Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы (бұдан әрі – Орталық) штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан, әлемдегі ең ірі жаһандық дінаралық ұйым – «Religions for Peace» («Бейбітшілік жолындағы діндер») халықаралық ұйымының басшылығымен онлайн кездесу өткізді.
Кездесуге Орталықтың Төрайымы Гүлсана Қожабай, Орталық қызметкерлері және «Religions for Peace» ұйымының Бас хатшысының орынбасары Дипика Сингх қатысты.
Кездесу барысында тараптар 2026 жылға арналған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Гүлсана Қожабай «Бейбітшілік жолындағы діндер» ұйымы басшылығына екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына тұрақты әрі белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Орталықтың іс-шаралар жоспарын таныстырды. Аталған жоспарға Съезд Хатшылығының XXIV отырысын өткізу, сараптамалық дөңгелек үстел, сондай-ақ халықаралық алаңдарда түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастыру кіреді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылау аясында Дипика Сингх діни көшбасшылар мен азаматтық қоғамды өзекті жаһандық мәселелерді шешу жолында біріктіретін бірегей платформа болып табылатын «Religions for Peace» Дүниежүзілік ассамблеясының қызметіне жан-жақты тоқталды. Ұйымның БҰҰ және оның өңірлік құрылымдарымен тығыз әріптестікте ауқымды форумдар өткізуде айтарлықтай тәжірибесі бар екені атап өтілді.
Институционалдық ынтымақтастық контексінде тараптар «Religions for Peace» ұйымын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының жұмысына қосу перспективаларын, сондай-ақ Орталық пен Съезд Хатшылығы басшылығының «Religions for Peace» Дүниежүзілік ассамблеясының болашақ сессияларына қатысу мүмкіндігін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Съезд бастамаларын және 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын ілгерілету, сондай-ақ конфессияаралық саладағы әйелдер көшбасшылығын дамыту бағытында бірқатар бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.
Қатысушылар халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру жаһандық бейбітшілікті, өзара құрметті және конфессияаралық келісімді нығайтудың қажетті шарты екенін атап өтті.