2025 жылдың 28 қарашасында Түркістанда «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған жетекші сарапшылар, ғалымдар, журналистер және қоғамдық қайраткерлер жиналып, цифрлық технологиялардың жылдам дамуы жағдайында медиа мен коммуникациялардың трансформациясын талқылады.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының қолдауымен, Орталық Азия Мұсылман Ақсақалдар Кеңесі, Конфессияаралық жіне дінаралық диалогтың халықаралық орталығының және Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің серіктестігі аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан медиа, этика және жасанды интеллект арасындағы байланысты талқылау, сондай-ақ ақпараттық кеңістікте жауапкершілік пен моральдық құндылықтарды нығайту жолдарын анықтау және жасанды интеллекттің бейбітшілік тілін қалыптастыруға ықпал етуі.
Іс-шараны ашқан Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзін оқыды.
Дархан Қыдырәлі өз сөзінде бірінші сессияның Түркістанда басталуының терең символдық мәні бар екенін, себебі Яссауидің рухани мұрасы осында басталатынын атап өтті.
Сенатор бейбітшілік журналистикасы тек қарулы қақтығыстарды көрсету емес екенін, ол әлеуметтік мәселелер, тұрмыстық зорлық-зомбылық және қоғамдағы кез келген шиеленістерді бейбітшілік пен адамгершілік тұрғысынан көрсету қажеттігін айтты.
«Жасанды интеллект дәуірінде жаңалықтар мен оқиғалар тез өзгеріп, көбінесе болжап болмайтын бағытта дамиды. Біз агрессия, эмоциялық манипуляциялар мен жалған ақпаратқа қарсы, әрі ерекше сақ болуымыз керек», — деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығынан дөңгелек үстелге қатысқан Дінтану сараптамасы департаментінің директоры Эльмира Бірәлі өз сөзінде медиа құралдарының дінаралық келісімді нығайтудағы рөлін талқылады.
Эльмира Бірәлі дін, құқық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы сараптамалық жұмысын, сондай-ақ медиа материалдарының конфессияаралық сезімталдыққа сәйкестігін бақылау мәселелерін баяндады. Ол өзінің сөзінде жауапты, этикалық тұрғыдан дұрыс контент жасау қажеттілігін атап өтіп, жасанды интеллект технологияларын медиа саласында дұрыс және қауіпсіз қолдану стандарттарын әзірлеу қажеттілігіне тоқталды. Әсіресе, бұл стандарттар дін тақырыбын, бейбітшілік, диалог және толеранттылық мәселелерін қамтитын материалдарға қатысты болуы керек.
Дөңгелек үстел конструктивті, жауапты және мәдени тұрғыдан сезімтал коммуникацияны дамытуға бағытталған пікірталас алаңына айналды. Бұл шара Қазақстанда ғана емес, аймақтық деңгейде де тиімді тәжірибе алмасуға және ұсыныстар әзірлеуге ықпал етті.
Келесі іс-шаралар Алматы және Астана қалаларында өтеді деп жоспарланған.