Қаз

Жаңалықтар

Халықаралық жетекші сараптама орталықтарының (think tanks) өкілдері жаһандану, дін және қазіргі әлемдегі диалог мәселелерін талқылады

Бөлісу

Бүгін, 2020 жылдың 10 желтоқсанында, Нұр-Сұлтанда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қатысуымен, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы алаңында, ең беделді ғалымдар, танымал халықаралық сараптама орталықтарының (think tanks) сарапшылары жаһандану, дін, диалогтың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікірталас өткізді.

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы – Ержан Нүкежанов, Ұлыбритания, Ватикан, Бразилия, Пәкістан, Ресейден әлемдегі жетекші ақыл-ой орталықтарының өкілдері баяндама жасап қатысты. Атап айтқанда, Дінаралық диалог бойынша Папалық Кеңестің Ислам істері бюросының басшысы, монсеньор (Ватикан) - Халед Акаше, Исламабад Халықаралық Ислам Университетінің Исламды зерттеу институтының Бас директоры (Пәкістан) - Мохаммед Зия Уль-Хак, «Woolf Institute» Атқарушы директоры (Ұлыбритания) - Эстер-Мириам Вагнер, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының өзге де мүшелері, Орталықтың серіктестері қатысты.

Конференция барысында қазіргі жаһандану үдерістері, қоғамдардың қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі мәдениетаралық және дінаралық диалог мәселелері талқыланды. Мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы іргелі, қолданбалы ғылыми жобаларды дамытудағы діни және ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың рөлінің өсуі қарастырылады.

Сарапшылар соңғы онжылдықтардағы халықаралық зерттеулерге салыстырмалы талдау жүргізіп, қазіргі қоғамдар арасында діндер арасындағы диалогты нығайту, діндер арасындағы диалог пен өзара түсіністікті ілгерілетуде елдер арасындағы мәдени, ғылыми байланыстарды біріктіру қажеттілігі мен дайындығын түсінудің оң динамикасын көрсетті.

Халықаралық сарапшылар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы, түрлі конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құрудағы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында әлемдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айрықша рөлі мен көрнекті үлесіне ерекше назарды аударды.

Конференцияға қатысушылар бірауыздан Қазақстан халқын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы жаһандық диалогты дамытудағы халықаралық бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның мәдениет, діндер мен өркениеттер арасындағы диалог тарихы ғасырлардан басталады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алты съезі осы елде өтіп, диалог алаңына айналған мекен болып қалыптасуы заңдылық. Бүгінгі таңда конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету - Қазақстанның жалпы стратегиясының маңызды бөлігі», - деді Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығының халықаралық бөлімінің бастығы Олима Гулямова.

Адамзат әрқашан диалогқа мұқтаж. «Адамдар арасындағы қарым-қатынаста қиындықтар жиі кездеседі. Сондықтан діндердің заманауи өркениетке ілесуі, онымен өзара әрекеттесуі, дін лидерлерінің жаңа тұжырымдамаларға ашық болуы өте маңызды», - деді әл-Азхар исламтану академиясының бас хатшысы Назир Мұхаммед Мұхаммед әл-Назир Аяд.

Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері В.Немчиновтың айтуынша, бүкіл әлем пандемия зардаптарына қарамастан, елдер діндер, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға көмектесіп, рухани құндылықтарды насихаттауға үлес қосуы керек. «Пандемия бізге ұлттық шекара адамдардың қозғалысына кедергі бола алатындығын көрсетті, бірақ мәдениеттер арасындағы ынтымақтастық үшін шекара жоқ» деп атап өтті В.Немчинов.

«UniaoPlanetaria» коммерциялық емес ұйымының президенті Эдуардо Уивер өз сөзінде жаһандану жағдайында діни әлемнің табысты дамуының негізгі принциптерін айтып, Қазақстанның түрлі мәдениеттер мен діндерді біріктіріп, үлкен істер атқарып жатқандығын атап өтті.

Бүгінгі таңда діни сенім ынтымақтастықтың маңызды көздерінің бірі және азаматтық қоғамдағы әлеуметтік әрекеттің ең үлкен қозғаушысы болып табылады. «Қазақстан осы саладағы жаңа көшбасшы, әртүрлі діндер мен мәдениеттер тоғысатын орталыққа, бір-бірін түсінуге және құрмет көрсетуге баулитын мекен болуға бетбұрыс жасады. Жаһандану үдерістері бізге диалог орнатуға, мәдениеттер мен діндер арасында көпір құруға, өзара түсіністік пен достықтың негізі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін», - деді «Woolf Institute» институтының атқарушы директоры Эстер-Мириам Вагнер.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, орыс-араб ғылыми-зерттеу орталығының диалог және қақтығыстарды шешу бөлімінің бастығы Халид Абу Хасан «Толеранттылық - бұл әлемнің конституциясы. Бізге тепе-теңдік керек, бізге басқа адамдарға деген сенімімізді нығайтып, түсіну және жүзеге асыру үшін жаһандану мен білім қажет», - деді.

Шетелдік және қазақстандық сарапшылардың сөздерін қорытындылай келе, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы - Алтай Әбибуллаев жаһандық турбуленттік жағдайында әлемде жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің пайда болуы - қазіргі заманғы дінаралық және конфессияаралық қатынастар терең қайта бағалану мен трансформациядан өтіп жатқанын баса айтты. Осы тұрғыда діндер мен өркениетаралық даму мәселелерін жан-жақты зерттеуге мамандандырылған ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың, ұлттық және халықаралық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының рөлі артып келетінін жеткізді.

«Дінаралық диалог пен өркениеттер серіктестігі тек ұрандар болмауы керек. Біз ұлттық және жаһандық деңгейде шешім қабылдауда түрлі мүдделерді үйлестірудің барлық тәсілдерін, адамдардың моральдық сезімін, өмір салтын, ұлттық және діни дәстүрлерін құрметтеумен біріктіретін әлемдік тәртіпті құруымыз керек. Жаһандану дәуірі көрсетіп отырғандай, диалог және толеранттылық мәдениеті қазіргі әлемнің басты құндылық бағдары болады », - деді Алтай Әбибуллаев.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қорытындылары бойынша қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерттеу, дінаралық проблемаларды шешуде өзара іс-қимылдың тұрақты тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің отырыстары және оның институттары шеңберіндегі ынтымақтастық бойынша тиісті практикалық ұсыныстар әзірледі.