Қаз

Жаңалықтар

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР СЪЕЗІ – ДІНАРАЛЫҚ СҰХБАТТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ

Бөлісу

Дінаралық және этносаралық татулықты дамыту қазіргі қазақстандық қоғам тұрақтылығының басты факторларының бірі болып қана қоймай, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігі болып табылады. Біздің қоғамның дамуы – еліміздің кез келген азаматының көзқарастары мен нанымдарына төзімділік және құрметпен қарауға негізделген. Осылайша Қазақстан хошкөрушілік пен дінаралық татулықтың өзіндік қайталанбас үлгісін қабылдаған. Н.Ә. Назарбаев: «Біздің ұлтаралық және дінаралық татулық моделіміз – Қазақстанның әртүрлі конфессиялардың әрекеттестігінің жалпы дүниежүзілік үдерісіне қосқан үлесі. Бізді халықаралық аренада тап осылай қабылдағанын тілейміз» деген. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Қазақстан – дүние жүзіндегі мұсылмандар, православиеліктер, католиктер, протестанттар, буддистер, яһудилер тату тұрып жатқан жалғыз орын. Бәрі бірге жиналып, өздерінің барлық проблемалары туралы айта алатын жалғыз жер» [1]. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлтаралық татулық пен рухани келісім идеологиясын азаматтар санасына енгізу жуық онжылдықтың негізгі міндеті болып табылатындығын ұдайы атап өтеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі Қазақстанның аса маңызды бастамасы болды. Бұл – діндер және өркениеттер арасындағы шиеленістерді сабасына түсіруге себепші болатын дуалы ауыз дін басшыларын біріктіретін бірегей форум. Қоғамдағы діннің барған сайын өсе түскен рөлін толықтай ұғынған Президент Н. Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер форумын Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астанада өткізу идеясын ұсынды. Қазақстан Елбасының ниеті бойынша, ортақ мәселелер негізінде құрылған дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының арасындағы диалог өзара ынтымақтастықтың келешегін кеңінен ашып, қазіргі заманның зорлық, фанатизм, экстремизм және лаңкестік тәрізді жағымсыз көріністерін еңсеруге түрткі болады. 

2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары Астанада өткен Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съездері тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шаралардың бірі болды. Форумдардың сәтті өтуі Қазақстанға үлкен саяси дивидендтер әкелді, қазіргі заманның аса өзекті проблемаларына барабар жауап беретін кемелденген мемлекет ретінде халықаралық аренадағы беделінің артуына себепші болды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі Қазақстанның дінаралық сұхбат үдерісіне қосқан қомақты үлесі болды және төзімділік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда әлемдік қауымдастықтың алдында айрықша орын алды.

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Бірінші съезі 2003 жылдың 23 қыркүйегінде болып өтті. Бұл ұлағатты жиынды өткізу идеясын ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болса, бұл идеяны Әлемдік ислам лигасы, Әлемдік еврей конгресі, Ватикан, Орыс православие шіркеуі және тағы басқа толып жатқан діни бірлестіктер мен топтар, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық қауымдастықтар құптап, қатысуға келісім берді. Сөйтіп, аталған съезге Азия, Африка, Таяу және Орта Шығыс, Америка, Канада, Еуропа елдерінен 18 делегация келді. 

Бірінші съездің басты басымдылықтары болып мыналар белгіленді: адам тіршілігінің мызғымас қағидаттары ретінде бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті қабылдау; діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасындағы өзара сыйластық пен төзімділікке қол жеткізу; адамдардың діни сезімін кикілжіңдер мен әскери іс-әрекеттерді ушықтыру үшін пайдалану талпыныстарына қарсы тұру. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Бірінші съезінің қорытындылары бойынша «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Бірінші съезінің Декларациясы» қабылданды.

Съезге қатысушылар:

«...Әр адамның өз дінін еркін таңдауына, танытуына және ұстануына деген өз құқығын мойындай отырып, 

Дінаралық үнқатысуды халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді орнықтырудың аса маңызды құралдарының бірі деп санай отырып,

Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да мүдделі халықаралық және өңірлік ұйымдардың, сондай-ақ үкіметтердің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өркениеттер арасындағы үнқатысуды өрістету жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдіре отырып, 

Діннің бүкіл адамзаттың игілігі үшін маңызын қуаттай отырып,

Дінді дұрыс түсінбеушілікті және діндер арасындағы айырмашылықты менменшіл, бүлдіруші және зорлықшыл мақсаттарға қол жеткізудің құралы ретінде дұрыс пайдаланбаушылықты айыптай отырып,

Адам өмірінің қасиетпен сыйлануына және әр адамның артықшылығына деген құрмет дәрежесінің кеміп бара жатқандығын,

Кедейлік, аштық, сауатсыздық, аурулар, имансыздық, сондай-ақ таза су мен денсаулық сақтауға қол жеткізудің шектеулілігі туғызатын жаһандық тұрақтылыққа төнген елеулі сынақтарды,

Дауларды шешудің негізгі құралдары ретінде қанауды, қатыгездік пен зорлықты  пайдалануды, 

Дүние құрсауында қалған, қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін қатерлі салдары бар экологиялық дағдарысты түйсіне отырып» [2, 137-б.], былай деп Мәлімдеме жариялады:

«Төзімділік, ақиқат, әділдік және сүйіспеншілік секілді құндылықтарды өрістету кез келген діни уағыздың мақсаты болуы тиіс,

Экстремизмнің, лаңкестіктің және дін жолында делінетін зорлықтыңбасқа формаларының діннің шынайы түсінігімен ешқандай ортақтығы жоқ, олар адам өмірі үшін қатер болып табылады және, тиісінше, қабылданбауы тиіс,

Діни нанымдар мен ұстанушылықтың сан алуандығы өзара күдіктенушілікке, кемсітушілік пен қорлаушылыққа емес, әр дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара қабылдаушылық пен үйлесімділікке жеткізуі тиіс,

Дін төзімділік пен өзара қабылдаушылықты барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің елеулі құралы ретінде мойындай отырып, ынтымақтастыққа көбірек ұмтылуы тиіс,

Ағартушылық бағдарламалар мен әлеуметтік қатынас құралдары дін мен мәдениеттерге деген оң көзқарасты өрістету жөніндегі маңызды аспаптар болуы тиіс,

Дінаралық үнқатысу қоғамдық даму мен барлық халықтардың әл-ауқатын жақсартудың, түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы төзімділікті, өзара түсінушілік пен үйлесімді ынталандырудың шешуші бір әдісі болып табылады, сондай-ақ жанжалдар мен зорлықты еңсеруге жәрдемдеседі,

Барлық адамдар қауымдастығы жеккөрушілікті, өшпенділікті, төзбеушілік пен дәріптеушілікті еңсеруге ынталандыруы тиіс. Біз жаңа мыңжылдықтабейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатымен рухани құндылықтар мен үнқатысу мәдениетін өрістету ісінде ынтымақтастықты күшейтуге тиіспіз. Біз діни айырмашылықтарды жеккөрушілік пен дүдараздықтың құралы ретінде пайдалануға жол бермеу және адамзатты діндер мен мәдениеттердің Жаһандық жанжалынан қорғау үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруға әзірміз, 

Біз адамзат үшін бейбітшілік пен прогрестіқамтамасыз ету жөніндегі және болашақтағы үйлесімді дүниенің негізі ретінде қоғамдарда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-қимыл күтеміз,

Біз қазақстан Республикасына және Жоғары мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осы съезге бастамашы болып өткізгені үшін алғыс айтамыз,

Біздің міндеттемелеріміз шапағатты болсын және барлық халықтарға әділдік, бейбітшілік және өркендеу сый болсын» [2, 137-138 бб.]. Сондай-ақ съезге қатысушылар жер шарында бейбітшілік пен келісімді орнықтыру ісіндегі діннің рөлі туралы сұхбаттасудың жемісті сипатын назарға ала отырып және бүкіл әлем діндері өкілдерінің арасындағы сындарлы үнқатысудың қажеттілігі туралы ортақ түсінікті білдіре отырып, Съездің атауын және тұрақты хатшылықты бекітіп, съезді кем дегенде әр үш жылсайын өткізіп тұру және келесі жиынды астанада өткізу туралы Шешім қабылдады. 

Дүниежүзілік және дәстүрлі діндердің басшыларын бір үстелдің басына жинау айғағының өзі үлкен халықаралық деңгейдегі баға жетпес прецедент болды деуге болады. Тарихқа көз жүгіртсек, өткен замандарда діни айырмашылықтарға байланысты қырғын соғыстардың болғанын теріске шығаруға болмайды. Айқыш соғыстары соның бір дәлелі. Дегенмен, сұхбат пен келісімге келудің де үлгілері болды. Христиан дінінің әлемдік тарихында ерекше бір оқиға несториандық патриарх Тимофейдің понтификаты дәуірінде (780-819 жж.) орын алды. 

Дүниежүзілік діндер съезіне ұқсас шараны XIII ғасырда Қарақорымда Шыңғыс-ханның өткізгені туралы дәл емес деректер тарихнамада кездеседі. Дегенмен, дінаралық сұхбат мәселесі соңғы жүзжылдықтарда өзекті түрде көтеріле бастады. Христиандар мен мұсылмандардың алғашқы ресми кездесуі 1970 жылы 20 желтоқсанда Ватиканда жүзеге асты. Конфессиялар арасындағы келесі бір маңызды шаралар 1972 жылдың 18 шілдесінде Ливандағы ислам-христиан кездеуінде, 1974 жылдың 9-15 қыркүйегінде Кордовадағы ислам-христиан конгресінде, 1974 жылдың 11-17 қарашасында Тунистегі христиан-ислам коллоквиумында, 1986 жылы Италияның Ассизи қаласында экумендік бата жасауға көптеген дін өкілдерінің жиналуы  діндер арасындағы сұхбатқа жол ашты. Ал Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың Бүкілдүниежүзілік съездерінің Астанада өткізілуі осы дінаралық сұхбатты одан ары дамыта түсті және бұл үдеріске әртүрлі дін өкілдері мекен ететін біздің еліміз де белсене араласты [3, 102-б.].  

Осындай халықаралық және жергілікті форумдарда дінаралық сұхбат мәселесінің көтеріліп, талқылануы қазіргі әлемде діннің өте маңызды рөл ойнайтынын, діннің ізгілік пен бейбітшілік негізінде адамдар мен қоғамды топтастыра алатынын, діннің заман талаптары мен қауіптеріне лайықты жауап бере алатынын, діннің адамгершілік мәдениетті көтеретінін, дінаралық келісімнің игілік екенін мойындауға әкеледі . 

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерінің Екінші съезі 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде болды. Екінші съезге дүниенің түкпі-түкпірінен 29 делегация қатысты, жоғары деңгейдегі діни лидерлер мен қоғамдық қайраткерлер қатысып, әлемдік масс-медианың шоғыры көп болды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Екінші съезінің тақырыптамасы «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деп аталды. Съездің қорытындылары бойынша бүгінгі әлемде діннің рөлі туралы олардың түсінігін бекіткен Декларацияда  жаһандық бейбітшілікті орнату үдерісіндегі дүниежүзілік дінбасыларының рөлін нығайтуға бағытталған үш жылдық диалог пен бірлесіп істеген жұмыс кезінде қол жеткізілген уағдаластық өз көрінісін тапты. «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Екінші съезінің Декларациясы» атты қорытынды құжатпен қатар «Дінаралық диалог қағидалары» қабылданды.

Съезге қатысушылар жер бетіндегі барлық діндердің ізгі адамдарына үндеу жариялады:

– оларды өзара жауласудан, ұрыс-керістен, жеккөрушіліктен бас тарутға және өзара құрмет, шынайылық және мәдени, діни және өркениеттік саналуандылықты тану ахуалында өмір сүруге шақырамыз;

– діндерді не бөлетініне емес, оларды не біріктіретініне назар аудара отырып, соқыр нанымды, басқа діни дәстүрлерді елемеушілік пен бүұрмалап түсіндірушілікті еңсеру үшін бірлескен күш-жігер қолдануға деген өз табандылығымызды жариялаймыз;

– барлық формадағы лаңкестікті айыптаймыз, өйткені, әділдікті қорқыныш пен адам қаны арқылы тұрғызуға болмайды, ал мұндай құралдарды дін мақсатында пайдалану ізгілік пен үнқатысуға шақыратын кез келген діннің қағидаларынан ауытқушылықты білдіреді;

– діннің агрессияшыл болмысы туралы барлық жалған ойлар мен қасаңдықтарды, сондай-ақ қандай да бір дінді лаңкесшілдікпен байланыстыру әрекетін қабылдамаймыз;

– бүкіл діндерді адамзаттың аман-саулығын, қадір-қасиеті мен бірлігін уағыздайотырып, лаңкесшілдіктің барлық себептерін жою жолында бірлесе еңбектенуге шақырамыз;

– бін діндіұстанушыларды екіншісі айналдыруға бағытталған қандай да бір қысым көрсету мен күштеу әрекеттерін өзіміздің қабылдамайтынымыз туралы мәлімдейміз;

– өзара түсіністікке, ынтымақтастық пен әлеуметтік үйлесімге қол жеткізу ісіндегі білім берудің, жастар саясаты мен ортақ мәдениетке тәрбиелеудің өзекті рөлін қуаттаймыз [2, 327-б.]. Бұл съезге қатысушылар келесі алқалы жиынды үш жылдан кейін Астанада өткізуді бірауыздан мақұлдап, Съездің бұдан былайғы қызметіне қолдау білдіруге БҰҰ Бас Ассамблеясының назарын аудару керек деп шешті.

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерінің Үшінші съезі Астана қаласында 2009 жылдың 1-2  шілдесінде болып өтті. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Үшінші съездің тақырыбы «Төзімділікке негізделген әлемді, өзара сыйластық пен ынтымақтастықты құрудағы дінбасыларының рөлі» деп аталды. Үшінші съезд алдыңғы съездердің дінаралық үнқатысуды, өзара түсіністік пен бейбіт ынтымақтастықты дамытуға қоқан үлесін мойындап, сондай-ақ хатшылықтың жұмысына ризашылық білдіре отырып, «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының ІІІ съезіне қатысушылардың үндеуі» атты қорытынды құжатты қабылдады. Діни және саяси лидерлерге, қоғам қайраткерлеріне, оқымыстыларға, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлем жұртшылығына арнап мынадай «шақыру жолданды:

1) шынайы дінаралық үнқатысуды орнату үшін діни лидерлер мен ұйымдардың күш-жігеріне тұрақты қолдау білдіруге және жәрдемдесуге, сондай-ақ адамзаттың өзекті мәселелерін, оларды шешудің лайықты жолдарын әзірлеу мақсатында қарастыруға, осы арқылы қоғамда дін атқара алатын және атқаруға тиіс оң рөлді мойындауға;

2) әрбір дін мен мәдениеттің бірегейсипатын түсінуге білім арқылы жәрдемдесуге, өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағытталған діндер мен өркениеттердің үнқатысуына қолдау білдіруге;

3) жария өзгешеліктерді құрметтеу негізінде қоғамның бірлігінсақтау үшін саяси мақсаттарда дінді немесе діни айырмашылықтарды бүлдіре пайдалануға қарсы тұруға;

4) білім саласындағы мәдени айырбастар мен ынтымақтастық арқылы әлдеқайда терең түсінуге жәрдемдесуге, ар-ождан бостандығына және оны іске асыруға құқылықты ьұрақты қорғауға;

5) жаһандық орын алып отырған экономикалық, қаржы, әлеуметтік және экономикалық проблемалардың әділ шешімдерін іздестіруде зор моральдық және рухани күш-қуат пен шынайы ынтымақтастық көрсетуге шақырамыз» [2, 435-б.]. Осылайша, съезге қатысушылар Қазақстан халқына және Оның Елбасына ризашылықтарын білдіріп, әлемнің әр адамына қауіпсіздік пен өркенділік тілеп тарасты.   

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерің IV съезі 2012 жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында өтті. Әлемнің 40-тан астам елінен 90-ға жуық делегация келді. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Төртінші съезінің басты тақырыптамасы ретінде «Бейбітшілік пен татулық адамзат таңдауы ретінде» атты тақырып белгіленді. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Төртінші съезі және оның секциялық мәжілістерінің тақырыптамасына ислам, христиандық, мультикультурализм, әйелдер мен жастар мәселесі, конфессияаралық келісім, төзімділік және дін саласындағы басқа да өзекті мәселелермен айналысатын беделді де жетекші тарихшылар, саясаттанушылар, исламтанушылар, дінтанушылар және басқа ғалымдар қызығушылық танытты.

IV съезге қатысушылар Жаратушының адам баласына бұйыртқан болмысын, оныңқадір-қасиеттері мен ажырағысыз құқықтарын мойындап, адамзаттың жарқын болашағы үшін оның бірден бір айнымас таңдауы ретіндегі бейбітшілік пен келісімге өз ұмтылыстарына адал екендіктерін білдірді. Осы жолдағы ізгі бастамасы үшін Қазақстан Республикасына  ризашылықтарын білдіре отырып, қазіргі әлеуметтік мәселелерді шешудің және жалпыға бірдей бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізудің ықпалды құралдарының бірі дін екендігін түйіндеді. 

Түрлі діндер мен рухани дәстүрлерді ұстанатын барша адамдардың атынан дінаралық диалог арқылы ілгерілейтін өзара құрметтеуді, түсіністік пен келісімді ортақ құндылықтар ретінде танитынын жеткізді. Бұлардың маңыздылығы XXI ғасырдың екінші онжылдығында адамзат қоғамдастығы сенімге, достыққа, ынтымаққа, әділеттілікке және жасампаздық қызметке деген ұмтылысты жоғалтпайды. Сондықтан әлемнің әртүрлі діндері мен мәдениеттерінің артықшылықтарын барынша толық пайдалану қажет. 

Съезге қатысушылар қоғамның имани-рухани негіздерін нығайтуды және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта түлетуді ұсынды және бұлар әлемнің тұрлаулы дамуының шарты адам болмысының мәні мен мақсатын танудың кілті деп танылды. Соған сәйкес, әйел затының отбасындағы және қоғамдағы жасампаздық рөлі ер адамдар мен ұйымдар тарапынан терең құрметтелуі, қадірленуі және қолдау табуы тиіс. 

Әлемнің болашағы жастардың қолында. Сондықтан жастардың өмірлік бағдарын қалыптастыру, олардың бойына имандылық негіздерін егу, олардың білім арқылы рухани дамуы мен өркендеуі өте маңызды. Қазіргі заман жастары өздерінің діни дәстүрлері туралы іргелі ілімдер алуға, өзінің ана тілі мен тарихын, мәдениетін терең білуге құқылы. Өз дінін терең білетін адам өзге дінге тәкаппарлық танытпайды. 

Съезге қатысушы дінбасыларды әлемнің түрлі бөліктеріндегі зорлық-зомбылыққа жол ашып жатқан толассыз соғыстар, этносаралық қақтығыстар, қылмыстың өсуі, діни төзімсіздік пен радикализмнің бой көрсетуі алаңдатады. Олар өз діни дәстүрлеріне сүйене отырып, үрейлендірудің немесе күш қолданудың кез келген түрін айыптайды және барлық мемлекеттерді бұл проблемаларды үнқатысу арқылы шешу үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға шақырады [2, 737-738 бб.]. 

Өзара құрмет пен түсіністік, жанашырлық пен кешірім, әділеттілік пен ынтымақ, бейбітшілік пен келісім қағидаттарына негізделген бұл үндеуді съезге қатысушылар бірауыздан қабылдады және әрбір адамға тыныш та шуақты ғұмыр, жақсылық пен береке тіледі. Алқалы жиынның соңында оған қатысушылар «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніне барып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етіп, ғибадат жасады.    

2015 жылдың 10-11 маусымында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезді өтті. Оған  дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларымен қатар, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Ламберто Заньер басқа да әлемдік тұрғыда беделді қайраткерлер қатысты. 

Форумның негізгі тақырыбы бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси көшбасшылардың сұхбатын бекіту болды. Пленарлық және төрт секциялық мәжілістер мынадай тақырыптарда өтті: «Діни және саяси көшбасшылар: адамзат алдындағы жауапкершілік», «Діннің жастарға ықпалы: білім, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдары», «Дін және саясат: жаңа үрдістер мен келешектер», «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік мақсатында әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері арасында өзара құрмет пен түсіністік негізіндегі диалог». Секциялық мәжілістерде дін мен саясаттың арақатынасы, діни және саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы жауапкершілігі, жастар санасының радикалдануының алдын алу сынды көкейтесті әрі маңызды мәселелер талқыланды. Съездің жұмысы экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес, діни білім мен ағартушылық деңгейін арттыру мәселелерін алдыңғы қатарға қойды.  

V Съездің ерекшелігі азаматтық қоғамның ірі институттарының бірі ретіндегі діни ұйымдардың серіктестік бастаулары ретінде мемлекетпен диалог орнату мәселесінде күш-жігерді бірлестірудің үлгісін танытумен сипатталады. Қоғамда барған сайын ықпалы арта түскен діни қауымдастықтар күрмеуі қиын мәселелерді шешуде билік органдарымен бірлесе қимылдап, ортақ ұстанымға келе бастады. Съезд жұмысындағы талқылаулар барысында қазіргі халықаралық жағдайлардағы өркениетаралық диалогтың үлгісіне қатысты концептуалды ұсыныстар айтылды, бұл диалогтың мақсаты мен міндеттері айшықталып, оның субъектілері мен деңгейлері, диалогтың аймақтың негізгі сегменттері анықталды [3].  

Форум жұмысының соңында қатысушылар қорытынды резолюция қабылдады, онда мына мәселелер түйінделген: адамзаттың болашағына деген алаңдаушылық; «дінді бұрмалап түсіндіретін» діни риториканы пайдаланушы экстремизм мен лаңкестікті кеңінен сынау, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтардың ұмытылу қаупі мен бұрмалануына орай оларды қорғау, дінаралық қарым-қатынастарды орнықтыру мақсатында мемлекет пен діни ұйымдардың диалогы және т.б. 

Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты Съезінде діндер мен өркениеттер арасындағы қақтығысқа қарсы бағытталып, діннің бейбіт сипатта болатынын және әртүрлі діндердің бейбіт қатар өмір сүре алатынын алдыға тартты. Ежелден Еуразияның ұлан-байтақ даласында әрқилы діндер мен мәдениеттердің тоғысында орналасып, дәстүрлі исламның жібінен ұстап, өзіндік мәдениет қалыптастырған қазақ халқының маңдайына осы әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын өз жеріне шақырып,мәмілеге келтірудің тарихи миссиясы жазылған сыңайлы. Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билік басына келгеннен бастап өз елінде дінаралық келісім мен сұхбаттың негізінде қоғамның тұрақтылығын басты стратегиялық саясат ретінде ұстанып қана қоймай, бұл мәселенің әрі аймақтық әрі әлемдік деңгейдегі өзектілігі мен маңыздылығын ұғына білді. Нәтижесінде дінаралық сұхбаттың қазақстандық үлгісі халықаралық сахнада мойындалып, Қазақстанның жасампаз бастамалары Астанада үш жыл сайын өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің қорытынды құжаттарында көрініс тапты.    

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Назарбаев Н. (Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінің мәтінінен.18.04.2011 ж.). 

6. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезіне қатысушылардың декларациясы / Дінтұтқа. 2003-2013 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалалар, сараптамалар, сұхбаттар. Құрастырған Әлисұлтан Құланбай. Жауапты редактор: Ғалым Шойкин. – Астана, 2013. 832 б.

3. Сатершинов Б., Затов Қ. Исламдағы дінаралық келісім мен сұхбат мәселелері / Ғасыр санасы: онтология, дін, мәдениет: ҚР тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: әл-Фараби ат. ҚазҰҮ, 2011. – 98-102 бб. 

4. Джалилов З.Г. Роль Съездов лидеров мировых и традиционных религий в укреплении межцивилизационного диалога // Қазақстанның тарихи және рухани-мәдени дамуындағы діннің рөлі: дәстүр және қазіргі заман. Ұжымдық монография. Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2016. 

Бақытжан Сатершинов

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану

институты  Дінтану орталығының директоры,

философия ғылымдарының докторы, профессор

Самет Оқан  

Исламтану мамандығы бойынша PhD доктор

Алматы қаласы

https://ult.kz/post/duniezhuzilik-zhane-dasturli-dinder-sezi-dinaralyk-sukhbattyn-kazakstandyk-ulgisi