Қаз

Баяндамалары

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың І Съездің ашылуындасөйлеген сөзі

Бөлісу

Құрметті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері мен өкілдері!

Бүгін ежелгі қазақ жері зор мәртебеге ие болды – ол әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің лидерлері мен жоғары өкілдерін жер шарының түкпір-түкпірінен өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуға шақырып отыр.

Сіздерді Қазақстан жерінде құттықтай отырып, мен сіздердің бірге бас қосып, жиналуға біздің шақыруымызға ден қойғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Мен жоғары мұсылман тұлғалары: Әл-Азһар Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммед Саид Тантауиге, Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин Ат-Түркиге және басқа да елдердің өзге де мұсылман ұйымдарының өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Біз сіздердің Съезге қатысуларыңызды жоғары бағалаймыз.

Мен киелі Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-ге Съезді ұйымдастыру кезінде көрсеткен жоғары ықыласы мен қолдауы үшін терең ризашылығымды білдіремін.

Мен Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы киелі Алексий ІІ-ге біздің Съезімізді қолдағаны үшін алғысымды білдіремін.

Иудаизм лидерлеріне, ең алдымен Йона Мецгерге, олардың Съезге жоғары деңгейде қатысып отырғаны үшін алғысымды айтқым келеді.

Сол сияқты Қазақстанға әлемнің түрлі өңірлерінен келген әр түрлі христиандық конфессиялардың өкілдеріне де ризашылығымды білдіремін.

Біз Сіздердің араларыңыздан Шығыстың аса ежелгі дәндері мен өркениеттерінің – буддизмнің, индуизмнің, даосизмнің және синтоизмнің жетекшілері мен өкілдерін көргенімізге аса қуаныштымыз.

Сіздердің аттарыңыздан Съездің құрметті қонақтары Жапонияның экс-Премьер-Министрі Цутом Хатты, ресми өкілдерді: БҰҰ Бас хатшысынан В. Сотировты, Сауд Арабиясының Корольдігінен – Әділет министрі, доктор Абдаллах Әл Аш-Шейхты, Египет Президентінен – Египет Республикасының Вакуф және ислам істері жөніндегі министрі Махмуд Хамди Закзукты, сондай-ақ Италияның Ассизи қаласынан келген, Бас министр Томас Геремек және рухани тәлімгер Лафранко Серрини басқарған делегацияны қош келіпсіздер деп құттықтаймын.

Мен сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер съезін өткізу идеясына бейжай қарамаған әрі бізді өз кеңестерімен жігерлендіріп отырған ізгі ниетті барлық адамдарға алғыс сөзімді арнаймын.

Сіздерге қолдауларыңыз үшін, жер бетінде бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау ісіне қолдан келгенінше қосқан үлестеріңіз үшін, біздің баршамызды біріктіретін және бүгін бәріміз осында Астанада жиналып отырған ортақ ізгі мұрат үшін рахмет.