Қаз

Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Папалық Кеңесі (Ватикан) өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Бөлісу

Рухани дипломатияның халықаралық бастамаларын насихаттау, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеялары мен шешімдерін кеңінен насихаттау, Қазақстан мен Ватикан арасындағы байланыстар мен сенімнің тереңдеуіне, сондай-ақ одан әрі сындарлы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету мақсатында 15 қазанда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы Басқармасының Төрағасы  –  Алтай Әбибуллаев пен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Папалық Кеңесінің Президенті (Ватикан) – Кардинал Miguel Ángel Ayuso Guixot (онлайн режимінде) алғаш рет өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Рим Папасы Иоанн Павел II мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің әртүрлі діндердің, мәдениеттер мен тілдердің өкілдері болуымызға қарамастан, бауырларымыз бен қарындастарымызды біртұтас адамзатқа біріктіретін мықты диалог құрды. Сондықтан, мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығын ойдағыдай басқарған Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға да құрметімді білдіргім келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев діндер мен мәдениетаралық диалогты ілгерілету бойынша үлкен жұмыс жасады», – деді Кардинал Miguel Ángel Ayuso Guixot.

Меморандум тараптардың «Бейбітшілік пен бірлесіп өмір сүру мақсатындағы адамзаттық бауырластық туралы құжатты» қолдауын, сондай-ақ мәдениеттер, этностар мен діндердің өзара түсіністігі мен келісімі бойынша жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру үшін «Диалог жөніндегі бірлескен комитет» құруды, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бастамаларын, бітімгершілік принциптері, теңдік және төзімділікті өзара қолдау мен ілгерілетуді мақсат етеді.

 

Анықтама үшін: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру идеясын алғашқылардың бірі болып католик шіркеуінің өкілдері қолдаған болатын.

2001 жылдың 22-25 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Қазақстанға тарихи сапары өтті, бұл елдегі және тұтастай алғанда әлемдік қоғамдастықта діндер мен конфессияаралық қатынастарды дамытуда үлкен қоғамдық-саяси резонанс тудырды.

Дінаралық диалог жөніндегі Папалық Кеңес – католиктер мен басқа діндерді ұстанушылар арасындағы өзара түсіністік, сыйластық пен ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған конфессияаралық диалогты насихаттау жөніндегі Рим-католик шіркеуінің орталық мекемесі.