III Съезд

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІНІҢ
ІІІ СЪЕЗІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҮНДЕУІ

Біз, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезіне қатысушылар,

  • экономикалық және аралас салаларды қоса алғанда, Съезд барысында көтерілген адамзат проблемаларының өрістеп келе жатқан өзектілігін мойындап, сондай-ақ қоғамның әр мүшесі алдындағы өз жауапкершілігімізді сезіне отырып;
  • діннің өскелең рөлін ескере келе және дінаралық өзара түсіністік пен қазіргі заманғы әлемдегі ынтымақтастықтың қажеттігін атай отырып;
  • дінге сенушілердің рухани құндылықтарды және өзара құрметтеушілік пен үйлесімділікке ықпал етуді жақтайтындығын растай келе;
  • біздің мәдени және рухани мұрамызды қорғау мен дамытуға ұмтылысымызды атап көрсете отырып;
  • этностық және діни араздыққа, өшпенділікке ымырасыз қарсы шығып, сонымен бірге әртүрлі этностық және діни көзқарастағы адамдардың бейбіт қатар өмір сүруі адамзат қауіпсіздігінің маңызды негізі болып табылатынын атай келе;
  • біздер ортақ моральдық құндылықтарымыздың дінаралық және конфессияралық қақтығыстар мен шиеленістерді болдырмау мен бейбіт шешудегі маңызды үлесін атап көрсете отырып;
  • дінаралық диалог стереотиптерден, соқыр нанымдардан аулақ болуға және діни жанжалдарды болдырмауға көмектесетініне, алауыздықты тежеудің құралы болатынына және жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге ықпал ететініне сенімділік білдіре отырып;
  • қоғамдық және жаһандық тұрақтылықтың жаңа қатерлеріне қарсы іс-қимыл рухани және моральдық тәрбие, мәдениет, бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттердің, этностық қоғамдастықтардың және діндердің ынтымақтастығын талап етеді деген сенімді негіздей келе;
  • жеке адамның қадір-қасиеті мен оның негізгі құқықтарын, әсіресе ар-ождан мен діни сенім бостандығын қорғау қажеттігін сезініп;
  • дінді қаскөй ұлтшылдық пен шовинизмді ақтау және қолдау мақсатына пайдалануды жоққа шығара отырып;
  • экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністерін, әсіресе дін атын жамылып жасалғандарын айыптай келе;
  • жергілікті және халықаралық деңгейде адамдардың бірге өмір сүруінің неғұрлым ізгі жүйесін құруға мүмкіндік беретін өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне адамзат бірлескен күш-жігермен көтеріле алатынын түсініп;
  • дінаралық диалог, өзара түсіністік пен бейбіт ынтымақтастықтың дамуына І және ІІ Съездердің қосқан үлесін зор құрметпен бағалай келе және Хатшылық жұмысына ризашылығымызды білдіре отырып.
  • Біз діни, саяси көшбасшыларға, қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және әлемдік қоғамдастыққа үндеу жолдаймыз:
  • шынайы дінаралық диалог орнату үшін дін лидерлері мен ұйымдарының күш-жігерін ұдайы қолдап, оларға ықпал етіп, сондай-ақ діннің қоғамда атқара алатын және атқаруға тиіс оң рөлін тани отырып, адамзаттың өзекті мәселелеріне, оларды тиісінше шешудің жолын айқындау мақсатына баса назар аударайық;
  • білім беру арқылы әрбір дін мен мәдениеттің бірегей сипатын түсінуге ықпал етіп, өзара түсіністік пен құрметтеушілікті түбегейлі орнықтыруға бағытталған дін және өркениет диалогін қолдайық;
  • заңды айырмашылықтарды құрметтеушілік негізінде қоғамның бірлігін сақтау үшін дінді немесе дін айырмашылығын саяси мақсатта бүлдірушілік сипатта пайдалануға қарсы тұрайық;
  • ар-ождан бостандығы мен оны іске асыру құқығын ұдайы қорғай отырып, білім беру саласында мәдени алмасулар мен ынтымақтастық арқылы неғұрлым терең түсіністікке қол жеткізуге жәрдемдесейік;
  • жаһандық әлемдегі экономикалық, қаржылық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді әділ шешудің жолын іздестіруде орасан моральдық, рухани күш пен шынайы ынтымақтастық танытайық.

Біз, Съезге қатысушылар, Жоғары Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан Республикасының халқына  Қазақстанда және оның шегінен тысқары жерлерде түрлі этносқа жататын, әртүрлі діни сенімі мен мәдениеті бар халықтар арасындағы келісім мен ынтымақтастық мәдениетін алға ілгерілету жолындағы олардың күш-жігері үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Біз әрбір адамға бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу тілейміз.