VIII Съездің миссиясы - әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, саясаткерлер мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар арасында мазмұнды кездесулер мен тікелей диалог орнату; әлемдік діндердің бай рухани мұрасы мен ортақ тарихи тәжірибесін пайдалана отырып, пандемиядан кейінгі кезеңде және жаңа геосаяси сын-қатерлер жағдайында адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелерді шешу.
Съезд өте беделді қатысушыларды жинайды. Олардың қатарында Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Мұхаммед бен Абдулкарим әл-Иса, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл, Иерусалим мен бүкіл Палестинаның Блаженнейший Патриархы Феофил ІІІ, Израильдің Бас ашкеназ раввині Кальман Мейр Бер, Бас сефард раввині Давид Йосеф, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Мигель Анхель Моратинос және өзге де көрнекті діни әрі саяси лидерлер бар.
Съездің жұмысына БҰҰ жетекшілерінің, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдардың басшыларының қатысуы ерекше маңызға ие.
Съездің форматы мыналарды қамтиды:
1) діни көшбасшылардың түрлі форматтағы кездесулері;
2) «Діндер диалогы: болашақ үшін синергия» атты Съездің салтанатты ашылуы мен жабылуындағы пленарлық отырыстар;
3) төрт секциялық отырыс;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің делегациялар басшыларымен және Съездің беделді қатысушыларымен екіжақты кездесулері;
5) БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғауға арналған арнайы сессиясы;
6) «Жастар бейбіт қатар өмір сүру үшін: болашақ үшін синергия» тақырыбындағы жас діни көшбасшылардың ІІ форумы;
7) сараптамалық дөңгелек үстел.
VIII Съездің секциялық отырыстары мына тақырыптарға арналады:
Секция №1: «ХХІ ғасырда адамзатты біріктірудегі діндердің рөлі»
Секция №2: «Діндер - бейбітшіліктің тұрақты дамуының факторы»
Секция №3: «Цифрлық шындық пен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар»
Секция №4: «Экстремизмге қарсы иман: діндердің бейбітшілік орнатудағы әлеуеті»
Пленарлық отырыс барысында Съездтің бірқатар қатысушылары Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен, «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіндегі дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін» Астана халықаралық сыйлығымен, сондай-ақ Съездің құрметті медальдарымен марапатталады.
БҰҰ Өркениеттер альянсының қамқорлығымен өтетін діни нысандарды қорғауға арналған арнайы сессия
Алғаш рет Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алаңында Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми іс-шарасы - БҰҰ Өркениеттер альянсының (UNAOC) діни нысандарды қорғауға арналған арнайы сессиясы өтеді. Бұл БҰҰ Бас хатшысының 2005 жылы іске қосқан жаһандық бастамасы мәдениеттер, діндер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған. БҰҰ Өркениеттер альянсы дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуда, экстремизмнің алдын алуда және діни кемсітушілікке қарсы іс-қимылда маңызды рөл атқарады.
Сессияның жаңа форматта өткізілуі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындайды және тұтастай алғанда, Съездің мәртебесін әлемдік қауымдастықты ортақ мәселелер төңірегінде топтастыратын бірегей алаң ретінде арттыра түседі.
Альянстың басым бағыттарының бірі - діни нысандарды қорғау жөніндегі БҰҰ іс-қимыл жоспары. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі және исламофобиямен күрес жөніндегі БҰҰ-ның арнайы өкілі Мигель Анхель Моратиностың басшылығымен әзірленді. Құжат сенушілер мен қасиетті орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тетіктерді нығайту, өзара құрмет пен ынтымақ құндылықтарын ілгерілету бойынша нақты қадамдарды қамтиды.
Қазақстанның осындай маңызды халықаралық іс-шараны өткізу орны ретінде таңдалуы-символдық әрі заңды қадам. Ел өзін 100-ден астам этнос пен 18 діни конфессия өкілдері бейбіт қатар өмір сүретін, дінаралық және этносаралық диалогтың бірегей алаңы ретінде танытты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бейбітшілік пен өзара құрмет мәдениетін ілгерілетудің үлгісі ретінде танылды.
Қазақстан үшін UNAOC сессиясын өткізу - абыройлы миссия ғана емес, сонымен қатар елдің жаһандық тұрақтылықты нығайтудағы сенімді серіктес ретіндегі жоғары халықаралық беделін тағы да дәлелдейтін маңызды қадам. Бұл оқиға Қазақстанның бейбітшілік, толеранттылық және өркениетаралық диалог идеяларын алға жылжытудағы жетекші рөлін айқындайды.
Бұл сессияның басты үндеуі Өркениеттер альянсының негізгі идеясына үндес: тұрақты бейбітшілікке апарар жол - мәдени және діни әралуандылықты үйлесімді құрметтеу мен қатар өмір сүруде жатыр.
ЖАС ДІНИ ЛИДЕРЛЕРДІҢ II ФОРУМЫ
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің (Астана, 2022) бастамасымен дінаралық диалогтың сабақтастығын сақтау және жас буынды тарту мақсатында ұйымдастырылды.
Мақсаты: жас діни көшбасшылардың халықаралық диалог алаңын құру, тәжірибе алмасу және рухани құндылықтарға негізделген өзекті мәселелерді бірлесіп шешу.
Форум мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы серіктестікті нығайтуға, әртүрлі конфессиялар жастарының, халықаралық ұйымдар өкілдері мен ғалымдардың қатысуына ықпал етеді.
Форум Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген «Съезді дамытудың 2023–2033 жылдарға арналған тұжырымдамасына» енгізілген.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша жастардың бейбітшілікке, толеранттылыққа және өзара түсіністікке бағытталған бірлескен үндеуі қабылданады.
VIII Съезд аясында (2025 жылғы 17–18 қыркүйек) «Жастардың бейбіт қатар өмір сүруі: болашақ үшін синергия» тақырыбындағы Жас діни көшбасшылардың II форумы өткізіледі.
«Бүгінгі мәдениетаралық және дінаралық диалог» тақырыбындағы сараптамалық дөңгелек үстел
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында «Бүгінгі мәдениетаралық және дінаралық диалог» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел өтеді. Іс-шара Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылып, жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы діни дипломатияны ғылыми-сараптамалық тұрғыдан зерделеуге арналады.Қазіргі әлем қақтығыстар мен көші-қоннан бастап, климаттың өзгеруі және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына дейінгі күрделі сын-қатерлерге тап болып отыр. Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың, ғалымдар мен сарапшылардың күш-жігерін біріктіріп, жаһандық өзекті мәселелерді шешуге келісілген тәсілдерді іздестіру қажеттілігі айқын байқалады.
Іс-шараның мақсаты - ғылыми тәсілді діни диалогқа ықпалдастыру әлеуетін талқылау, сондай-ақ діни ұйымдар, академиялық қауымдастық және сараптамалық құрылымдар арасындағы әріптестікті дамыту.
Дөңгелек үстелге халықаралық қатынастар, цифрлық этика, үйлесімді даму, діни дипломатия және гуманитарлық ынтымақтастық сияқты салаларда жұмыс істейтін әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысады. Талқылау барысында пәнаралық зерттеулер, аналитикалық тәсілдер және дінаралық әрі мәдениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар дайындалады.
Талқылаудың негізгі мақсаты – ғылыми және діни білімді біріктіріп, қоғамға қызмет ету мен жаһандық өзара түсіністікті нығайту үшін ұзақ мерзімді платформа құру жөнінде ұсыныстар енгізу. Дамытудың ықтимал бағыттарының бірі - Oxford, Harvard, Yale, Georgetown, LSE, Tufts, Groningen, Bar-Ilan университеттеріндегі дінаралық орталықтармен, сондай-ақ діни дипломатия саласында маманданған жекелеген зерттеушілермен ынтымақтастық орнату.
Бұл дөңгелек үстел Съездің жаңа мазмұндық бағытын қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады. Ол диалогтың көкжиегін ғылыми негізделген әрі практикалық тұрғыдан қолдануға болатын шешімдер арқылы кеңейтуге бағытталған.
АСТАНАДА БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ САЯБАҒЫНЫҢ АШЫЛУЫ
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі қазақстандықтар үшін тағы бір маңызды оқиғамен есте қалады -Бейбітшілік пен келісім саябағының салтанатты ашылуымен. Саябақ Қазақстандағы әртүрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы достық пен бірлікті бейнелей отырып, Есіл өзенінің бойында орналасқан.
Жобаның басты идеясы - «Өмір ағашы» монументі. Экспозицияның орталығында күмбез орналасқан. Оның ішінде емен ағашы отырғызылып, айналасында спираль мен жұмсақ ырғақты су айдыны – фонтанмен көмкерілген.
Саябақтың жүрегіне айналған «Өмір ағашы» - монумент әрі тірі инсталляция. Оның күмбезі - барлық елдер мен халықтарды біріктіретін көктегі шатыр іспетті. Төрт тарапқа - Шығысқа, Батысқа, Оңтүстікке және Солтүстікке бағытталған төрт қақпа теңдік пен ашықтықты білдіреді. Ал ортасында өсіп тұрған емен - тамыры арқылы өткенді, діңі арқылы бүгінді, ал жапырақ жайған бұтағы арқылы болашақты байланыстыратын берік әрі мызғымас тірек.
Күмбездің төрт қабырғасы өзіндік мән-мағынаға ие.
Бірінші қабырға - «Қазақстан - көпқырлылықтың қақпасы». Ол храм қақпасына ұқсатып жасалған. Инженерлік элементтер ғарыштық механиканың заңдарын еске түсірсе, өсімдік өрнектері көне «өмір ағашын» меңзейді. Бұл қабырға арқылы әр адам игі ниетпен, ортақ мақсатқа ұмтылуға дайын күйде кіре алады. Қазақстан - Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері мәдениеттер мен діндер тоғысқан жер ретінде бейнеленген.
Екінші қабырға - «Қазақстан - бейбітшілік пен өркендеудің орталығы». Композицияның түйінінде үлкен стильденген рубин орналасқан. Ол күн мен өмірді бейнелейді. Одан күн сәулесіндей тарам-тарам жарық тарап, айналаны нұрға бөлейді. Қолында бұтақ ұстаған ақ құс бұлт арасынан самғап, халықтар мен діндер арасындағы шынайы үміт пен бейбітшіліктің нышанын жеткізеді.
Үшінші қабырға - «Ұлы жаратылыс». Ол мандала іспетті, әлемнің алғашқы материядан жаратылу шежіресін бейнелейді. Мұнда өсімдік әлемінің ырғағын белгілейтін аспан денелері мен үйлесімге келген элементтер көрініс тапқан. Алтын сәуле мен гауһар тастардың қырлары: «ғарыштың тереңдігі - адамзатқа ашық, егер біз түсіністік пен құрмет жолымен бірге жүрсек» деген ойды жеткізеді.
Төртінші қабырға - «Діндердің үндестігі». Қазақстандағы негізгі конфессиялардың ғибадатханалары бір өрнекке тоғыстырылған. Әр түрлі дәннен шыққан өскіндер жарыққа ұмтылғандай, түрлі сенімдер де ортақ бір қайнарға бағытталған. Құндылықтары әртүрлі болғанымен, мақсат бір – бейбітшілік.
Су - бұл кеңістіктің маңызды элементі. «Өмір ағашының» жанындағы «Су айдыны» фонтаны мәңгілік тіршілік көзін білдіреді. Су тамшылары төменге құлап, әуезді әуен сынды ағын құрап, еменнің өсуін қолдайды, жер мен көктің арасындағы байланысты күшейтеді. Су - тазару, жаңару және үміттің тірі нышаны. Ол спираль бойымен ағып, барлық элементтерді - фонтанды, күмбезді, қабырғаларды біріктіреді. Ал «Жұлдызды аспан» туннелі түнде жымыңдаған жұлдыздарға ұқсас жарықпен көмкеріліп, өзен мен ғарыш та бейбітшілік тілінде сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады.
Бұл жердің күші - сенім сақшылары саналатын миллиондардың құрметіне бөленген тұлғалардың осында келіп, ағаш отырғызуында. Олардың ізі бұл жерді қасиетті етті. Саябаққа отбасылар мен балалар, студенттер, ақындар мен музыканттар келеді. Әрбір келуші жүрегінің бір бөлшегін қалдырып, шабытпен оралады.
Бейбітшілік пен келісім саябағы - шекаралар жоғалатын, адам өзгені де, өзін де еститін қасиетті кеңістік. Бұл - жүректен шыққан ізгі тілектер орындалатын жер.
Айта кетейік, жаңа Бейбітшілік пен келісім саябағының іргетасы 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі барысында қаланды. Сол кезде ағаш отырғызғандардың қатарында Рим Папасы Франциск, әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және өзге де беделді тұлғалар болды.
КӨРМЕЛЕР
VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қарсаңында Астанада екі ірі халықаралық рухани-мәдени көрме ашылды - «Турин плащаницасы» және «Қасиетті кітаптар». Экспозициялар Бейбітшілік пен келісім сарайында орналастырылып, 2025 жылғы 25 қыркүйекке дейін келушілерге қолжетімді болады.
Көрмелердің мақсаты - дінаралық өзара түсіністікті нығайту және адамзаттың рухани мұрасының байлығын көрсету. Мұнда ұсынылған жәдігерлер - рухани әрі мәдени дамудың сан ғасырлық тарихының айғағы. Осындай құндылықтарды сақтау мен зерделеу болашақты өзара құрмет, бірлік пен диалог негізінде қалыптастыруға сеп болады.
«Қасиетті кітаптар» көрмесі келушілерді 50 бірегей жәдігермен таныстырады. Олардың ішінде - VII ғасырдағы Құран, хан Кенесарыға тиесілі Құран нұсқасы, Тәурат, Талмуд, Ескі өсиет пен XIX ғасырдағы Інжілдің факсимильді көшірмелері, сондай-ақ будда жазбалары, шағын кітаптар мен сирек қолжазбалар бар. Әрбір жәдігер – адамзаттың рухани ізденіс жолының куәсі әрі әлемдік мәдениеттің алтын қорына енген асыл қазына.
Шетелдік қонақтар да көрмелердің маңыздылығын атап өтті. Қазақстандағы Апостол нунцийі Георг Панамтхундил Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, еліміздің дінаралық диалогты дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Архиепископ Томаш Бернард Пэта мұндай бастамалар халықтың рухани бірлігін күшейтетінін жеткізді.
18 қыркүйекте қонақтарға «Болашақ синергияда» атты интерактивті көрме ұсынылады. Мұнда діни саладағы заманауи цифрлық шешімдер таныстырылады: мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар, қасиетті мәтіндердің электронды нұсқалары, дұғалықтар, Құранды оқу және тыңдау қосымшалары, намаз- компас, дұға мен медитациялар, буддистік сутралар. Бұл жобаларды Қазақстан, Қытай және өзге елдердің әзірлеушілері дайындаған. Олар кең аудиторияға арналып, миллиондаған қолданушыларға қолжетімді болады.
Сол күні VIII Съезд құрметіне арналған қазақтың қолданбалы өнері көрмесі де өтеді. Оның мақсаты - қазақ халқының мәдени құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ шетелдік көрерменді еліміздің төл тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру.
Көрмелер діндер арасындағы өзара түсіністікке ықпал етіп, адамзаттың рухани мұрасының байлығын паш етеді. Бұл жәдігерлер - көпғасырлық рухани әрі мәдени дамудың куәсі. Оларды сақтау мен насихаттау - болашаққа жол ашатын, бірлік пен өзара құрметке негізделген игі қадам.