Токио қаласы, 2026 жылғы 30 маусым
2026 жылғы 30 маусымда Токиода Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен «Сока Гаккай» халықаралық буддистік ұйымы конфессияаралық және дінаралық диалогты, рухани дипломатияны, ғылыми-сарапшылық бағытын дамытуға, сондай-ақ бірлескен білім беру және гуманитарлық жобаларды іске асыруға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен «Сенімдердің өзара ықпалдастығы, әлемнің келбеті: жасанды интеллект пен климаттың өзгеруіне қарсы күрес дәуіріндегі конфессияаралық диалог» тақырыбында бірлескен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел аясында тараптар ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Іс-шараға Халықаралық орталық Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай, «Сока Гаккай» ұйымының Басқарма төрағасы Сигэо Хасэгава, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Бақытжан Сүйіндіков, «Сока Гаккай» ұйымы мен Халықаралық орталықтың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан мен Жапонияның академиялық қауымдастығының өкілдері қатысты.
«Сока Гаккай» қазіргі заманғы ең ірі буддистік қозғалыстардың бірі. Ұйым ондаған жылдар бойы бейбітшілік, адам қадір-қасиеті, білім беру, мәдениетаралық және конфессияаралық диалог идеяларын ілгерілетіп келеді. Кездесу ұйымның Қазақстанмен, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясындағы көпжылдық ынтымақтастықтың жалғасы болды.
Өз сөзінде Гүлсана Қожабай «Сока Гаккай» ұйымымен өткен кездесудің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында қалыптасқан көпжылдық әріптестіктің маңызды жалғасы болғанын атап өтті. Ол Қазақстан мен Жапонияны тек заманауи серіктестік қана емес, сондай-ақ Ұлы Жібек жолының мұрасы мен буддистік мәдениеттің таралуынан бастау алатын ортақ еуразиялық рухани тарих та байланыстыратынын атап өтті. Кездесу барысында Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі арқылы конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі рөліне, оның жастар және сарапшылық бағыттарын дамытуға, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан пайымдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Гүлсана Қожабай сондай-ақ Хиросима, Нагасаки және Семей ядролық сынақ полигоны туралы ортақ тарихи жады Қазақстан мен Жапонияға бейбітшілік мәдениетін ілгерілету жолында ерекше моральдық жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол адамзат бастан өткерген қасіретті оқиғалар тарихы бейбітшілік, қауіпсіздік, экология, технологиялар, білім беру және келер ұрпақты тәрбиелеу мәселелерінде «алдын алу этикасының» негізіне айналуға тиіс екенін айтты.
Өз кезегінде «Сока Гаккай» ұйымы Басқармасының төрағасы Сигэо Хасэгава диалогтың мәдениеттер мен халықтар арасындағы айырмашылықтарды еңсерудің маңызды құралы екенін атап өтіп, Қазақстанмен, оның ішінде Халықаралық орталықпен әлемдік конфессияаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Ол буддизмнің жанашырлық және адам өміріне құрмет қағидаттарына негізделген философиялық ұстанымдары ұйымның бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға деген ұмтылысының негізін құрайтынын атап өтті. «Сока Гаккай» ұйымының басшылығы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы мен дөңгелек үстелдің өткізілуі конфессияаралық диалогты, түсіністікті және бейбітшілік мәдениетін дамытудағы ортақ жұмыстарға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Дөңгелек үстел барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі қорытындысы бойынша Халықаралық орталық әзірлеген «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» атты тұжырымдамалық құжаттар таныстырылды. Қатысушылар жаңа технологияларға жауапты көзқарасты қалыптастыру, экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету және бейбітшілік мәдениетін нығайту ісіндегі діни және қоғамдық институттардың рөлін талқылады.
Жапон тарапы атынан «Сока Гаккай» Бейбітшілік орталығының экология және гуманитарлық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Нобуюки Асай ұйымның ағартушылық қызметке, конфессияаралық бағытқа және «Green Charter» мен «GreenFaith Japan» экологиялық бастамаларын іске асыруға негізделген ұстанымын таныстырды. Ол буддистік дәстүрде табиғатқа жанашырлықпен қарау адамның ішкі кемелденуінен бастау алатынын, ал қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау рухани өмірдің ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.
Заманауи сын-қатерлер тақырыбын жалғастыра отырып, Сыртқы байланыстар басқармасының директоры Ёсиюки Нагаока жасанды интеллектінің дамуымен байланысты этикалық мәселелердің өзектілігі артып келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ ол адам қадір-қасиетін, рухани құндылықтарды сақтаудың және жаңа технологияларды пайдалануға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның академиялық қауымдастығының өкілдері Орталық және Шығыс Азия арасындағы тарихи және мәдени байланыстарға талдау ұсынды. Nazarbayev University профессоры Николай Цыремпилов буддизмнің ежелгі Қазақстан аумағына таралуына Ұлы Жібек жолының ықпалы туралы баяндап, тибет және ойрат тілдеріндегі бірегей буддистік қолжазбалар сақталған Абылайкит будда монастырін еліміздің тарихи діни әралуандығының жарқын айғағы ретінде таныстырды.
Nazarbayev University-нің ассистент-профессоры Сабина Инсебаева жапондық үйлесім философиясы мен Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасының үндестігін атап өтті. Оның айтуынша, жапон және қазақ дәстүрлері ақыл-парасат, руханият пен жанашырлыққа негізделген тұтас тұлғаны тәрбиелеу идеясы үндес, өйткені дәл осындай тұлға үйлесімді қоғамның негізін құрайды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қиыр Шығыс кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Марал Андасова терең философиялық және тарихи параллельдерге назар аударды. Оның айтуынша, жапон мифологиясы мен көне түркілік тәңіршілдікте жоғарғы құдай туралы түсініктер мен билеушінің киелі тегі жөніндегі ұғымдар ұқсас келеді. Сондай-ақ философ Тосихико Идзуцуның еңбектерінде сопылық пен дзэн-буддизмнің ортақ белгілері айқын көрінеді. Сарапшы бұл екі конфессиялық дәстүр де үйлесімге жетудің жолын адамның ішкі рухани өзгеруінен көретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Халықаралық орталық пен «Сока Гаккай» ұйымының өкілдері тұрақты сарапшылық пікір алмасуды жалғастыруға, діни және ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ конфессияаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілету бағытындағы ортақ бастамаларды дамытуға уағдаласты.
Іс-шара соңында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Орталық басшылығымен сұхбат өткізді.