«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылды.
Орталық Азиядағы осынау ірі театр әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлері ескеріле салынған; оның техникалық жабдықталуы әлемдік стандарттарға сай келеді. Үлкен зал 1250 орынға, Камералық зал 250 орынға есептелген.
«Астана Опера» репертуарында атақты ұлттық композиторлар шығармалары – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Ғ.Жұбанованың музыкасына қойылған «Қарагөз» балеті қамтылған. Әлемдік классика Дж.Вердидің «Аида», «Травиата», «Дон Карлос», Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Мадам Баттерфляй», «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» және «Жібек саты» опера-фарсы, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларымен; П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Щелкунчик», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», А.Хачатурянның «Спартак», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л.Минкустың «Баядерка» және «Дон Кихот», А.Аданның «Корсар» және «Жизель», Л,Делибтың «Коппелия» балеттерімен; М.Фокиннің «Шопениана» және «Шехеразада», Б.Эйфманның «Роден», Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы», К.Макмилланның «Манон» және т.б. қойылымдармен ұсынылған.
Бас дирижер – Алан Бөрібаев, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова.
Спектакльдер сценограф Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноның қатысуымен Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Джанкарло дель Монако, Алан Бөрібаев және т.б. атақты шетелдік және отандық мәдениет қайраткерлерінің қойылымында көрерменге ұсынылуда.
«Астана Опера» сахнасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Нұржамал Үсенбаева және тағы басқа әйгілі қазақстандық әртістермен бірге әлемдік музыка өнерінің жұлдыздары: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Ильдар Абдразаков… өнер көрсетті.
Бұл сахнада миландық Ла Скала, неополитандық «Сан-Карло», генуялық «Карло Феличе», Ұлттық париж операсы, Санкт-Петербордағы Мариин театры және т.б. айтулы ұжымдар гастрольдік сапар шеңберінде өнерлерін паш етті.
ЭКСПО-2017 аясында Пласидо Домингоның ХХV Халықаралық «Опералия» вокалистер байқауы өтті.
2014 жылы «Астана Операның» әлемдік турнесі орын алды (Нью-Йорк – Торонто – Париж – Антверпен – Роттердам); сонымен қатар Маскат Корольдік театры (Оман), Graz Opera (Австрия), Мариин театры (Ресей), Theatro Municipal (Бразилия), Рим операсы (Италия), «Карло Феличе» театры (Италия), София патшайымның өнер сарайы (Валенсия, Испания) және т.б. театрларда гастрольдік сапар аясында өнер көрсетті. Қыркүйек айында Ресейдің Үлкен театрында өнер көрсетуі жоспарланған.
«Астана Опера» театры екі мәрте лауреат атанды: А.Жұбанов және Л.Хамидидің «Абай» операсы үшін мәдениет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы (2018) мен «Жылдың театрлық алаңы» аталымы бойынша классикалық өнер саласындағы «BraVo» Халықаралық сыйлығына ие болды (Мәскеу, Ресейдің Үлкен театры, 2019).