Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасын Қазақстан көтерді. Алғашқы съезд 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өтті. Бұл форумды өткізу идеясы 2003 жылғы 13 ақпанда өткен Бейбітшілік пен келісім жөніндегі халықаралық конференцияда айтылды.
Съездің мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндердің ортақ құндылықтарын табу және сындарлы диалог үшін тұрақты халықаралық алаң қалыптастыру.
Негізгі міндеттері:
- бейбітшілік пен толеранттылықты нығайту;
- діни алауыздыққа негізделген қақтығыстардың алдын алу;
- экстремизмге, өшпенділікке және «өркениеттер қақтығысы» тұжырымдамасына қарсы тұру;
- БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату;
- жастардың, БАҚ пен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен диалог аясын кеңейту.
2003 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанда жеті Съезд өтті. Олар сындарлы диалог жүргізудің маңызды халықаралық алаңына айналды. Форум жұмысына ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқа да діндер өкілдері, сондай-ақ мемлекет және халықаралық ұйым басшылары қатысты.
Шамамен 20 жыл ішінде Съездің мазмұны тереңдеп, қатысушылар географиясы кеңейді. Егер 2003 жылғы І Съезге 13 елден 17 делегация қатысса, 2025 жылғы VIII Съезге 60 елден 100 делегация қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм лидерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бар.
Съездердің тарихы
- I Съезд әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қатысуымен 2003 жылғы қыркүйекте Астанада өтті. Оған ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм және өзге де конфессиялардың өкілдері қатысты. Барлығы 13 елден 17 діни ұйымның өкілдері бас қосты.
Форум қорытындысы Декларацияда көрініс тапты. Онда әрбір діннің басты мақсаты – әділдік, ақиқат, адамгершілік пен төзімділік сияқты асыл әрі мәңгілік құндылықтарды дәріптеу екені атап өтілді. Экстремизм, терроризм және дін атын жамылып жасалған өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері шынайы сенімге қатысы жоқ құбылыстар ретінде айыпталды.
- II Съезд 2006 жылғы қыркүйекте Астанада арнайы осы мақсатта салынған Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Жиынға 20 елден 43 делегация қатысты.
Съезд тақырыбы – «Дін, қоғам және жаһандық қауіпсіздік». Қатысушылар діндарлық еркіндігі, өзге дін өкілдеріне құрмет көрсету және халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы діни көшбасшылардың рөлі туралы мәселелерді талқылады. Форум қорытындысы – «Дінаралық диалог қағидаттары» қабылданды. Бұл құжат Съездің әрі қарайғы жұмысының негізін қалап, әлемдік діни көшбасшылардың жаһандық ынтымақтастығын дамытуға жол ашты.
- III Съезд 2009 жылғы шілдеде өтті. Оған 35 елден 77 делегация қатысты. Тақырыбы – «Толеранттылық, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген бейбітшілікті орнатудағы діни лидерлердің рөлі». Форумда дінаралық келісімді жетілдіру, өзара құрметті нығайту және діни негіздегі қақтығыстардың алдын алу мәселелері қаралды.
- IV Съезд 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. Тақырыбы – «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы».
40 елден келген 86 делегация секциялық отырыстарда бірқатар өзекті тақырыпты талқылады. Олардың қатарында: «Тұрақты даму жолындағы діни лидерлердің рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен заманауи сын-қатерлер», «Дін және жастар» мәселелері бар.
Қорытындысында дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірлескен декларация қабылданды.
- V Съезд 2015 жылғы маусымда өтті. Оған 42 елден 80 делегация қатысты. Қатысушылар қатарында бірқатар мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері болды. Олардың ішінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания Королі Абдалла II, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер, ИЫҰ Бас хатшысы Ияд Мадани, БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абд әл-Азиз Ан-Насер және басқа да беделді тұлғалар бар.
- VI Съезд 2018 жылғы қазанда өтті. Форум тақырыбы – «Қауіпсіз әлем үшін діни көшбасшылар». 43 елден 82 делегация қатысып, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыру, жаһандық қауіпсіздік, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда діни көшбасшылар әлемдік қауымдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөнінде үндеуге шақырды.
- VII Съезд 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Қазақстан астанасында өтті. Тақырыбы – «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі». Оған 50 елден 100 делегация қатысты. Форумға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизмнің беделді өкілдері жиналды. Олардың қатарында Рим Папасы Франциск пен әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб бар.