Жаңалықтар

Болат Сәрсенбаев Мысырдың Қазақстандағы Елшісі Манал Ехия Эль Шиннавимен кездесті

Бөлісу

Ағымдағы жылдың 9 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласында  Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Мысырдың Қазақстандағы Елшісі Манал Ехия Эль Шиннавидің кездесуі өтті.

Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде биылғы жылдың 14-15 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезін ұйымдастыру және дайындау жөніндегі орталықтың жұмысы туралы айтты. Орталық басшысы алдағы іс-шараға мысырлық тараптың қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Біздің кездесуіміздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында өтуінің символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғаны қуантады», - деді Б.Сәрсенбаев.

Сондай-ақ тараптар Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен Әл-Азһар дінаралық диалог орталығы арасындағы өзара іс-қимылдың келешегін және ұйымдардың Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюын талқылады.

Болат Сәрсенбаев мысырлық тарапқа Орталықтың дінаралық диалогты жаһандық деңгейде ілгерілету жөніндегі бастамаларына және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысын қолдағаны үшін алғыс білдірді.