Жаңалықтар

Діни сенім және мұсылман әйелдері

Бөлісу

    Адам өзінің өміріндегі ең маңызды деп қабылдаған және сезген нәрсеге сенеді. Сенім «ақиқат деп танудан» әлдеқайда тереңірек ұғым. Сенім түсінігі өте кең. Мысалы бір сәтсіздіктерге қарамастан жетістікке жететініңізге сену, демократияға сену, Құдайдың бар екеніне сену, Құдайға сенім арту, бір сенімнің адамы болу, белгілі бір сенімді мойындау және оны сақтау, біреудің сенімін сақтау немесе сақтай алмау және т.б. Жалпы мағынада «сенім» және «адалдық» сөздерінің қолданылуы «сену» және «сенім арту» ұғымдарымен тығыз байланысты және олар көбінесе бір-бірінің орнына қолданылады. Дегенмен, қызықты фактілердің бірі адамның діни сенімінің не екеніне қатысты әртүрлі көзқарастар мен діни сенімнің адам өмірінде атқаратын орны туралы сөз қозғасақ.

    Діни сенім дегеніміз негізгі мағынада бір мезгілде адамның сана - сезімі мен психологиялық орналасуын орнату, оның объектісі табиғаттан тыс күштер немесе тіршілік иелері болып табылады. Әлемдік діндердің негізі Құдай мен құдайларға деген сеніммен сипатталады. Діни сенім ең алдымен біліммен ерекшеленеді, оның объектісі болмыстың табиғи тәртібінен тыс, сонымен бірге діни аксиомаға сәйкес, сайып келгенде, осы Тәртіпті, соның ішінде адамның болмысын анықтайтын инстанция [1]. Бұдан түсінетініміз, діни сенім адамның сана-сезіміне және оның өміріне Құдайға деген сенімді енгізеді. Діни сенім арқылы табиғи және табиғаттан тыс, ішкі және басқа дүниелер арасындағы байланысты қамтамасыз етіледі. Адам өмірінде белгілі бір дінге не Құдайға сену сезімі өте маңызды. Себебі адам өміріндегі қиын сәттерде діни сенімнен немесе Құдайға деген сенімнен жұбаныш табады, басқа адамдармен қарым-қатынаста көмектеседі, адамға мақсат береді және өмірге мән кіргізеді.

    Діни сенімнің болуы әлеуметтік тұрғыдан қарағанда адамға ортақ сенім жүйесі мен қоғамдастықты қалыптастырады. Адамға қауымдастық пен әлеуметтік мүшелік сезімін береді. Қоғамда адам діни ғибадат орындау арқылы ортамен байланысуға, бір-бірін қолдау мен түсіну мүмкіндіктеріне қол жеткізе алады. Барлық конфессиялар адамдарды қауым ретінде біріктіруге және бірлік пен келісім сезімін қалыптастыруға көмектесетін принциптерге қызмет жасайды. Құдаймен қарым-қатынас адамға қорқыныштарын жеңуге және өмірдегі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі деген пайымдаулар бар.

Ал енді батыс ғалымдарының діни сенім түсінігіне берген анықтамаларына көз жүгіртсек, ортағасырлық итальяндық философ және теолог Фома Аквинскийдің сенім туралы түсінігі «Құдайдың бар екеніне теориялық сенім» деген тұжырымнан күрделірек түсінік деп есептейді. Діни сенім белгілі бір теологиялық сенімнің негізгі бөлігін құраса да, Аквинский сенім «білім мен пікірдің жартысы» деп есептейді [2]. «Сенім білімге ұқсайды» дейді Ф.Аквинский, өйткені сенім Ф.Аквинский үшін сенім сенушінің құдайға деген негізгі бағдарын білдіреді. Яғни, белгілі бір діни сенім болу үшін және ол сенімді немесе дінді өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырып, нақты ұстану үшін ол сенім туралы адамда білім болуы керек.

   Діни сенімнің монотейстік діндердегі көрінісіне келсек, мысалы, христиан дінінде дәстүрлі түрде бір Құдайға ғибадат етуді талап етеді, сонымен бірге Құдайдың үш сандық, толық құдайлық тұлғадан тұратын үштік екенін анықтайды: Әке, Ұл және Киелі Рух. Үш құдайдың бір Құдайға қалай қосылатынын түсіну оңай емес. Сол сияқты мәсіхшілер Исаны да Құдай Ұлы, Құдайдың Үшбірлігінің екінші тұлғасы деп қабылдайды. Иса Мәсіх Құтқарушы ретінде әрекет етеді, сондықтан Мәсіхке деген сенім оның құтқару әрекетіне деген сеніммен бірдей. Бұл жағдайда діни сенім адамды «басқа әлеммен» Құдаймен қарым-қатынасқа мистикалық қарым-қатынас арқылы енгізеді, ол шіркеудің ерекше қоғамы ретінде, сонымен бірге сырттан да, басқа әлемнен де бас тартады [3]. Осылайша, адамның діни сенімі үшін христиандықтағы теологиялық түсініктерді шындық ретінде тануы өте маңызды.

   Ал француз философы Декарт діни сенім тұрғысында «Медитацияға арнау» кітабында былай деп айтқан: «Әрине, біз Құдайдың бар екеніне сенуіміз керек, өйткені бұл Киелі Жазба ілімі және керісінше, біз Киелі Жазбаларға сенуіміз керек, өйткені ол Құдайдан шығады». Яғни Киелі Кітап пен Құдай діни сенімде бір-бірін толықтырып тұратын ұғымдар.

Ислам дініндегі сенім түсініге де осыған кеп саяды. Яғни, Алланы бір деп жəне барлық нəрселердің жаратушысы екеніне сену. Сонымен бірге, Оның түсірген Қасиетті Кітабы – Құранға сену, пайғамбарларына, ахирет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алла Тағаладан екеніне сену. Осы түсініктердің барлық жиындығы ислам дініндегі сенім түсінігін, яғни иман негіздерін құрайды [4]. Бұл негіздер Құран Кітап пен пайғамбар хадистерінде көрсетілген. Мысалы, Құранда «Әнбия» сүресінің 25-ші аятында «(Мұхаммед (с.а.у.)) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек; оған: «Күдіксіз Менен басқа тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» - деп қана уахи етіп жібердік» [5]. деген Алла тарапынан пайғамбарға Алланың жалғыз және оған ғана құлшылық ету керектігі туралы бүкіл адамзатқа аят түсірілген. Сондықтан мұсылмандар үшін бұл қасиетті сөздердің олардың өмірінде көрініс табуы өте маңызды амал болып саналады.

     Ислам шариғатында діни сенім түсінігі «иман» деп аталады. Ислам ғылымында иман түсінігі үшке бөлініп қарастырылады. Біріншісі, ижмали иман – Мұхамед пайғамбардың Алладан келді деген барлық айтқан нәрселеріне сену. Екіншісі тафсили иман – иман ету керек болған нәрселердің әрқайсысына жеке-жеке сену. Үшіншісі тақлиди иман – әке-шешеден, ұстаздан немесе өмір сүріп жатқан ортамыздағы адамдардан естіп, олардан көріп, үйреніп, соларға еліктей отырып келтірген иман [6]. Исламда дінінде басқа діндердегі сияқты көптеген секталық қозғалыстар мен ағымдар болғанымен, барлық мұсылмандарды Құранға негізделген осы ортақ діни сенім мен бір қауымға мүше болу сезімі байланыстырады.

Ислам қоғамы осы діни сенім сипаттары бойынша бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, Құранды түсіндіруде негізгі ислам құндылықтарын қазіргі өмірде қалай дұрыс қолдану керектігі және исламдағы әйел мәртебесі сияқты мәселелерге қатысты мұсылмандық көзқарастардың алуан түрлі екені белгілі. Ислам қоғамдарында әйелдің отбасылық өмірдегі орны, саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық салалардағы да орны бір жағынан діни ережелермен, екінші жағынан қоғамдық ортамен, этникалық құрылым және салт-дәстүр ерекшеліктерімен айқындалған [7]. Осы себепті Ислам қоғамында өмір сүрген мұсылман әйелдерінің орны барлық жерде бірдей болды деп айту мүмкін емес. Тарихи деректерден көргеніміздей, тіпті бір аймақта бір кезеңде тұратын мұсылман әйелдерінің арасында қалада немесе ауылдық жерде тұруына байланысты айырмашылықтар болған. Алайда бұл ислам қоғамдардағы әйелдердің болмыстары әр түрлі болған дегенді білдірмейді. Әрбір кезеңде олардың әлеуметтік-құқықтық және материалдық жағдайы жағынан ислам шариғатымен үйлесетін белгілі бір ортақ белгілері болды.

     Ислам діні ислам қоғамындағы діни түсінікке қатысты да, қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге қатысты да әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және құқықтық жағдайына елеулі өзгерістер әкелгені анық. Құранда әйелді жалпы адам болмысында ер адамдармен тең дәрежеде қарастырады. Бұған Құрандағы «Ән-Ниса» сүресінің «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» деген 1-ші аятын мысалға келтірсек болады. Сонымен бірге, осы орайда ислам дінінде бірінші әйел күнә жасаған, содан кейін еркекті сол күнәні жасауға итермелейтін «алғашқы» күнә туралы түсінік жоқ. Қасиетті Құранда Адам ата мен Хауа ананың шайтанның айласына бірігіп алданғаны туралы айтылады (Бақара 2/35-36; с. Таха 20/120-121). Яғни әрбір адам, мейлі еркек болсын, мейлі әйел болсын, күнәсіз болып туылады және кейін ол жасаған әрекеттері үшін әрқайсысы бөлек-бөлек жауапты болады.

    Құран Кәрімде әйел заты жаратылыс жағынан да, құқықтары мен міндеттері жағынан да еркекпен тең дәрежеде сипатталады. Әйелдер де еркектермен тең дәрежеде Құдайдың құлдары деген мағынада; олардың діни құқықтары мен міндеттері де бір деңгейде («Әли Имран» 3/195; «Тәубе» 9/71). Пайғамбардың әйелге қатысты сөздері мен істері Құранда белгіленген норма щеңберінде болған. Пайғамбар бойынан мұсылман əйелдері əрқашан өз проблемаларын ойлайтын, күйеуімен арадағы дау-дамайға араша болатын, құқықтарын қорғайтын, ер-азаматтарға əйелімен жақсы қарым-қатынаста болуға кеңес беретін, өз өмірімен үлгі болатын дос, қорғаушы қасиеттерін көре білген.

   Ислам тарихындағы мұсылман әйелдерінің орнын нақтылауда шариғи заң ережелерінің (фикһ) маңызды рөл атқарғаны даусыз. Бұл шариғи ережелер мұсылман әйелдерінің мәселелері бойынша заманауи зерттеулерде кеңінен зерттелген. Бұл тұрғыда мұсылман әйелдерінің неке бостандығы, ажырасу мүмкіндігі, отбасындағы рөлі, мұраны бөлісу және басқа да діни және әлеуметтік мәселелер туралы мәселелерді айтуға болады. «Алланың біріңе-біріңді артық еткен нәрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тән...» (Ниса 4/32) деген мағынаны білдіретін аят ер мен әйелдің рухани ғана емес, материалдық игілігіне де ерекше мән береді. Сонымен бірге, шариғат бойынша әйелдер заңды рәсімдерді жүргізуге келгенде ерлермен бірдей жағдайда. Ерлер заңды мәмілелер жасай алатындай шарттарда әйелдер де жасай алады. Фикһ ғалымдарының көпшілігінің пікірінше, әйелдер қайырымдылық пен қор сияқты мәмілелерді де еркін жасай алады. Негізінде, пайғамбар заманынан бері садақа түріндегі діни көмек көрсетуде әйелдердің орны ерекше болған. Мұхаммед пайғамбардың адамдарды садақа беруге шақырған хадисін айта келе, Әбу Саид әл-Худри: «Әйелдер ең көп садақа беретін» дейді. Яғни, бұл мәліметтерден ислам дініндегі мұсылман әйелдердің діни сенімі және оны қоғамда көрсетуі еркін болғандығын көруге болады.

Қазіргі кезде жалпы қоғамда белең алған мұсылмандарға қарсы зорлық-зомбылық, мұсылмандықты жек көру сияқты исламофобиялық құбылыстарға қарамастан мұсылман әйелдерінің белсенділігі қоғамда артып келеді. Мұсылман әйелдері өздерінің діни және мәдени ерекшеліктерін қазіргі заманғы талаптармен үйлестіру арқылы қоғамға өз үнін қосуда. Қазақстандағы мұсылман әйелдері де өздерінің діни, мәдени және әлеуметтік ерекшеліктеріне сүйене отырып, қоғамды қалыптастыруға және дамытуға үлес қосуға белсенді түрде қатысып жүргені байқалады.

Қазақстан қоғамында мұсылман әйелдерінің ғана емес, жалпы барлық әйелдердің құқығы сақталған және діни сенімін еркін ұстануға еш кедергі жоқ. Алайда, кейбір діни ағымдардың тарапынан орамалға қатысты, мұсылман әйелдерінің жұмыс істеп, қоғамда белсенді болуына байланысты қате пікірлердің айтылуынан көптеген түсініспеушіліктер туындап жатқаны белгілі.

Ислам дінінің негізі мақсаты адамдар арасында тыныштық, махаббат, әділетілік пен бейбітшілік орнату. Барлық адамзатқа бағытталған ислам діні нәсілге, ұлтқа және жынысқа байланысты ешқандай артықшылықты немесе кемсітушілікті құптамайды. Демек, еркек пен әйел кез келген қоғамда тең дәрежеде, тең құқықта өмір сүруі керек.

Абишева Замира Базарбайқазы, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы

Дінтану сараптамасы департаментінің аға сарапшысы