«Назарбаев орталығы» мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің бірыңғай кешені – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру идеясымен етене байланысты бірегей туристік нысан болып табылады. Мұнда кез келген келуші өзінің діни ұстанымына, наным-сеніміне қарамастан, Съездің шақырылу тарихымен таныса отырып, Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогтың дамуына қосқан үлесін бағалай алады, қазіргі заманғы өркениеттің мәдени алуан түрлілігін суреттейтін Съезге қатысушылардың тарту ретінде берген кәдесыйларын көре алады.
Қос ғимарат та – архивтік, кітап және музей коллекцияларын сақтау мен таныстырудың дәстүрлі және инновациялық, ақпараттық технологиялардың үйлесімінің жарқын үлгісі болып саналады.
«Назарбаев орталығы» ғимараты 2006 жылдан бастап съезді өткізуге арнайы тұрғызылған Бейбітшілік және келісім сарайының ғимаратында іске асырылған Норман Фостердің жарқын сәулеттік идеясының жалғасы. Сәулетшінің ойынша, аспанға ұмтылған, орасан зор көз жанары іспетті «Назарбаев орталығы» ғимаратының келбеті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін шақырудың бастамашысы болған тәуелсіз Қазақстанның өмірлік күш-қуаты мен энергиясын бейнелейді.
«Design Group Academia Okan Kologlu-дың» жобасы бойынша бой көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің ғимараты қазіргі заманғы сәулеттің қатаң сұлулығы мен жаңа технологиялық шешімдерді үйлестіре отырып, ақ тас пен мөлдір әйнектің басымдылығын қолдана отырып тұрғызылған сәулетшілердің бірегей құрылыс тәсілін бейнелейді.
«Назарбаев орталығы» және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің музейлік-туристік кешені елорданың сол жағалауында, Әлихан Бөкейхан көшесіндегі саябақ аймағында орналасқан. Екі ғимараттан тұратын кешен бірыңғай мәдени кеңістікті құрайды, онда қазіргі Қазақстанның тарихы ұсынылған, елдің жаһандық қауіпсіздікті және мәдениетаралық диалогты қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесі туралы жан-жақты ақпарат берілген.