2025 жылғы 9 сәуірде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль делегациясын қабылдады
Делегацияны Израиль Мемлекеті Кнессетінің Төрағасы Амир Охана мен «Қазақстан – Израиль» парламентаралық достық тобының төрағасы Владимир Беляк бастап келді.
Кездесуге Орталықтың Басқарма Төрағасы м.а. Марат Қалижанов, Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, Израильмен ынтымақтастық жөніндегі топтың жетекшісі Нұртөре Жүсіп, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің өкілі Лаура Ширимбаева қатысты.
Кездесу барысында тараптар құттықтау сөздер айтып, екіжақты қатынастарды дамыту мен конфессияаралық және дінаралық диалогты нығайту мәселелерін талқылады. М. Қалижанов Орталықтың қызметі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін ұйымдастырудағы Қазақстанның рөлі туралы баяндады. Израиль тарапы Қазақстанның толеранттылық идеяларын ілгерілету жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, өзара ынтымақтастықтың одан әрі де дами беретіндігіне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар табыстап, кейін Бейбітшілік және келісім музейі қызметкерлері қонақтарға көрме залдарында экскурсия өткізді.