Жаңалықтар

Ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлық

Бөлісу

Қазір ел тыныштығын сақтау аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Тек қана ел емес, ұлтаралық келісімнің тетігін табу аса маңызды. Ол мәселені шешу тетіктері де әр түрлі жолдардан құрылады. Соның бірі әрі бірігейі – рухани тұрақтылық пен татулық. Яғни дінаралық келісім. Бұл орайда үш жыл сайын елімізде тұрақты өткізіліп келе жатқан «Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің» рөлі өте зор. Себебі бұл сьезде дүниежүзіндегі діндер басшылары бас қосып, адам өмірінің құндылығы, бір-бірінің сенімін құрметтеу, теңдік пен әділдік аясында қарым-қатынас жасаудың маңызы талданады.

Кез келген қоғам, кез келген ұлт өз рухани құндылықтары мен дәстүрлі сенімін құрметтегенін, өміршең, бейбіт қоғам құрғанын қалайды. Дінаралық татулық пен келісім сьезі осы қағидаттарды жүзеге асыруға серпін беретін бастама.

Құран Кәрімде де Алла тағаланың «Бөлінбеңдер» деп айтуы бекер емес.

 «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақы дүниетаным бір ғана отбасылық қарым-қатынасқа қатысты ғана айтылған сөз емес, сонымен қатар барша қоғамға өнеге болуға лайық нақыл. «Бірлік болмай, тірлік болмасын» айтқан халықтың өкілі ретінде ұлттық, дінаралық бірліктің маңызын жиірек еске алып тұрған абзал. Татулық пен бірлік бар жерде қоғам өркендейді, әл-ауқаты артады. Демек рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлық. Осынау алмағайып заманда осынау бір құндылықтарды сақтап қалу – баршамыздың міндетіміз. Сол үшінде Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінде барша мүдделі тарап бас қосып, осы мәселенің шешу жолдарын қарастыруы бізге ауадай қажет. Қай діннің өкілі болсын өз тіршілігінің тұрақтылығы мен тыныштығын қолдай отырып, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезіне келіп, атсалысады деген ойдамыз.

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінде тыныштық, әділдік, мамыражай өмір мен білімді ұрпақ мәселелері жан-жақты талданады деп сенеміз. Адам баласы қайырлы да ізгі амалдарымен ғана Жаратушыға жақындайды. Қасиетті Құранда: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» делінген. («Маида» сүресі, 2-аят).

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей!

                                          

 Наурыз ИБАТҰЛЫ,

ар-Рахман мешітінің наиб имамы

https://anatili.kazgazeta.kz/news/62324