2025 жылғы 18 сәуірде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023–2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» тақырыбында дәріс ұйымдастырылды.
Шара аясында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров сөз сөйлеп, Съездің даму тұжырымдамасының негізгі бағыттары мен мазмұнына кеңінен тоқталды.
Дәріс барысында 2022 жылы қабылданған тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ Съездің жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосар үлесі жан-жақты түсіндірілді.
Спикер бейбітшілік, төзімділік және өзара құрмет қағидаттарын ілгерілету мәселелеріне айрықша назар аударып, қазіргі кезеңдегі дін лидерлері рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Тыңдармандар тарапынан дәріске жоғары қызығушылық танытылып, сұрақ-жауап сессиясында белсенді пікір алмасу орын алды. Қатысушылар көтерілген мәселелердің өзектілігіне тоқталып, жаһандану жағдайында конфессияаралық өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосып отырған елеулі үлесін ерекше атап өтті.