2025 жылғы 18 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында Жас діни лидерлердің ІІ форумы өтті. «Бейбіт өмір – жастар таңдауы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған ең ірі халықаралық дінаралық форумдардың бірі әлемнің шамамен 20 елінен келген делегацияларды қабылдады.
Ірі діни дәстүрлердің лидерлері, мемлекеттік қайраткерлер, қоғам жетекшілері мен ғалымдар әртүрлі елден жиналып, жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолдарын рухани көшбасшылық пен халықаралық деңгейдегі дінаралық ынтымақтастық арқылы талқылады.
Форумды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының жетекшісі Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзі ашты. Өз сөзінде ол бейбітшілік пен диалог орнатудағы жастардың жауапкершілігін атап өтіп, «көпірлер салу, қабырғалар тұрғызбау» қағидатын ұстанудың маңыздылығын ерекше жеткізді.
Форумның жұмыстың бағдарламасы аясында Forum Talks сессиясы өтіп, онда бейбітшілікті нығайту мен дінаралық диалогты ілгерілетудегі жастардың рөліне қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Алғаш рет қатысушыларды талқылауға белсенді тарту үшін Mentimeter әдісі қолданылған интерактивті формат пайдаланылды.
Екінші форумның өткізілуі 2024 жылы басталған жұмыстың қисынды жалғасы болды. Қатысушылар күшейіп келе жатқан поляризация, діни төзбеушілік пен әлеуметтік қайшылықтар жағдайында жастардың жасампаз күн тәртібін қалыптастырушы ретінде стратегиялық рөл атқаратынын атап өтті.
Форум қорытындысында «Жастар бейбіт қатар өмір сүру үшін» атты қорытынды коммюнике жобасы ұсынылды. Құжатта қазіргі замандағы жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде конфессияаралық диалогтың маңызды рөлі айрықша көрсетілді. Жас лидерлер төзімділік, әділеттілік және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген болашақты құруға күш-жігерін арнауға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ құжатта халықтар мен діндер арасындағы өзара түсіністік, мейірімділік пен ынтымақ идеалдарына адалдық көрініс тапты.
Жас діни лидерлердің ІІ форумын өткізу Съезд жұмысына және жаһандық дінаралық күн тәртібіне жастардың қатысуының жоғары маңызын дәлелдеді. Оның қорытындылары инклюзивті, бейбіт әрі орнықты қоғамды қалыптастыруға ықпал ете алатын рухани дипломатия құралы ретіндегі бұл алаңның айрықша рөлін тағы да растады.