Қаз

Жаңалықтар

Қазақ жерінде баянды болған дінаралық келісім

Бөлісу

Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан белсенді сыртқы саясат жүргізіп қана қоймай, халықаралық қауіпсіздік пен ынтамақты дамыту бағытында бірталай игі шаруаларды атқарды. ХХІ ғасырда жауапкершілігін сезінуші кез-келген мемлекет тек ішкі шаруаларымен немесе өз аймағының шеңберімен шектелгені үлкен қателік. Себебі ғаламдық саясат болсын, экономика, сауда, ақпарат, мәдениет, толып жатқан басқа да салалардағы үрдістерден бір де бір мемлекет оқшау қала алмайды. Қайта шама-шарқынша жағымды құбылыстарды кәдеге асырып, керісінше тәеукелдердің алдын алу, халықаралық проблемалардың шешілуіне үлес қосу – заман талабы. Отандық осындай бастамалар қатарында Әлемдік діндер диалогы ерекше орынға ие.

Қарап отырса жер шарында орын алған көптеген шиеленістің астарында діндер мен ұлттар арасындағы араздық жатыр. Олардың қатарында бір ғасырға жақын Араб-Израиль теке-тіресін, Үндістан мен Пәкістан арасындағы соғысты, НАТО әскерлерінің Ауғаныстанда ойран салуын, басқаларын жатқызуға болады. Діни экстремизм, діни терроризм деген ұғымдар да күнделікті сөздігімізге әлдеқашан еніп кеткен. Христиандық Батыстың мұсылмандық Шығыстан үрейленуі, өз кезегінде соңғысы АҚШ пен Еуропаны басқыншы саясаты үшін әшкерелеуі жасырын емес.

Бұның бәрі дінді асыра саясиландырудың, оны өздікінше бұрмалап басқаға мәжбүрлеудің салдары. Сонымен қатар түрлі өркениеттер арасындағы түсінбеушілік, шынайы ақпараттың жетіспеуі, дін аталулыны билікке жету немесе арам пиғылдарды іске асыруда бүркеме ретінде пайдалану аталған алауыздықты өршелендіріп отыр. Расында ешбір дін өшпенділік пен соғысқа үндемейді, керісінше өз жамағатын сабырлық пен мейірімге, әділдік пен бейбітішілікке шақырады. Ендеше орын алған қарама-қайшылықтарды еңсерудің, сол арқылы қауіпсіздікті нығайтудың бірден-бір жолы діндер мен өркениеттер диалогын дамыту болып табылады.

Осы міндеттің маңызын ұғына отырып, сондай-ақ Еуропа мен Азияны жалғап тұрған сан ғасырлық тәжірибесіне сүйеніп Қазақ басшылығы әлемдік діндер көшбасшыларының жиынын өткізуді ұсынды. Алайда алғашында бұл бастама жетекші саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың тарапынан айтарлықтай қолдау таппады. Бір жағынан ғаламдық ірі жобаларды алға тарту бұл алып державалардың ғана еншісі деген жаңсақ ұстаным әсер етті. Екінші жағынан халықаралық түйткілдерді тарқатумен тек саясаткерлер айналысқаны жөн сынды көзқарас басымдыққа ие болды. Десе де Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке белсенділігі мен табандылығының, келітірген дәйектердің күшінің арқасында ақыры Қазақстанның ұсынысы іс жүзіне асты.

Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезі 2003 жылы Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм сияқты ең үлкен деген конфессиялардың атынан 17 делегация қатысты. Сонымен бірге форумға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық ұйымы, ЮНЕСКО сынды беделді ұйымдардың өкілдері ат салысты. Съезд жайындағы ұсынысты Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземин, Нелсон Мандела, Жискар д’Эстен, Кофи Аннан секілді көрнекті саясаткерлер де қошеметтеді.

Форум барысында дүние жүзіндегі дінаралық қақтығыстардың себептері айқындалып оларды болдырмаудың жолдары талқыланды. Өркениеттер арасындағы түсіністік пен сыйластықты тереңдету, дін атын жамылған арандатушы күштерге тойтарыс беруде әлемдік діндер бірлесе әрекет ету жасау қажеттілігі айтылды. Қол жеткен уағдаластықтар съездің қорытынды Декларациясында көрініс тапты. Сондай-ақ жоғары дәрежедегі жиындар аралығында форумның жұмысын үзбей жүргізіп отыру мақсатында оның арнайы Хатшылығы құрылды.

Содан бері Қазақ жерінде ғаламдық діндердің басқосуы дағдыға айналып қатары кеңеюмен болды. Мәселен, екінші дінаралық саммитке 20 елден 43 делегация қатысса, үшінші саммитке 35 елден 77 делегация қатысты. Бұл жиындарға дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдары зор мән бөліп, оның дем берушісі әрі қожайыны ретіндегі Қазақстанның да мерейі үстем болды.
Тарихи мәнге ие төртінші саммит шеңберінде әлемдік діндердің өкілдері Ашаршылық құрбандарына арналған монументтің ашылуына қатысып, қуғын-сүргін көрген азаматтардың мемориалына айналған «Алжир» лагерінде болды және осында еш кінәсіз қаза тапқан жандардың рухына арнап бірлескен дұға оқығаны ерекше әсер қалдырды.

Қазір Съездің жұмыс органы – Хатшылықтың осы күзде болатын XIX отырысына қызу дайындық жүріп жатыр. Ағымдағы мәселелермен қатар оның барысында келесі жылға жаспраланған әлемдік діндер лидерлерінің жетінші форумына дайындық барысы, сондай-ақ басқосудың қорытынды құжаттары мен ұйымдастырушылық шаралары пысықталатын болады.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өтуде. Осы мерзім аралығына еліміз түрлі салаларда табыстарға қол жеткізді. Солардың қатарында халықаралық алаңда орын алған және елмен елді, діндерді татуластыруға ықпал еткен мәмілегерлік бастамалар айрықша бағаға ие. Бұны әлемнің жетекші мемлекеттері мойындап отыр. Атап айтқанда, Сириядағы азматтық соғысты тоқтатуға арналған келіссөздерді, Азияда өзара сенім мен іс-қимыл шараларын нығайту бойынша кеңесті өткізу, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұймының саммитін ұйымдастырып тоқырап қалған оның жұмысына жан бітіру сынды мысалдарды атап өтуге тұрарлық. Соның ішінде Қазақстан қолға алған абыройлы істердің қатарында өзіндік орны бар Діндер арасындағы диалог жаһандық және аймақтық бейбітшілікті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса бермек.

Расул Жұмалы

https://abai.kz/post/139824