2025 жылғы 13 қарашада Алматы қаласында «Үндістан мен Қазақстан: тұрақсыздық кезеңіндегі серіктестікті дамыту» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Үндістанның Астанадағы Елшілігі, «Heartland Expert» талдау орталығы және «Нархоз» университеті бірлесе ұйымдастырды.
Конференция аймақтық және жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан мен Үндістан арасындағы саяси, экономикалық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауға арналды.
Форум аясында үш негізгі сессия өтті:
Бірінші сессияда Қазақстан мен Үндістанның стратегиялық және саяси ынтымақтастығы, Орталық Азияның жаһандық геосаясаттағы рөлі сөз болды.
Екінші сессияда қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес және жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық басқару тақырыптары талқыланды.
Үшінші сессия экономикалық дипломатияның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызына арналды.
Іс-шараға Қазақстан мен Үндістанның беделді саясаттанушылары, сарапшылары, мемлекеттік органдар мен зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар конференция жұмысына Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының кеңесшісі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Ізгі ниет елшісі Болат Сарсенбаев қатысты. Өз сөзінде ол қазіргі күрделі халықаралық жағдайда діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Форум Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.