Мәдени бағдарлама

Успен кафедралы соборы

Бөлісу

Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағындағы ең ірі православ храмы ретінде белгілі Успен кафедралы соборы Иса Мәсіхтің анасы Мәриям өмірден өткен күн, христиандардың қасиетті мейрамы – орысша айтсақ, «Успение Прясвятой Богородицы» құрметіне салынған. Собордың орталығындағы крестің биіктігі 68 метрді құрайды. Успен соборы астананың православ тұрғындары үшін діни орда болса, қала қонақтары үшін сәулеті салтанатты ерекше рухани орын.

Нұр-Сұлтан қаласында Успен кафедралы соборын салу бойынша шешім 2004 жылы қабылданып, алғашқы кірпіші 2006 жылы қаланған. Бүгінде сәулетті православ храмы бір уақытта 4000-ға жуық адамды қабылдай алады.

Шіркеудегі иконалар орнатылған иконостасты жасау үшін Ресейдің Кострома өңірінен арнайылап Феодор Стратилат атындағы көркемдік-өндірістік шеберханасының шеберлері шақыртылды. Шеберлер ақылдаса келе, собордың төріне ХVIII ғасырдағы көркемөнер мәнеріндегі үш бөлікті, биік иконостас орнатамыз деп шешті. Өз ортасында мұндай мәнер «мәскеулік» немесе «Нарышкин бароккосы» ретінде белгілі.

Храмды өрнектеу жұмысы Ресейдің Палех қаласынан келген 30 изографқа тапсырылды. Қылқалам шеберлерінің жұмысына Ресей суретшілер одағының мүшесі В. К. Курилов жетекшілік еткен болатын. Суретпен безендірілген қабырғалар мен күмбездердің жалпы ауданы 6000 шаршы метрді құрады.

Қазіргі таңда собор жанынан Әулие Кирилл мен Мефодий атындағы рухани-мәдени орталық ашылған. Оған қоса жексенбілік мектеп пен православ жастар бөлімі жұмыс істеп тұр.

Собордың ресми сайтында шіркеуде қойылған барлық иконаның тарихы, мәні мен маңызы жайлы білуге болады. Собор мұралары қатарында Рим Папасы XVI Бенедикт қазақстандық православ шіркеуіне сыйға тартқан Әулие апостол Андрей Первозданныйдың мүрдесі, митрополит Александр сыйлаған Мәриям ананың Астана-Почаев иконасы бар.