Қаз

Жаңалықтар

Пәкістанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XIX отырысы қарсаңында "Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог" тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының алдағы XIX отырысын ақпарат алаңында кеңінен насихаттау мақсатында биылғы жылдың 26 тамызында Исламабадта ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі онлайн форматта ұйымдастырған "Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог" тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Кистафин, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл Б. Сәрсенбаев, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасынан Еуропа Кеңесінің Венециандық комиссиясының мүшесі И. Рогов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Е. Оңғаров, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Б. Нұрғалиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің оқу, әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі деканның орынбасары Ш.Қанафьева қатысты. Іс-шараға Пәкістан тарапынан Пәкістандағы Ислам идеологиясы Кеңесінің Төрағасы Кибла Аяз, Каид және Азам университетінің вице-канцлері, Пәкістан вице-канцлері комитетінің Төрағасы Мұхаммед Әли, сондай-ақ басқа да халықаралық сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылыми-сарапшылық қоғамдастық пен БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының қатысушысы, Пәкістанның Исламдық зерттеулер институтының бас директоры-Мухаммад Зия уль-Хак болды.

Іс-шараны ашқан модератор әлемде болып жатқан ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар аясында конфессияаралық диалогты нығайтудың маңызын атап өтті.

" Адамзат барлық дін өкілдері жұмыла бірлесіп, күш-жігерін біріктіргенде ғана жеңе алатын ортақ қауіп-қатерге тап болады.  Осы тұста Қазақстан ұсынып отырған бастамалар теңдессіз сипатқа ие. Қазақстан заманауи қоғам болмысын түсіне отырып, мемлекеттің ұлттық брендіне және рухани, мәдени символына айналған бірегей алаң - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі шеңберінде барлық елдермен одан әрі диалогты дамытуға ниетті екені қуантады», - деді Мұхаммед Зия уль-Хак өз сөзінде.

Конфессияаралық келісімді сақтаудағы қазақстандық тәжірибе тақырыбын өз сөзінде Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Кистафин жалғастырды. "Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан дінаралық дамудың өзіндік бірегей моделін қалыптастырып үлгірді. Барлық өркениет, діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды буыны бола отырып, Қазақстан түрлі діндер мен конфессия өкілдерін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бір алаңында біріктіре алды", - деді Е. Кистафин.

Сонымен қатар, Елші Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дінаралық және өркениетаралық диалог бағытындағы қарым-қатынастың перспективалық бағыттарына тоқталды.

"Қазақстан мен Пәкістан дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 29 жыл ішінде әлемдік проблемаларға бірлескен іргелі көзқарас қалыптастыруы конфессияаралық диалогты одан әрі тиімді дамытудағы достық ниеттің айқын көрінісі», -деді Е. Кистафин.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға, атап айтқанда, Қазақстанның Пәкістандағы дипломатиялық өкілі Ержан Кистафинге іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіре отырып, Н. Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев өзінің алғы сөзінде биылғы  жылдың 5-6 қазан күндері Нұр-сұлтан қаласында өтетін Съездің XIX Хатшылығына және ҚР Парламенті Сенатының спикері – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы М.Әшімбаевтың төрағалығымен өтетін жұмыс тобына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру туралы, Съездің стратегиялық міндеттері туралы ақпаратпен бөлісті.

"Бүгінде орталық қызметінің басым бағыттарының бірі - XIX Съез Хатшылығы қарсаңында конфессияаралық даму мәселелері бойынша сараптамалық пікір және тәжірибе алмасуға, Съез идеяларын ілгерілетуге бағытталған бірқатар халықаралық дөңгелек үстелдер өткізу болып табылады. Осындай іс-шараны ұйымдастыру әлем жұртшылығының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, халықаралық және республикалық БАҚ-тың назарын маңызды мәселелерге аударуға мүмкіндік беретініне бек сенімдімін", - деді Б.Сәрсенбаев.

Өз кезегінде, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов

бейбітшілік пен келісім орнатуда Қазақстанның басқа елдермен стратегиялық жағдайына оң баға берді және Съез Хатшылығының алдағы XIX отырысы, сондай-ақ кезекті VII Съез бұл қатынасты ныңайтып, қуатты серпін беретінін атап өтті.

Спикердің сөзін сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев қолдай отырып, бүгінде Қазақстан үшін Пәкістан халықтардың рухани бірлігі мен достығын нығайтуға бағытталған сенімді серіктес болып табылатынын жеткізді.

Қатысушылардың пікірімен Пәкістан Ислам идеологиясы Кеңесінің Төрағасы Кибла Аяз келісе отырып, конфессияаралық қарым-қатынасты қамтамасыз етуде дін көшбасшылары, хатшылық пен Съез мүшелерінің қазіргі кездегі маңызды рөлін атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан мен Пәкістан діни бірлестіктерінің өкілдері биылғы жылы Съез Хатшылығының XIX отырысы мен 2022 жылы өтетін VII Съез бүкіл қоғам үшін бейбітшілік пен келісімнің тиімді стратегиясын нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың рөлін, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың әлемдегі дінаралық келісімді қамтамасыз етудегі саясатын, конфессияаралық диалогты бағытындағы қазақсандық халықаралық бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, конфессияаралық бағыттағы бірлескен күш-жігер әрқашан нәтижелі болады деген ортақ пікірге келіп,  осы шараға дін лидерлерінің, жетекші сарапшылардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, ғылыми-сарапшылық қоғамдастық пен әлемдік, пәкістандық жетекші БАҚ өкілдерінің қатысуы («National Herald Tribune»,  «Daily Times», «Pakistan Press International», «Diplomatic Focus» және т.б.)  Съезді одан әрі насихататудың дәлелі болып табылады деген тұжырымға тоқталды.

               Естеріңізге сала кетейік, Съездің XIX хатшылығына, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің негізгі идеяларын, мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға арналған халықаралық дөңгелек үстелдер сериясы Швейцария, Чехия, Сауд Арабиясы, Армения, Венгрия, Германия, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Түркияда жоспарланып отыр.