Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы және «Абай» телеарнасы серіктестік болашағын талқылады

Бөлісу

Бүгін, 16 сәуір күні, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев және «Абай» телеарнасының директоры Азамат Кенесұлы жұмыс кездесу аясында серіктестік қарым-қатынастарының болашағын талқылады.

Кездесу барысында Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың мәдениеттер мен өркениеттердің рухани бірігуі мәселелері бойынша халықаралық бастамаларын жылжытуда Орталықтың мақсаттары мен алдағы жоспарларына тереңірек тоқталды.

Бейбітшілік пен келісімнің тиімді стратегиясын дамытудағы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың салмақты рөлін айрықша баса айта, Болат Сәрсенбаев халықаралық алаңдағы діндер мен өркениеттердің жаһандық орталығы ретінде Қазақстанның имиджін күшейтудегі Орталық міндеттеріне ерекше назар аударды.

Сұхбатты жалғастыра, Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы «Абай» телеарнасының директорымен Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы – Съезд Хатшылығының жетекшісі М. Әшімбаевтың, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің жетекшілігімен өткізілетін XIX Съезд Хатшылығының отырысына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығы қарсаңындағы халықаралық іс-шараларға Орталықтың дайындық жоспарларымен бөлісті.

Сонымен бірге, Болат Сәрсенбаев Қазақстанның бірінші мәдени телеарнасы «Абай» қазақстандық конфессияаралық келісім моделінің жетістіктерін жылжыту және насихаттауға мүмкіндік тудырып, сол арқылы әлем бойынша жаһандық дінаралық диалог алаңының танымалдылығын жоғарылататындығына сенім білдірді.

Өз тарапынан, еліміздің ең «жас» телеарнасының директоры Азамат Кенесұлы Н. Назарбаев орталығымен жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс туралы хабардар екендігін білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін және Орталықтың басқа да халықаралық іс-шараларын кең ақпараттық сүйемелдеуге, сонымен қатар, ортақ ақпараттық-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға, оның ішінде конфессияаралық бірлік пен келісімге бағытталған телебағдарламалар циклын даярлау және трансляциялауға дайындығын ерекшеледі.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Н. Назарбаев орталығы Съезд идеяларын насихаттау және серіктестік қарым-қатынастарын орнату мақсатында еліміздің жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, ірі бұқара ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулерді ұйымдастыруда.