Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілету шеңберінде Халықаралық орталық пен Иерусалим конфессияаралық орталығы ынтымақтастық жолдарын талқылады

Бөлісу

Астана - Иерусалим, 2026 жылғы 8 маусым

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Иерусалим конфессияаралық орталығы келіссөздер өткізіп, екі елдің еврей және мұсылман қауымдастықтары мен академиялық ортасы арасындағы байланыстарды нығайту және ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.

Иерусалим конфессияаралық орталығының бас директоры, раввин, доктор Ахарон Ариэль Лави ұйым қызметін таныстырды. Орталықтың жұмысы үш негізгі бағытқа бөлінген: академиялық зерттеулер, білім беру бағдарламалары және діни дипломатия. Раввин Лави Орталықтың басты бағыты еврей және мұсылман қауымдастықтары арасындағы диалогты дамыту екенін атап өтті.

Халықаралық орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай жиынға қатысушыларды ұйым қызметімен таныстырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясында Израильдің діни қауымдастықтарымен тұрақты байланыстар қалыптасқанын, олардың өкілдері Съезд жұмысына үнемі қатысып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Орталықтың Съездің екінші бағыты – Сарапшылардың дөңгелек үстелі аясында Израильдің академиялық және сарапшылық қауымдастығымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екені айтылды. Халықаралық алаңдарда өзекті мәселелерді талқылаудан конфессияаралық диалогты, сенімді және өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған нақты практикалық бастамаларды әзірлеуге көшу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Тараптар халықаралық конференциялар мен форумдар барысында әзірленетін идеялар мен ұсынымдар зерттеулерде, білім беру бағдарламаларында және қоғамдық жобаларда нақты жүзеге асырылуы тиіс деген ортақ пікірге келді.

Израиль тарапы әртүрлі сала мамандары өзекті діни мәселелерді бірлесіп зерттейтін сарапшылық алаңдарды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті. Мұндай жұмыстың нәтижелері талдамалық материалдар мен ақпараттық контент әзірлеуге негіз болады. Зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолдануда дезинформацияға қарсы күрестің, радикалды нарративтердің таралуына тосқауыл қоюдың және бейбітшілік мәдениетін ілгерілетудің құралы ретінде медиа кеңістікке ерекше рөл берілетіні атап өтілді.

Кездесуге қатысушылар жастар бастамаларын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударып, жастарға, зерттеушілер мен сарапшыларға арналған бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу мүмкіндігін талқылады.

Кездесудің негізгі қорытындысы екі орталық арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластық болды. Тараптар алдағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындап, делегациялардың өзара сапарлары мен сарапшылық кездесулерін ұйымдастыруға қызығушылық білдірді.