Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

ХХІІІ Съезд Хатшылығы

Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ХХІІІ Хатшылығының отырысы өтті. VIII Съезд қарсаңында әртүрлі діндер мен конфессиялардың өкілдері алдағы іс-шараға дайындықты, оның ішінде негізгі тақырыптарды, халықаралық бастамаларды және жаңа Ізгі ниетті Елшілерді сайлауды талқылады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Съезд 20 жылдан астам уақыт бойы жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға, маңызды әлемдік проблемаларды шешуге рухани дипломатияны жұмылдыруға, сондай-ақ, толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге ықпал етіп келе жатқанын айтты. Сенат Төрағасы атап өткендей, Съездің бейбітшілікті сақтауға, келісім мен өзара құрмет, ынтымақтастық мәдениетін нығайтуға бағытталған тың бастамалар мен ұсыныстар айтылатын бірегей диалог алаңына айналуы – барлық қатысушының ортақ жұмысының нәтижесі.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев VIII Съездің Күн тәртібіне назар аударып, дінаралық диалогты жолға қою үздіксіз, жүйелі және жоспарлы жұмысты қажет ететінін тілге тиек етті. Бұл ретте тың идеялар мен ұсыныстар және бірлескен жобалар, оның ішінде Съезд аясынан тыс бастамалар арқылы да іске асыру айрықша мәнге ие.

Профессор доктор Мұхаммад Зия Ул-Хак, Әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері съезі Қазақстанның нағыз символына айналғанын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың діндер арасындағы бейбітшілік, үйлесім, төзімділік пен өзара құрметті ілгерілетуге деген берік ұстанымының дәлелі екенін атап өтті.

Қасиетті Тақтың өкілі, Лоран Базанез Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – диалог, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің маңызды халықаралық алаңы болып табылатынын, ол Рим Папасының жоғарғы өкіметі тарапынан тұрақты түрде қолдау табатынын ерекше атап көрсетті.

Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ул Ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесуде Съезд Хатшылығының басшысы аталған басқарма Форумға ұзақ жылдар бойы қолдау білдіріп, оның мақсаттарына жетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты және сол үшін алғыс айтты.

Іс-шараның нәтижесінде Съезд Хатшылығының XXIII отырысының хаттамасы қабылданып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі декларациясының ережелері талқыланды. Бейбітшілік пен өзара түсіністік жолындағы ортақ мақсаттың символына айналған қорытынды құжат «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» деп аталды.