Жаңалықтар

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ақпарат

Бөлісу
Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Х отырысы аясында Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қайрат Мәми бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Ислам және шақыру істері жөніндегі министрлер конференциясының (Сауд Аравиясы) Бас хатшысы Маджид Абдул Азиз ат-Түркимен кездесу барысында Қ.Мәми Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына сауд тарапының үлесін жоғары бағалады.
 
«Қазақстан Сауд Аравиясы Корольдігін араб және мұсылман әлеміндегі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады», деп атап өтті төраға.
Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуіне қатысты төраға «біздің еліміз ЕҚЫҰ-дағы қызмет тәжірибесін ИКҰ-ға әкелуге, Батыс пен мұсылман әлемінің өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайтуға ниеттеніп отыр», деп атап өтті.
Жаһандық дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамытудың өзекті мәселелері Бүкілқытай будда ассоциациясы (ҚХР) Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Пу Чженмен кездесуде талқыланды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасына қытай жағының қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізе отырып, Қ.Мәми «Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен достық байланыстар әлеуеті өркениетаралық және дінаралық үнқатысуды бірлесе ілгерілетумен байи түседі», деп атап өтті.
Сол күні Қ.Мәмидің Израиль Бас сефард раввинінің өкілі Мэйр Даниномен, Мәскеу Патриархаты Шіркеулермен және қоғаммен өзара қатынастар жөніндегі бөлімі төрағасының орынбасары Георгий Рощинмен, Киелі тақтың Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің өкілі Кристиан Тролльмен, Алматыдағы Египеттің «Нұр Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмуд Хиджазимен кездесулерінде қазақстандық дінаралық форумды одан әрі ілгерілету мәселелері талқыланды. 
 
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының баспасөз қызметі