күн жарияланып, қайтыс болған оқытушыны қолдауға және «исламдық терроризмге» қарсылық көрсетуге арналған акциялар өткізілді [6].

Фотосуреттегі LED экрандағы жазбалар сол акцияның аясында жарияланған. «Ұтымды газет» деген жазба газет редакциясының жеңіліс таппай, ұстанған бағытын жалғастыратынына сілтеме жасайды.

LED экранда бейнеленген сәлде киген адам Мұхаммед пайғамбардың карикатуралық бейнесі болып табылады. Карикатураның көпшілік назарына қайта жариялануы газет редакциясының алған бетінен қайтпайтындығын екінші мәрте дәлелдейді.

3) LED экран орналасқан ғимаратты полиция қорғауына алған. Ғимарат ауласында жедел жәрдем көлігіне ұқсас көлік көрініс береді. Сәйкесінше, LED экрандағы жазбалар мен карикатураға қатысты мұсылмандық радикалды топтар тарапынан шабуылдың қайталану мүмкіндігі бар екендігі байқалады. Ғимарат маңында адамдардың аз болуы да сақтық шараларының күшейтілгендігіне меңзейді.

4) Ғимарат қабырғасындағы LED экранда мұндай мазмұндағы материалдардың жариялануы және оны полицияның қорғауы франциялық ресми биліктің «Charlıe Hebdo» газеті редакциясының ұстанымын қолдайтындығын және мемлекет саясатының исламофобтық позициясын ұғындырады.

  1. Қорытынды кезең

Міндет: бұл кезеңде зерттеуші талдау нәтижелерін негізге ала отырып, көрініс берген оқиғаға немесе құбылысқа баға береді, түйінді шешімін қарастырады, ұсынымдар береді.

Қорытынды: Жасалған талдаудың негізінде мынадай қорытынды шығаруға болады:

1) Франция билігінің «сөз бостандығын» қорғау желеуімен мұсылмандар үшін қасиетті саналатын діни құндылықтар мен Мұхаммед пайғамбарды сайқымазаққа айналдыруы адам құқықтары мен ар-ождан бостандығын өрескел бұзу болып табылады. Екінші жағынан, аталған әрекетті қоғам ішінде діни алауыздықты тұтандыруға бағытталған қасақана арандату әрекеті ретінде бағалауға болады. Сондай-ақ орын алған жағдай әлем елдері мұсылмандарының наразылығын өршітіп, Францияның халықаралық беделін төмендетпек.

2) Франциядағы мұндай келеңсіздік басқа да елдерде теріс салдарларымен көрініс беріп, конфессияаралық шиеленістерге негіз болу ықтималдығы жоғары.

3) Франциядағы орын алған шиеленіс еуропалық мұсылман қауымдастықтары арасында радикалдылық деңгейінің жоғарылығын да көрсетеді.

4) Аталған жағдайлар француз билігіне өз қоғамының нәсілдік, этникалық, діни және тілдік құрылымының күрделі өзгерісін ескере отырып, ұлтқалыптастыру және дін саласындағы саясатын жетілдіру керектігін түсіндіреді.

Сонымен, визуалды талдауды нақты тәжірибеде жүргізу арқылы оның өзіне тән бірқатар ерекшеліктері бар екендігін көреміз:

- визуалды талдау қарастырылып отырған мәселеге қатысты толыққанды ақпарат бере алмайды;

- мәселені толыққанды ашу үшін басқа да әдістер негізінде алынған ақпаратпен сүйемелдеуді қажет етеді;

- дегенмен, дәл сол сәтте фото немесе бейнетаспаға түсіріліп алынған кадрлар, зерттеушінің назарына іліккен маңызды деген жекелеген элементтер толық картинаны анықтауға көп көмегін тигізеді;

- көзбен көру арқылы анықталған нақты деректерді ғана пайдалану негізінде объективті талдау жасауды талап етеді; абстрактілі тұжырымдар мен пайымдар жасауға жол берілмейді;

- дегенмен, материалдарды іріктеу, сипаттау, талдау және қорытындылау кезінде зерттеушінің субъективті көзқарасы зерттеу нәтижелеріне теріс ықпалу етуі мүмкін.

Қорытындылай келе, бүгінгі ақпараттық дәуірде визуалды материалдардың орны мен рөлі үздіксіз артып келеді деуге болады. Қоғамның басқа салаларымен бірге дін саласындағы әртүрлі мәселелерге қатысты ақпараттар ағымында визуалды материалдардың көбеюі дінтанулық зерттеулер мен діни ахуал мониторингі аясында визуалды талдау әдісін қолдануға және жетілдіруге деген сұранысты арттыра бермек.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Сергеева О.В. Исследовательское поле визуальной социологии // Социология и социальная антропология. - Том XI, №1. - С. 136-146;
  2. Омарова Ә.Т., Сұлтанова А.М. Визуалды әлеуметтанудың әлеуметтану ғылымының саласы ретінде қалыптасуы. ҚазҰУ хабаршысы. Психология және социология сериясы. №1 (40). – 2012;
  3. Штомпка П. Визуальная социология. Фотография как метод исследования: учебник/ пер. с польск. Н.В. Морозовой, авт. вступ. ст. Н.Е. Покровский. — М.: Логос, 2007. — 168 с. + 32 с.;
  4. Социологиялық талдаудың визуалдық әдістері. Амитов С.А., Болысбаева С.М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Психология және социология  сериясы.   №4(39). 2011;
  5. Лаңкестік пен Пайғамбар карикатурасы... немесе осы екі арада байланыс бар ма? // https://alashainasy.kz/politic/lankestk-pen-paygambar-karikaturasyi-nemese-osyi-ek-arada-baylanyis-bar-ma-60559/;
  6. Исламский мир бойкотирует Францию // https://octagon.media/mir/islamskij_mir_bojkotiruet_franciyu.html