Қаз

Жаңалықтар

Мұсылман ақсақалдар кеңесі медиация курсын өткізді

Бөлісу

Ағымдағы жылдың 5-18 желтоқсан аралығында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының серіктесі болып табылатын Мұсылман ақсақалдар кеңесінің мұрындық болуымен медиация және дауларды шешу саласында жас көшбасшыларды дайындауға бағытталған онлайн курс тренинг өтті. Аталмыш 2 апталық курсқа Орталықтың Бас кеңесшісі Жалғас Асхатұлы қатысты.

Сонымен қатар курсқа бейбітшілік пен татулықты нығайтуға бағытталған салада қызмет ететін Мысыр, Ирак, Марокко, Нигерия, Судан, Алжир, Сирия, Ирак, Қатар, Палестина секілді 16 елден 40 жас мамандар қатысты. Курстың басты мақсаты медиация мен бейбітшілікті нығайту саласында жас мамандарды қалыптастырып, түрлі дауларды бейбіт жолмен шешуге ықпал ету үшін білікті кадрлар даярлауға бағытталған.

Бұл курстың нәтижесінде Мұсылман ақсақалдар кеңесі қатысушылардан құрылған «Бейбітшілік академиясын» іске қосты. Академия толеранттылық, бейбітшілік пен татулықта қатар өмір сүру құндылықтарын кейінгі буынға, ұрпақтарға, ғалымдар мен көшбасшылар арасында таратуға ықпал етеді деп күтілуде. Бұл туралы Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Сұлтан Файсал әл-Румейси: «Біз бейбітшілікті орнатуға ниетті жас ақыл-ойлар иелерін біріктіріп, оларды шабыттандыруға бағытталған – «Бейбітшілік академиясын» құрдық. Мұндай заман талабына айналған бастама Мұсылман ақсақалдар кеңесінің әр түрлі ортадан шыққан адамдарды болашақ ұрпақ үшін, бейбіт әлем үшін жақындастыруға бағытталған стратегиялық мақсаты саналады. Осындай биік мақсаттарды жүзеге асыру үшін қазіргі Covid-19 пандемиясының салдарынан Академияның алғашқы кезеңін онлайн режимінде өткіздік. Алдағы уақытта бұл курстың жұмысын жалғастырып, жас мамандардың басын біріктіріп, оффлайн форматта ұйымдастыратын боламыз», - деді.