Жаңалықтар

Дін және Дәстүр

Бөлісу

Әлімқұлова С.Б. Әдістемелік жұмыс бөлімінің  жетекші сарапшысы

Әлемде 10 000 аса дін бар болғанымен, Жер шары тұрғындарының       84 % өздерін 5 ірі діннің өкілдері ретінде анықтайды. Олар: Христиан, Ислам, Индуизм, Буддизм және ұлттық діндер. Әдетте, дін қандай да бір ортаға өзіндік ықпал енгізетіні  белгілі. Бір дінді ұстанатын халықтарының таралу аймағына, нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктеріне қарата түрленіп отыруы мүмкін. Немесе, керісінше өмір сүру ортасы және этникалық шығу тегі бір халықтардың мәдениеттеріндегі  ерекшеліктер сол халықтардың ұстанған діндеріне тікелей байланысты болатыны туралы ғылыми деректер  жетерлік.

Дәстүр – әр ұлттың, халықтың діни сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған ғұрыптардың жиынтығы ретінде қарастырылады.

Осы орайда, Ислам дінінің әлемнің 120-дан астам мемлекетінде таралғанын ескере отырып тақырыпты қарастырар болсақ, әлемде ислам дінін ұстанатын екі миллиардқа жуық мұсылман халықтарының әрбірінің дәстүрінде өзіндік ерекшеліктер орын алуы заңдылық. Орналасқан жеріне қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырмашылықтарын исламның шариғат ілімі  теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкін. Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яғни ерікті істердің болуы мүмкін екенін ескертеді. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Ислам діні әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар болуын, яғни  адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы деп түсінуімен тығыз байланысты [1].

Ислам діні қазақ халқының бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында әсер етті. Алайда, қазақ халқының діни практикасында өзіндік ерекшеліктердің орын алуы бірқатар факторлармен байланысты болды. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысқандықтан малын азықпен, жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында ұстанған көшпелі өмір салты әлеуметтік ортаны реттеудің ерекше үлгісін қалыптастыруды талап етті. Туыстық қатынастарға негізделген қоғамда, бауырмалдық, қонақжайлық, ақжарқын, мейірбан мінез құлық жақын. Яғни, қоғамнан қауіп іздеу, безіну, бөтендену қазақ қоғамы үшін жат құбылыс болған. Демек, діннің ізгілікке, имандылыққа негізделген негізгі ұстанымдарын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, мақал-мәтелдер, жыр-аңыздар, жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздері, ойшылдар мен ақындардың туындылары арқылы сақталып келді [2]. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа, пітір таратып, бата беру, азан шақырып ат қою, тал бесіктен жер бесікке жеткенге дейін мұсылмандық қағидалары салт-дәстүрімізбен қатар өрілгені белгілі. Сондықтан да, қазақ тілінде «ғұрып» араптың «әл-ъурф» сөзінен бастау алады. Ғұрып сөзі адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. Яғни, «әл-ъурф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы: «ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер» дегенге саяды [3]. Қазақ мәдениетіндегі ислам дінінің орны туралы А.Сейдімбек: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» деп ерекше атап өткен болатын.

Христиан дінінің таралу аймақтарына байланысты діни дәстүрлері мен мерекелерді тойлауға қатысты бірқатар ерекшеліктер орын алған. Шіркеуі күнтізбесінде барлық христиандарға ортақ Пальма жексенбісі деп аталатын діни мерекесі бар. Ол пасханың алтыншы аптасының соңғы жексенбісінде тойланады. Пальма жексенбісі «жаратқан иенің Иерусалимге кіру»  оқиғасын еске алу мақсатында тойланады. Бұл күні барлық Христиан ғибадатханалары ағаш бұтақтарымен безендіріліп, тазарту әдетке айналған. Алайда «пальма бұтақтары апталығы» мерекесін пальма ағашы өспейтін өңірлерде түрлі ағаш бұталарымен алмастыру дәстүрі қалыптасқан. Айталық, Ресей Православ Шіркеуі пальма бұтасының орнына қызылтал (верба) бұтағын қолдану дәстүрі орын алған. Ал, Беларусияның батыс аймақтарында және Литвадағы католиктер «Палма жексенбісіне» кептірілген гүлдерден, шөптерден пальма жапырағына ұқсатып жинақ жасау дәстүрі қалыптасқан. Сондай ақ, барлық христиан шіркеулері ерекше қадір тұтатын «қасиетті адамдардан» бөлек, әр христиан конфессиясының таралу аймақтарына байланысты өз «қасиеттілерін» қадір тұту үрдісі қалыптасқан.  

Буддизм дінінің Тибет пен Үндістанның солтүстік таулы  аймақтарында «Аспанға жерлеу» деп аталатын  ерекше жерлеу рәсімі қалыптасқан.  Бұл жерлеу рәсіміне сәйкес, өлген адамның денесі бөлшектеліп, құзғын құстарға жегізіледі. Бұл жерлеу рәсімнің пайда болуына діни негізге қарағанда географиялық фактордың ықпалы басым екені байқалады. Осы аймаққа тән, жері тоң әрі жартасты болып келген климаттық және ландшафтық ерекшеліктерін ескерсек, қабір қазу арқылы жерлеу қиындық туғызатындығы анық. Сонымен қатар, Тибет тауларының басым бөлігі ағаш өсе алатын белдеуден жоғары орналасқан. Сондықтанда, осы аймақтықтың тұрғындарына буддизм дінін ұстанатын басқа аймақтар сияқты мәйітті кремациялау қол жетімді болмауымен тығыз байланысты екенін байқауға болады [4].  

Индуизм дінінің ұстанымына сәйкес ет өнімдерін ас ретінде пайдалануға тыйым салынғаны белгілі. Индуизм дінін Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка, ИндонезияСингапур сынды елдердің тұрғындарының басым көпшілігі ұстанады. Демек, олардың географиялық жағдайы мен тропикалық климаты ет өнімдерінен бас тартып, жыл бойы өсімдіктермен ғана тамақтануға мүмкіндік береді. Осылайша географиялық фактор діни нормаларға ықпал ете алатынын байқауға болады. Айталық, мұндай талаптары бар діндерің климаттық жағдайы қатал Қиыр Солтүстікті мекендеген халықтар арасында пайда болмауы, немесе таралмауы заңды құбылыс. Өйткені өсімдік атаулыға жұтаң, жерін тоң басқан өлкенің тұрғындары ет өнімдерінен бас тартса, өз өмірлеріне қауіп төндірері анық. Демек, діннің пайда болған ортасы, оның ұстанымдарына ықпал етуі заңдылық.   

Әртүрлі тарихи процестер, мәдениеттің өзіндік келбетінің қалыптасуына әсер еткенін де естен шығармаған жөн. Өркениеттер мен мәдениеттер өзара әсер етуі арқылы, бір халық екінші халықтың мәдениетін, дінін тұтастай немесе оның бір бөлігін қабылдауы мүмкін. Әр мәдениетке тән өзіндік дәстүрлік ерекшеліктер, бір дінді ұстанушы түрлі ұлттар мен мемлекеттер арасында жікке бөлінуге негіз емес, керісінше, мәдени алуан түрлілікті сақтау, бейбіт және тұрақты дамуға апаратын өркениетті жол ретінде қарастырған абзал.  

 

  1. Дін мен дәстүр - Алматы: «Ғибрат» баспа үйі, 2013 –192 бет, –10 б.
  2. Қазақ ғұламалары мен ақындарының діни-танымдық ойлары: ақпараттық-танымдық жинақ / – Астана: 2016 – 6 бет.
  3. Ғұрып, әдет және дәстүр сөздерінің мағынасы қандай? http://fatua.kz/kz/post/view?id=229
  4. Небесное захоронение в Тибете и другие похоронные практики. https://wondersoftibet.com/ru/about-tibet/tibetan-sky-burial/#:~:text=%D0%A2%D0%B8%D0%B1%D0%B5%D1%82%D1%86%D1%8B%20%D0%BD%D0%B0%D0%B7%D1%8B%D0%B2%D0%B0%D1%8E%D1%82%20%D0%BD%D0%B5%D0%B1%D0%B5%D1%81%D0%BD%D0%BE%D0%B5%20%D0%BF%D0%BE%D0%B3%D1%80%D0%B5%D0%B1%D0%B5%D0%BD%D0%B8%D0%B5%20%D0%A2%D0%B5%D0%BD,%D1%82%D0%B8%D0%B1%D0%B5%D1%82%D1%86%D0%B5%D0%B2%2C%20%D1%83%D0%BC%D0%B5%D1%80%D1%88%D0%B8%D1%85%20%D0%BE%D1%82%20%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%B2%D0%B5%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D1%85%20%D0%BF%D1%80%D0%B8%D1%87%D0%B8%D0%BD.