2025 жылдың 10 сәуірінде Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті қабырғасында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакировтың қатысуымен «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы» тақырыбында дәріс өтті.
Іс-шараның мақсаты – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамды Съездің негізгі идеялары және алдағы онжылдыққа арналған даму бағыттарымен таныстыру. Дәріс барысында Б. Бакиров Съездің жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөліне тоқталып, 2022 жылы қабылданған жаңа тұжырымдаманың негізгі ережелерін түсіндірді. Атап айтқанда, бейбітшілік, төзімділік пен өзара сыйластық идеяларын ілгерілету және қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрудағы дін көшбасшыларының рөлін күшейту мәселелері қарастырылды.
Дәріс студенттер мен оқытушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, қатысушылар жаһандық өзгерістер жағдайында діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы туралы өзекті сұрақтар қойып, пікір алмасты. Іс-шара соңында қатысушылар Съездің Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Анықтама үшін:
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі – Қазақстанның бастамасымен 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық форум. Съезд жаһандық деңгейде бейбітшілік пен келісімді дамытуға үлес қосып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерін бір алаңда біріктіреді. 2022 жылы қабылданған «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» Съездің алдағы онжылдықтағы даму бағыттарын айқындайды.